Президент тапсырмаларын орындау: елдің энергетикалық қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі
Бүгін ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындыларына сәйкес Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша ақпарат, сондай-ақ халықтың табысын ұлғайту бағдарламасы бойынша І жартыжылдықтың қорытындыларын ұсынды.
Ведомство басшысы Үкімет отырысы барысында Президенттің еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма бергенін атап өтті.
Біріншіден, транзиттік көлік үшін және шекара периметрі бойынша сараланған бағалар әзірлеу арқылы дизель отынының тапшылығын болдырмау міндеті қойылды.
Шекара қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасында күніне 4,4 мыңға жуық жүк көлігі кіреді, оның 70%-ы шетелдік көлік. Республикадағы жаңар-жағармай құю станцияларында төмен бағалары орташа айлық тұтынудың шамамен 120 мың тоннаға өсуіне алып келеді.
Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазіргі уақытта Энергетика министрлігі дизель отынына сараланған бағаларды көздейтін бұйрық жобасын әзірледі.
«Бағалар резиденттікке, тұтыну көлеміне және көлік түріне байланысты сараланады. Осы бағыттағы жұмыс мүдделі мемлекеттік органдармен және тараптармен жалғасатын болады», — деді ведомство басшысы.
Екіншіден, жол битумының тапшылығын болдырмау тапсырылды.
Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша Ресей Федерациясынан гудрон импортына квота 280-нен 430 мың тоннаға дейін, сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытында битум өндірісіне ұлғайтылды, бұл отандық битум өндірушілерге өндірісті 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жыл сайынғы жиынтық қуаты жылына 1,2-1,3 млн тоннаны құрайтын болады, бұл жол құрылысы үшін ішкі нарықтың қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі тапшылық жол-құрылыс компанияларының битумды біркелкі іріктемеуіне байланысты туындайтынын атап өтті. Атап айтқанда, қысқы-көктемгі кезеңде битум өндіруге өтінімдер іс жүзінде келіп түспейді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қысқы және көктемгі кезеңде битум сатып алу үшін бірыңғай өнім берушіні айқындау мәселесін пысықтап жатыр.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы газ өндіру жөніндегі жаңа жобалар үшін фискалдық преференцияларды пысықтауды тапсырды.
ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалануға, оның ішінде газ жобаларына арналған Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігін енгізу бойынша заңнамалық өзгерістер топтамасы әзірленгенін айтты. Мәселен, салықтан босату түрінде реттеушілік және фискалдық преференциялар көзделген. Сонымен қатар газ жобалары үшін газға ынталандыру бағасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Заңнамаға тиісті түзетулер жыл соңына дейін қабылданатын болады.
«Бұл шаралар шамамен 93,6 млрд м3 көлемінде газдың жиынтық қоры бар газ кен орындарын игеруді және 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд текше метр көлемінде тауарлық газды қосымша өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Болат Ақшолақов.
Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі — бағалық ауытқуларға жол бермей, сұйытылған мұнай газының сауда-саттығын іске қосу бойынша шаралар қабылдау.
Энергетика министрінің айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес сұйытылған мұнай газы биржасына көшу 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды. Биыл 20 шілдеде биржалық сауда-саттық кезінде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін Биржалық сауданың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Анықтама: Қағидаларда мыналар көзделген:
— бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу үшін сауда сессиясы барысында қалыптасатын бағаның ең жоғары деңгейін белгілеу (базалық бағадан 101% деңгейінде);
— сауда-саттық ұйымдастырушылардың интернет-ресурсында егжей-тегжейлі ақпаратты орналастыру үшін мерзімдерді ұлғайту, бұл әлеуетті қатысушылардың тізбесін кеңейтуге мүмкіндік береді;
— сауда-саттықты өткізудің ашықтығы мақсатында сауда роботтарын пайдалануға тыйым салу;
— сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу графигі мен кезеңділігінің өзгеруі туралы хабарлау үшін уақыттың ұлғаюы, бұл да қатысушылардың санына оң әсер етеді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда мынадай өзгерістер пысықталып жатыр:
- сұйытылған мұнай газын көлікке ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеуге міндетті тауарлар тізбесіне енгізу;
- өткізу көлемі мен бағасын көрсете отырып, автогаз құю станциясының фискалдық чектерді шығаруы бойынша талаптарды қатаңдату.
