Құжаты жоқтар қайда барады?

Қарағанды облысының Ақтоғай селосында мемлекеттік бағдарламамен салынған 8 үйдің құжаты жоқ. Соның салдарынан тұрғындар осыдан он жыл бұрын қоныстанған баспаналарын әлі күнге заңдастыра алмай келеді. Ол аздай, құжатсыз берілген үйлердің қазір қабырғалары жарылып, едені шіріп жатыр. Жауапты мекемелерден көмек сұрап шаршаған жұрт шарасыз күй кешуде.

Сана би көшесінде орналасқан сегіз үйге 2012 жылы болашағы жоқ шалғай ауылдардың тұрғындары көшірілген. Содан бері он жыл өтті, үйдің құжаты әлі берілмеген. Әуелде 5 жыл бойы жалдау құнын үзбей төлесе, кейін баспана меншікке беріледі деген келісім болған екен. Бірақ, қағазға қатталып, мөр басылған келісім емес, ауызша уәде. Халық соған сенген.

— Егер жалдау ақысын ай сайын төлеп, ешқандай қарыз болмаса бес жылдан кейін үй құжатын береміз деп еді. Уәделерінде тұрмады. Өзі құжатты алғанға дейін үй құлап қала ма деп алаңдаймыз. Саздауыт жерге салынған үйдің қабырғалары сөгіліп жатыр, — дейді Ақтоғай селосының тұрғыны Меруерт Қауымбекова.

Сондықтан олар құжатсыз үйді жөндеуге де құлықсыз. Құйған қаржымыз желге ұша ма деп қауіптенеді. Ал аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаевтың айтуынша, жауапсыз мамандар үй құжаттарының біразын жоғалтып жіберген. 2015 жылы жаппай электронды форматқа көшкен кезде бұл баспаналардың біраз құжаты болмай шығады. Тексере келе құрылыс бөлімі мамандарының тұрғынүй коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырмағаны анықталады. Оның үстіне екі пәтерлі үйге бір жер актісі, бір техникалық құжат берілген. Ал қазір талап басқа.

— Бізге ең қиын болып тұрғаны қабылдау актілері жоқ. Ал ол құжатсыз үйді халыққа қызмет көрсету орталығына және әділет басқармасына тіркей алмаймыз. Сондықтан сотқа жүгіндік. Тұрғындарды, үйді салған мердігерлерді және жауапты мекеме мамандарын қатыстыра отырып, қабылдау актілерін қайтадан қалпына келтірсек деп отырмыз. Тек содан кейін ғана үй құжаттарын толық реттейміз, — дейді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев.

Ең сорақысы, 2018 жылы дәл осы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасымен мұнда тағы екі үйдің құрылысы басталған екен. Жоба бойынша сол жылы кезекте тұрған мұқтаж отбасыларына тапсырылу керек еді. Бірақ мердігер жұмысты аяқсыз қалдырған. Қараусыз жатқан ғимарат қазір қирап жатыр. Жалпы бұл екі үйдің құны 30 миллион теңге болса, соның тек 11 миллионы игерілген. Қазір әкімдік жауапсыз мердігерді сотқа берді. Енді сот үкімі әкімдіктің пайдасына шешілсе, басқа тендер өткізіп, құрылысты аяқтау жоспарда.

Асыл АЙБЕК,

«QH»