Қазақстан геология саласы қалай дамып жатыр? Министр жауап берді
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елімізде геология саласы қалай дамып жатқанын түсіндірді.
Бүгінде ол салада цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатқанын, ақпаратқа қолжетімділік басты назарда болатынын атап өтті.
«2019 жылдан бастап тендерлік рәсімдер өткізілді. Осылайша, Қазақстан минералды ресурстарының ұлттық деректер банкін әзірлеу жөніндегі мердігер анықталды. Ақпараттық жүйені әзірлеуге «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы тапсырыс берді. Мердігер «Транстелеком» компаниясы болып белгіленді. Ұлттық банк жер қойнауын пайдалану саласындағы 8 құрамдауыш пен 21 бизнес-процесті әзірлеуді көздейді. Геологиялық ақпаратты цифрландыру жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Оған «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы жауап береді. Бүгінде 142 мың геологиялық ақпарат цифрландырылды», — деді Серікқали Брекешев ҚР Президенті телерадиокешенінің «Три вопроса» бағдарламасына берген сұқбатында.
Оның айтуынша, геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлескен жоба іске асырылады. Бірыңғай платформа Kaznedra деп аталады.
«Бұл жүйеде геологиялық ақпарат болатыны түсінікті. Кейін онда жер қойнауын пайдалану мәселесіне байланысты басқа да ақпараттық жүйелер қосылады. Бұл энергетика министрлігі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараттық жүйесі болады. Жалпы біз саланы толықтай автоматтандырамыз. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушыларды жер қойнауының қандай да бір учаскесі немесе пайдалы қазбаның қандай да бір түрі қызықтырды дейік. Ол интерактивті картаға кіреді. Кейін географиялық белгісі бойынша пайдалы қазбаны таңдауға мүмкіндік беретін каталог болады. Картада қандай кен орындары бар екені, олардың бос екеніне қатысты тиісті ақпарат көрсетіледі», — деді Серікқали Брекешев.
Ол аталған жүйеде есеп беру, лицензиялық-келісімшарттық шарттарды қарастырылатынын жеткізді.
Министрдің айтуынша, ақпараттық жүйесінің алғашқы нәтижесі бірінші қыркүйектен кешіктірілмей берілуі керек.
«Биыл 22 шілдеде энергетика министрлігі кезекті аукционды өткізді, ал келесі аукцион 2022 жылдың соңына дейін өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл аукцион аталған ақпараттық жүйеде өтеді. Онда геологиялық ақпарат қолжетімді болады. Біз бұл ақпараттық жүйе геологиялық ақпаратты онлайн түрде алуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Инвестор тиісті геологиялық ақпаратқа қол жеткізе отырып, белгілі бір учаске бойынша өзіне қажет барлық ақпаратты білетін болады. Нәтижесінде бұл оның инвестициялық шешім қабылдауына мүмкіндік береді», — деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ Серікқали Брекешев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, Қазақстанға инвестиция тарту және инвесторларға кешенді қолдау көрсету үшін ұлттық геологиялық қызмет құрылған.
Сонымен қатар ведомство басшысы талдау орталығы құрылғанын, бағдарламалық қамтамасыз ету сатып алынғанын, ол жаңа технологиялар бойынша геологиялық ақпаратты талдауға және тиісті мәліметті алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз ақпаратты талдау арқылы болашағы бар 100 учаскені анықтауға мүмкіндік аламыз. Кейін бұл жер учаскелері жер қойнауын пайдаланушыларға беріледі. Ұлттық геологиялық қызмет те геологиялық инфрақұрылым қалыптастырумен айналысады. Біз екі жынысөзек қоймасын (кернохраналища) салуды жоспарлап отырмыз. Кренді сақтау көлемі шамамен 1 млн
метр болады. Қор материалдары үшін қойма салынады», — деді министр.