- Бейінді мемлекеттік органдардың бақылауындағы тапшы тауарлар үшін бірыңғай тауар биржасын айқындау мәселесі қарастырылып жатыр.
Болат Ақшолақов аталған шаралар ашықтықты қамтамасыз етуге және сұйытылған газ саудасы кезіндегі операцияларды қадағалауға мүмкіндік беретінін айтты.
Бесіншіден, электр энергиясы қуаттарын іске қосу және Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің Оңтүстік және Батыс аймақтарындағы электр желілерін күшейту жөніндегі жобаларды уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 340 МВт электр қуаты іске қосылды, жыл соңына дейін қосымша 240 МВт электр қуатын енгізу жоспарланған. Сонымен қатар ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде:
– Батыс энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары. Аяқталу мерзімі – 2023 жыл;
– Оңтүстік энергия аймағының электр желілерін күшейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Техникалық экономикалық негіздеме әзірленгеннен кейін жобаны іске асырудың параметрлері мен мерзімдері айқындалатын болады.
Болат Ақшолақов Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттер Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында және белгіленген мерзімде іске асырылатынын айтты.
Сонымен қатар ведомство басшысы өз баяндамасында Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру бойынша Энергетика министрлігі қабылдап жатқан шараларға тоқталды. Бағдарлама шеңберінде мұнай-газ-химия, газ және энергетика салаларында, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында жобалар іске асырылып жатыр.
«2025 жылдың соңына дейін шамамен 34 мың жұмыс орнын құра отырып, 73 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 14 жоба іске асырылып, 9,5 мың жұмыс орны құрылатын болады, оның ішінде І жартыжылдықта 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды», — деді Б. Ақшолақов.
Министр отын-энергетика кешенінің ең перспективалы салаларының бірі – мұнай-газ-химиясынан бастады.
Оның айтуынша, еліміздің батыс бөлігінде мұнай-газ-химияны дамыту үшін қажетті көмірсутек шикізатының кен орындары шоғырланған. Мәселен, Атырау облысында биыл қуаты жылына 500 мың тонна болатын әлемдегі ірі полипропилен өндірісінің бірін іске қосу жоспарланып отыр. 2022 жылдың ІІ жартыжылдығында өнімнің 1-ші партиясын алу жоспарланып отыр.
2024 жылға дейін Атырау облысында Қашаған кен орнынан алынатын шикізат базасында қуаты 1 млрд м3 шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытын және Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауытын салуды аяқтау жоспарланған. Бұдан басқа, қуаты жылына 1,2 млн тонна полиэтилен және жылына 186 мың тонна бутадиен өндіру жобалары пысықтаудың әртүрлі сатыларында.
«Осы жобаларды іске асыру шеңберінде тартылатын инвестиция сомасы – шамамен $14 млрд-ты құрайды және 2025 жылға дейін 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай-газ саласында 3 240 жұмыс орны құрылды, жыл соңына дейін қосымша 689 жұмыс орнын құру көзделген», — деді энергетика министрі.
Сондай-ақ газ саласында газ тасымалдау жүйесін салуға, жаңғыртуға, жылу электр орталықтары мен елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайтуға бағытталған 10 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның 2-уін осы жылы аяқталады, алтауы іске асыру сатысында және 2 жоба бойынша жұмыстар 2023 жылы басталады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 2 447 уақытша, 154 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.
2022 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша 855 жұмыс орны құрылды, сондай-ақ жыл соңына дейін қосымша 1141 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Электр энергетикасы саласында 2025 жылға дейін 6 мың уақытша және 698 тұрақты жұмыс орны құрылатын 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын жаңғырту бойынша 12 инвестициялық келісім іске асырылып жатыр, сондай-ақ Алматы қаласының кабельдік желілері қайта жаңартылады және Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арасында транзиттің екінші тізбегі салынуда. Жыл соңында Алматы қаласындағы 2-ші жылу электр орталығында қуаты 400 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысының құрылысын бастау көзделген. Биыл І жартыжылдықта 905 жұмыс орны құрылды, ІІ жартыжылдықта 85 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысын салуға арналған аукцион аяқталды.
Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықпен қатар елдегі жаңартылатын энергия көздері секторын дамытуға баса назар аударады. Бағдарлама шеңберінде энергетикалық кешенді жаңғыртукөзделген, яғни 2025 жылға дейін 3,2 мың жұмыс орнын құра отырып, жаңартылатын энергия көздері бойынша 40 жоба іске қосылады. 2022 жылы 900-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 11 жаңартылатын энергия көздері жобасын іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда 5 объект іске қосылды. Оның ішінде 3 күн электр станциясы және 330 жұмыс орны құрылған 2 жел электр станциясы бар. Жыл соңына дейін қосымша 577 жұмыс орны ашылатын болады.
Сондай-ақ ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов ірі жер қойнауын пайдаланушылар жүзеге асыратын жобаларға тоқталып өтті. .
Осы жылы Қарашығанақты кеңейту жобасы қолға алынды. Өндіру сөресін қолдауға бағытталған осы жоба шеңберінде 2025 жылға дейін шамамен 2,6 мың жұмыс орны құрылады. Биылға жоспарланған 2 мың жұмыс орнының ішінде 1,5 мың жұмыс орны құрылды. Қашаған кен орнында су тазарту қондырғысы бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Қашағанда өндіруді ұлғайту үшін 2А фазасы мен 2Б фазасын кеңейту жобалары қарастырылуда. Бұл жобаларда 2025 жылдың соңына дейін шамамен 3 мың жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар ірі жер қойнауын пайдаланушылардың айналасында түрлі жабдықтарды өндіруге және жеткізуге арналған 18 келісімшарт жасалды», — деді Болат Ақшолақов.
Бұдан басқа, үш компания (ТШО, КПО, НКОК) әлеуметтік нысандар (мектептер, жолдар, ауруханалар және т.б.) құрылысы аясында 2 мыңға жуық уақытша, ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады.
«Қазмұнайгаз» компаниясы 2024 жылға дейін «1-кезек. Астрахань-Маңғышлақ магистральдық су құбырын реконструкциялау және кеңейтуді» жоспарлап отыр. Оның шеңберінде 938 жұмыс орны ашылады.
2023-2024 жылдар аралығында Маңғыстау облысындағы Тоқымақ кен орнында теңіз суын тұщыландыру зауыты салынады, мұнда құрылыс кезінде 242 жұмыс орны, сондай-ақ пайдалануға берілгеннен кейін 116 жұмыс орны ашылатын болады.
2022-2024 жылдар кезеңінде Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу кезінде 361 жұмыс орны құрылатын болады.
Болат Ақшолақов ведомствоның тек отын-энергетикалық кешен салаларында ғана емес, экономиканың аралас салаларында да жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Біз барлық жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша мүдделі тараптармен кешенді жұмысты жалғастыратын боламыз», — деді энергетика министрі.
Болат Ақшолақов журналистердің сұрақтарына берген жауабында елімізде АЭС-тің қай мемлекеттің технологиясы бойынша салынатыны әлі белгісіз екенін айтты.
«АЭС туралы қысқаша жауап берейін. Бұған дейін технологияны таңдап жатқанымызды айтқан едік. Әзірше қандай да бір технологияны таңдаған жоқпыз. Осы мақсатта біраз зерттеу жұмыстары жүргізілді. Біз былтыр Түркия, Франция, Оңтүстік Кореяға барып көрдік, Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар кезінде қарастырдық. Жоспарда венгр нысандары бар. Ол елдердегі станциялар әртүрлі технологиямен салынған. Түркияда — ресейлік «Росатом» технологиясы. Сол себепті әлі таңдау жасалған жоқ», — деді министр.
Оның сөзінше, станция технологияларының салыну процестері мен технологиялары жан-жақты қарастырылуы тиіс.
