Әдемі аула – қылмысқа тосқауыл
Бейсауат қоқыстан тазартылып, тап-тұйнақтай жиналған аулалар тұрғындардың көңіліне жайлылық сыйлап қана қоймай, қылмыс санын азайтуға да септігін тигізеді екен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әдемі аулада қылмыс аз тіркеледі. Бұл әлеуметтану ғылымындағы «Сынған әйнек» теориясының дәлдігін тағы бір дәлелдейтін тәрізді.
Өткен ғасырдың екінші жартысында Нью-Йорк шаһары әлемдегі ең қауіпті қала әрі қылмыскерлер ордасы саналған-ды. Билік қаланы тәртіпке келтіру бағытында түрлі амалдарды қолға алып, күресті күшейтеді. Алайда нәтиже шығара алмай дәрменсіздік танытқан. Жағдай 1994 жылы Рудольф Джулианның Нью-Йорк қаласының мэрі, ал Уильям Браттон жергілікті полицияның басшысы болып тағайындалған сәттен бастап күрт өзгеріпті. Білікті офицер қаладағы полицейлердің жұмыс істеу тәсілдеріне елеулі өзгеріс әкелді. Уильям Браттонның бастамасымен полиция бірінші кезекте ұсақ бұзақылықтың жолын кесу мәселесімен айналыса бастады. Қоғамдық орында шу шығарғандар, қоқысты бейберекет шашып кететіндер, көлігін жол бойына қойып кететін жүргізушілер қатаң жазаланды. Нәтижесінде қаладағы қылмыс көрсеткіші күрт азайды. Полиция ұсақ бұзақылықты тоқтату үшін күресті, нәтижесінде ауыр қылмыс сап тыйылды. Тоқсаныншы жылдардың соңында Нью-Йорк Америкадағы ең таза әрі қауіпсіз мегаполистердің біріне айналды.
Хош, енді өз қаламызға оралсақ. Қарағандылық полицейлер жұмыс барысында гүлзарлар егіліп, қоқысы уақытылы тазаланатын аулаларда қылмыстың да аз болатынын аңғарған екен. Сөйтіп, әдемі аула байқауын жариялап, тұрып жатқан үйінің айналасын таза ұстайтын тұрғындарға сыйлық ұсынуды әдетке айналдырған. Бұл бастама дәстүрге айналып кеткені соншалық, кейінгі жылдарда байқау өткізудің қажеттілігі де қалмапты. Өйткені ауласын абаттандырып, әсем кейіпке келтіретін тұрғындар саны артқан. Әрі әркімнің талғамы бөлек болғандықтан, аулалар да бір-біріне ұқсамай, көркем безендіріледі екен.
– Әдетте басқалардан бірдеңе талап еткенді ұнатамыз. Бірақ өзгерісті қалаған адам әуелі өзінен және айналасынан бастауы керек қой. Біз ауламыздың әдемі болғанын қаладық. Сондықтан абаттандыру жұмыстарын үйдің кіреберісін безендіруден бастаған едік. Кейін біздің жұмысымызды көрген өзге тұрғындар да аулаларын әсемдеуді қолға алды. Олардан көріп басқалар да тура солай істей бастады. Нәтижесінде әдемі аулалардың саны артты, – дейді өзі тұрып жатқан үйдің ауласын гүлмен көмкеруді әдетке айналдырған Наталья Максимчук.
Расымен де, қаланы шарлап шықсаңыз, көзіңізге түрлі талғаммен әсемделген аулалар түседі. Мәселен, кей үйдің жанында ағылшын көгалдары мен Африка тотықұстарын айтпағанда, ескі дөңгелектерден жасалған тропикалық құстарды кездестіресіз. Сырт көзге әдемі дүние-ақ. Алайда дизайнер Ксения Рычагина мұндай дүние өткен күннің еншісінде деп есептейді, оны жақтырмайтынын айтты.
– Менің ойымша, мұндай дәуірдің заманы аяқталған. Адамдардың еңбегін жоққа шығармаймын, бірақ әркім қалай болса солай көркемдесе, біз аулалардан осыдан бірнеше ондаған жыл кейінге қалып қойғандай боламыз. Қазіргі қоғамда эстетика сәл басқаша әрлеуді қажет етеді. Яғни нақты бірізділік болуы керек, – дейді ол.
Биыл Қарағандыда 100 аула абаттандырылады. Оған әдеттегідей балалар алаңы салынып, жаңа асфальт жол төселіп, жарық шамдар орнатылады. Бірақ жобада гүл егіп, газон төсеу қарастырылмаған. Аулаларды көркемдеуге пәтер иелері корпоративтері де үлес қосып келеді. Алайда олардың мүмкіндігі аз. Өйткені тұрғындардан жиналған қаражат бірінші кезекте маңызды дүниелерге жұмсалатындықтан, ауланы әсемдеуге үнемделген аз ақша жұмсалады. Сондықтан негізгі күш тұрғындар мойнына артылған.
Расул МҰХАММЕД,
«QH»