Тағылымы мол танымдық кеш
«Через Вселенную» жастар қоғамдық қоры Қарағанды тұрғындары мен қонақтарын тегін танымдық ойын-сауық шараларына шақырады. Барлық шара Орталық саябақтағы қайың тоғанында өтеді.
Аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін мектеп жанындағы лагерьлердің балалары ойындар мен викториналарға қатыса алады. Ал сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін гитараға әуес тұрғындарға шеберлік сабақтары ұйымдастырылмақ. Мұнда әуесқойлар музыкалық аспапта ойнаудың қыр-сырымен танысып, жаңа шығармаларды үйренеді. Сондай-ақ бейсенбі, жұма және сенбі күндері сағат 19:00-ден 22:00-ге дейін саябақтың ескі сахнасында музыканттардың өнерін тамашалауға болады.
– Барлық музыкант – біздің қордың еріктілері. Биыл бізге 13 жыл толды, бастапқыда біз музыкалық қор ретінде жұмыс істегенбіз. Осы уақыт ішінде төрт музыкалық ұжым құрылды. Балалардың бөлісері аз емес. Олардың тәжірибесі мен білімі жеткілікті, – дейді «Через Вселенную» ЖҚБ жетекшісі Данияр Құрманов.
Сонымен қатар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 22:00-ден бастап телескоп арқылы түнгі аспанды тамашалау мүмкіндігі ұсынылуда.
Айта кетейік, қор ұйымдастырған шаралардың барлығы ауа райына байланысты болмақ. Яғни күн райы қолайсыз болса, жоспарланған шаралардың уақыты өзгертіледі.
Өз тілшімізден