Кенді өлкедегі көмір мәселесі
Қарағанды өңіріне қатысты жұртты қажытқан екі мәселе болса, оның бірі – жаздағы жол жайы, екіншісі – қыстағы көмір жайы. Жолға қатыстысы түсінікті, мердігерлер жұмысының мардымсыздығы, қажет материалдың қымбаттауы, ауа райының қолайсыздығы. Айта берсек, сылтау табылады. Ал қара алтынның үстінде отырып көмірдің қат болуы миға сыймайтындай.
Кенді өлкеде тұрса да көмірге жарымайтын тұрғындар шіліңгір шілдеден бастап көмір іздеп шаршайды. Қыста құстың сүтіндей таптырмайтын көмір бағасы жазда да жетісіп тұрған жоқ. Себебі шахта көп, бірақ сатылымда көмір аз. Жаздан бастап жанталасар жер үй тұрғындары көбіне «Рапид» маркалы көмірге тапсырыс береді. Оның тоннасы 20 мың теңге. Бұл бағаға тасымалдау қызметін қосыңыз. Ал салыстыра қарар болсақ, көмірдің дәл осы маркасы былтыр 17 мың теңге тұрған. Арқаның аязды қысын ескерсек, тұтынушыға көмір тонналап қажет. Сол себепті бір маусымдық көмір құны 200-250 мың теңгеге жетеді.
Шұбаркөл көмірінің құны тоннасына 13 500 теңге, шақпақ көмірдің тоннасы 14 000 теңге. Бұл – қаладағы бағасы. Ал ауыл жұртына жеткенше қаншама жүз шақырым жол құны қоса есептеліп шығады. Отынсыз тағы болмайды, тұтынушы шарасыздықтан бағаға бағынады. Қала тұрғыны Ермек Тасболатовтың айтуынша, қазір көмір аз. Негізінен, тек «Рапид» көмірі ғана саудада. Ол аздай, сапалы қысқы отын алу үшін 7-10 күндей кезек күту керек.
Өніміне сұраныс артып тұрған бұл «Рапид» шахтасындағылар қатты отынның қымбаттауын 5 шақырым жер астынан тасып шығаратынымен түсіндіруде. Қазір аталмыш отынды 1998 жылы жабылып, көміліп қалған №22 шахтаның астынан өндіруде. Егер бұл шахта жұмыс істеп тұрса, қатты отынды небәрі 350 метрден тасымалдауға болар еді. Құрылғы, жабдық сырт елден жеткізіледі әрі оның бағасы да өскен. Осы да – себеп.
«Рапид» фирмасы» ЖШС-ның өндіріс жөніндегі директоры Александр Валуйский бұл мәселені былай деп түсіндірді:
– Мысалы, қазу комбайнының бағасы 2018 жылдан 2022 жылға дейін 50%-ға өсті. Одан бөлек электр қуатының құны 6%-ға артты. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда жалақы қорын 40%-ға өсірдік. Содан көмір бағасы 17%-ға ұлғайды. Көмір тоннасын халыққа 20 мың теңгеден сатамыз. Үстеме қоспасақ та, өз бағасы осындай болады. Біз табыстың негізгі бөлігін кәсіпорындар мен корпоративтік клиенттерден табамыз. Олар үшін көмір тоннасы 25 мың теңгеден. Өкінішке орай, біз өте шағын кәсіпорынбыз. Біздің Үкіметпен жасасқан келісімшартымыздың негізгі міндеті – бұрын есептен шығарылған кеніш пен қорларды қайта өндіру, барлау. Өткен ғасырдың 30-50 жылдары өндірілмеген қалдықтарды өндіріп жатырмыз. Сондықтан үлесіміз тамшыдай ғана.
Қарағанды облысының 8 шахтасы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі. Бірақ ол кәсіпорынның көмірі тұрғындарға жарамды емес дейді. Олардың өнімі өз қажеттіліктеріне, яғни металлургия комбинаты үшін бағытталып жатыр. Алайда көмір қабаттары «Рапидтікіндей». Сондықтан бұл мәселеге қатысты сұрақтар туындауы заңды.
Көмірге қатысты келеңсіздікке ардагер кеншілер де алаңдаулы. Сұраныс артып, сала күйреп бара жатқанын көрген бұрынғы шахтерлер кен орындарына иелік етуші компания жаңа кен орындарын барлап, жағдайдан шығар жол іздеуі керек деген кеңес беруде. Ал бұл – қомақты қаржы қажет етер жұмыс. Ардагер кеншілер Қарағанды облысында көмір қоры әлі 100 жылға жеткілікті екенін, кен орындары кеңестік дәуірде барланғанын айтады. Алайда барланған жер бар екен деп бас салып қаза алмайсың. Көмір өндірер алдында жер қабаттарын жете барлау және газсыздандыру міндетті. Ал ол жұмыстар құны қымбат әрі қиын, сондықтан болар, алпауыт компания оған құлық білдіре қоймайды. Өзгесін айтпағанның өзінде, газсыздандыру уақытылы жасалмағандықтан, қаншама қайғылы жағдай орын алуда. Сандаған жылдық тәжірибелері көрсеткен көптеген мәселені ардагер кеншілер Үкіметке де мәлімдеген. Көмір табу, ұңғылау жұмыстарындағы кемшілікті ешкім жоққа шығармайды. Ал «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы болса «Тентек» шахтасы қазір әзірленіп жатыр, 2024 жылға қарай жұмыс істейтін болады. «Күзембаев» шахтасын да қалпына келтіру көзделіп отыр» дегенді айтып отыр. Қалай болғанда да, «Арселор» шығындалмайынша, мәселе өздігінен шешілмесін уақыт көрсетіп отыр.
Әсел Құсайынқызы,
«QH»