Теміржолшылар — құрмет төрінде
Қазақстан Республикасы көлік қызметкерлерінің 25 жылдық мерейтойын қарағандылық теміржолшылар жоғары деңгейде атап өтті. Жексенбі күні Қарағанды Сұрыптау станциясындағы Теміржолшылар мәдениет сарайы алаңында мерекелік салтанатты кеш ұйымдастырылды. Еңбек азаматтарын құттықтауға Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Алмағамбетов келді.
Теміржол саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтуге айрықша дайындалғаны көрініп тұр. Таң бозынан алаңға киіз үй тігіліп, мәдениет үйінің іргесінде әсем сахна бой көтерген. Салтанатты шараға жиналған қауымның жүзінен мерекелік көңіл-күй мен шаттық байқалады. Жиынға қаламызда көлік саласында еңбек ететін азаматтар мен олардың жақындары жиналды. Көпшілік қауымды көлік қызметкерлері күнімен құттықтаған қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев көлік кешенін дамыту, мемлекетімізді көркейту жолында маңызды орын алатынын атап өтті.
Өз кезегінде «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Алмағамбетов елімізде теміржол саласының дамуында айтарлықтай оң өзгерістер барына тоқталды. Оның мәлімдеуінше, жолаушы тасымалы мен жүк тасымалы айналымы айтарлықтай өскен. Бұл — осы салада қызмет етіп жүрген азаматтардың ерен еңбегінің көрінісі.
— Аймақтың теміржолшылары өз ісіне берілген, ұйымшыл жандар. Олар кәсібіне шынайы берілген, адал қызметкерлер дер едім. Бүгінде есімі еліміздің көлік саласы тарихына алтын әріппен жазылатын азаматтардың көпшілігі осы аймақтан шыққан. Дәл қазір компания сапында абыройлы қызмет атқарып жүрген қарағандылықтар да көп, — деді ол өз құттықтау сөзінде.
Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған жиында ерекше еңбегімен көзге түскен азаматтар мерейтойлық медальмен, «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, кәсібіне адал беріліп, көпке еңбегімен үлгі болған тұлғаларға «Құрметті теміржолшы», «Үздік басшы», «Үздік маман» және «Кәсібі бойынша үздік» атақтары берілді.
Салтанатты шара қаланың шығармашылық ұжымдары әзірлеген мерекелік концертпен жалғасты.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ,
«QH»