Негізгі екпін – жұмыссыздықты азайту

Биыл Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 510 грант бөлінеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі екпін жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға бағытталмақ.

– Биыл 510 грант беру жоспарлануда, оның ішінде 240-ы жастар үшін. Жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге грант алу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өту қажет. Оқудан өткен қатысушыға сертификат беріледі. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту процесінің ұзақтығы күнтізбелік 14 күннен аспайды, – дейді Әсем Жүніспекова.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл грант беру тетігіне де өзгерістер енгізілген. Яғни грант алу үшін байқауға қатысуға ниет білдірген азаматтар алдымен enbek.kz сайтына тіркеліп, «Бизнес-ресурстар» бөлімінде онлайн-өтінім беруі керек. Осыдан соң үміткерлер порталда бизнес-жоспарын әзірлеп, оны қорғайды. Ал комиссия ұсынылған жобаның өзектілігін назарға ала отырып, үміткерге грант беру немесе бермеу туралы шешім қабылдайды. Мақұлдаған жағдайда қатысушы банк деректемелерін ұсынады және Жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасады. Қаражат түскеннен кейін, үш ай ішінде гранттың мақсатты пайдаланылуын растау қажет.

Айта кету керек, биылдан бастам Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік гранттар мөлшері 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік белсенділікті арттыру шеңберінде 904 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда. Облыстың тағы 487 тұрғыны жаңа мамандық алады немесе қайта даярлаудан өтеді. Ұлттық жоба бойынша жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие, жұмысқа орналастыруға кепілдік берілген кәсіптер бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқыту көзделген. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты 6 айдан аспайды, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Сондай-ақ 576 адам www.skills.enbek.kz сайты арқылы онлайн оқудан өтеді. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өңірде халықты жұмыспен қамту шараларымен 31 мың адам қамтылмақ.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»