«Не мемлекет өзі салады, не болмаса технология лицензияларына салу мүмкіндігі беріледі. Қауіпсіздік, сейсмикалық зерттеу әлі жүргізіліп жатыр. Дегенмен, шамамен құрылыс алаңын айқындап қойдық, ол — Үлкен елді мекені. Осыған дейін айтқанымыздай, 5 технологиядан тұратын қысқа тізім болған. Біз АҚШ технологиясын қарастырмаймыз деп шештік», — деді Болат Ақшолақов.
Бұл ретте энергетика министрі АЭС-тегі ең маңызды мәселе — қауіпсіздік екенін атап өтті.
«Қауіпсіздік пен технология жағынан бір тоқтамға келуіміз керек. Бірақ біз бір елдің технологиясын таңдаған кезде, онда тек станцияның негізгі күшіне, яғни жүрегіне көңіл аударылады», — деді Болат Ақшолақов.
Сондай-ақ ведомство басшысы АЭС-те жұмыс істейтін мамандардың қалай даярланатыны туралы айтты.
Жыл басында Ресейдің ядролық физикамен айналысатын институттарымен келісім жасалды. Олар қазақстандық мамандарды оқытатын болады. Қазіргі уақытта Венгрия елімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ол мемлекет бұл жағынан дамыған.
«Екінші мәселе оларды жұмысқа орналастыру қажет. Олар АЭС-те жұмыс істеп, тәжірибе жинауы керек. Тек 10 жылдан кейін ғана оларды маман деп санауға болады. 2035 жылы АЭС бітеді деп есептесек, 2 мың жұмысшыны дайындауға мүмкіндік бар», — деді энергетика министрі.
Сондай-ақ, Б. Ақшолақов ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін күзге жоспарланған дизель отынының құнына тоқталды.
«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отыны тапшылығы болған емес. Мен ұзақ жылдар бойы осы салада жұмыс істеп келемін. Әр уақытта ең бірінші кезекте көктемгі және күзгі жұмыстарға дизель отынының белгілі көлемін бөліп отырдық. Оның үстіне ресурс ұстаушылармен келіссөз жүргізу арқылы оның құнын төмен бағамен береміз. Себебі елімізде дизель отынына мемлекеттік субсидия жоқ. Биыл баға тоннасына 212 мың болды. Күзгі кезеңде біз тоннасына 222 мың теңгеден белгілегіміз келеді», — деді энергетика министрі.
Ол бұл шешімді түсіндіріп өтті.
«Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының литріне шамамен 180 теңгеден, олар астық жинау және егу үшін сұрап отырған көлемде – шамамен 400 мың тонна. Неге? Өйткені, айырмашылық көп емес. Бүгінде астық бағасы қандай екенін көріп отырсыздар. Біз жеткізілімнен шығынға ұшырағаннан гөрі, бағаны сәл көтеруге болады деп санаймыз», — деді министр.
Болат Ақшолақов еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру тәсіліне қатысты пікірімен бөлісті.
«Солтүстік пен Шығысты газдандыру мәселесі бірнеше рет талқыланды. Егер бүгін осы жұмысқа кірісетін болсақ, онда, тиісінше, ең оңтайлы жолы – Ресейден газ алу. Бұл экономикалық тұрғыдан ең оңтайлы нұсқа және газбен қамтамасыз ету бойынша тұрақты. Мұндай келіссөздер Газпром-мен QazaqGaz компаниясы деңгейінде жүргізіліп жатыр. Біз ведомстволар деңгейінде алдын ала келіссөз жүргіздік, бүгінде техникалық шарттар пысықталып жатыр», — деді Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, көптеген көмір станциялары газға көшіріледі.
«Көлем бойынша: бірінші кезең – шамамен 4 млрд текше метр газ, 7-ге дейін ұлғайту мүмкіндігі бар, 10 млрд текше метрге дейін дөңгелектейік, өйткені онда орналасқан көптеген көмір станцияларын газға ауыстыруға тура келеді. Оның бағасы тұтынушылар үшін қолайлы болғанын қалаймыз. Өздеріңіз білесіздер, ең жоғары баға оңтүстікте және Нұр-Сұлтан қаласында. Осы деңгейде , өйткені бұл импортталған газ. Әлі келіссөздер жүргізіп, келісу керек», — деді министр.