Қарағандылықта – күміс жүлде
Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оныншы сынып оқушысы Рамазан Пердебай 29-халықаралық «Туймаада» олимпиадасының күміс медаліне ие болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушылар математика, физика, информатика және химия пәндерінен өзара бақ сынасты.
Саха Республикасының Якутск қаласында өткен олимпиадаға Қазақстан, Румыния, Ресей, Сингапур, Иран және Индонезиядан 355 оқушы қатысты.
Зияткерлердің жұмысын бүкілресейлік және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың қазылар алқасы мен әдістемелік комиссияларының беделді мүшелері бағалады.
Биылғы бәсекеге Қарағанды облысынан тек Рамазан Пердебай өтініш беріп, жоғары білімін көрсетті. Бұл – оның «Туймаада» олимпиадасында информатика пәнінен алған екінші күмісі. Жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Ертуған Мүслім.
Рамазан олимпиадаларға алтыншы сыныптан бастап қатысады. Ол Қарағанды облысының намысын халықаралық конкурстарда бірнеше рет қорғаған. Оқушының қоржынында Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасының, Халықаралық Жәутіков олимпиадасының қола медалі, өткен жылғы Оқушылардың республикалық олимпиадасының алтыны бар. Рамазан келесі жылы әлемнің барлық елінен кіл мықты қатысатын мектеп оқушылары арасындағы информатика бойынша халықаралық олимпиадаға қатысуды жоспарлап отыр.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА