Мәні қашқан МӘМС қашан түзелмек?
Елімізде 2017 жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, пилоттық жоба ретінде Қарағанды облысы аумағында жарна аудару басталған-ды. Ал 2020 жылы сақтандыру жүйесі ел бойынша енгізілді. Содан бері аттай 2 жыл өтсе де, жобаға қарапайым көптің көңілі толмай отыр. Сын көп. Жұрт қалтасынан қаражат төлесе де, қажет уақытында өзіне керек емді ала алмайды. Әрі бұл жүйе бойынша ем көрсететін мекемелердің нақты тізімі бекітілген, яғни аясы тар. Басы ауырып, балтыры сыздаған жан тегін емделу үшін тиісті емханаға жолдама алып, ұзын сонар кезекке тұруға мәжбүр. Бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, жүйені жетілдіруді тапсырды.
Тіркелудің машақаты
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеген соң, емхана таңдау қажеттілігі туындайды. Егер азамат қандай да бір себептермен басқа жаққа уақытша қоныс аударатын болса, сол жердегі емханалардың біріне тіркеуге тұра алады. Әйтсе де қордың ресми сайтында көрсетілген тіркеу нұсқаулығының түсініксіз тұстары көп. Мәселен, емханаға тіркелу үшн «Емхана таңдау» түймесін басу қажет деп көрсетілген. Ал ол түймені табуды өз еншіңізге қалдырған. Ерінбесеңіз іздеп көріңіз. Түймені таба алмаған көп адамның қолды бір сілтеп сайттан шығып кететіні анық. Ал ерінбеген адам Қазақстандағы медициналық тізімдерімен бірге жүктелетін құжаттарға арналған бөлімдегі «Пациенттерге арналған» қосымша беттен таба алады. Пациентке тұрғылықты жеріне жақын медициналық нысанды таңдауға кеңес берілгенімен, одан әрі не істеу қажеті көрсетілмеген. Тек қажет құжаттардың тізімі ғана бар. Электронды цифрлық қолтаңбаңыз болған жағдайда, емханаға egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркелуге болады. Ол үшін «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Барлық өріс толтырылғаннан кейін, пациент туралы ақпарат автоматты түрде емханаға түседі. Егер барлық қадам дұрыс жасалса, өтініш берушіге медициналық мекеменің электронды цифрлық қолтаңбасымен расталған тіркеу туралы хабарлама келеді. Дәл осы порталда қашан және қай уақытта жарналардың түскенін көруге болады. Бірақ жалпы соманы өзіңіз есептеп алуыңыз қажет.
Қор жұмысы көңілге қонымды ма?
Жоғарыда жазғанымыздай, қорға қатысты айтылатын сын көп. Қарапайым көпшілік өзіне қажет емді ала алмаған соң, түрлі болжам да айтылып қалып жатады. Солардың бірі – қордың шенеуніктер жемсауытына айналғаны туралы пікір. Мұндай ойды белгілі экономист Арман Бейсембаев та қуаттап отыр.
– Бізде қандай да жақсы іс қолға алынса, онда ол міндетті түрде шенеуніктердің жемсауытына айналады. Өкінішке қарай, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) де соның кебін киіп отыр. Коронавирус толқыны жүріп өткен 2020 жылы да, өткен жылы да «жалақыдан аударым жасаймыз, бірақ өз қаражатымызға неге емделеміз?» деген сұрақ ашық қойылды. Сөйтсек, көпшілік бұл сақтандыруға кірмейді де екен. Онда оның бізге қажеті қанша? Бұл сын МӘМС жүйесі құрылған алғашқы күннен бері айтылып келеді, – дейді сарапшы.
Әйтсе де бұл – жекелеген адамдардың пікірі ғана. МӘМС жүйесінің қажеттігі және бұл нарық заңының талабы екені – анық нәрсе. Рас, жүйеде қиындық көп. Әйтсе де ол мүлдем пайдасыз деуге тағы болмайды. Өйткені қор жұмысы басталғанға дейін, елдегі денсаулық саласы толықтай бюджет есебінен қаржыландырылып келген-ді. Қазір жағдай өзгерді. Егер жұмысы жүйеленіп, дұрыс жолға қойылса, күтілген нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Дәл осындай пікірді экономист Жәнібек Айғазин де айтады. Оның айтуынша, МӘМС еліміздің денсаулық сақтау саласына түсетін жүктемені біршама төмендетіп отыр.
– Қазір бізде екі қаржы көзі бар: олар – бюджет пен МӘМС жарналары мен аударымдар. Мұның өзі жеткіліксіз. Сұрақтар барлық уақытта болады. Бірақ, қалай десе де, сақтандыру жүйесін қолдаймын. Бұл жерде дамушы ел екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ал денсаулық сақтау – экономикамыздың жай-күйінің лакмус қағазы. Ұлттың саулығы – тамақтану мен спорт. Тамақтану жалақыға, ал жалақы экономикалық жағдайға байланысты, – деді Жәнібек Айғазин.
Жүйені қалай жетілдіру керек?
Дәл қазір қолымызда екі жылдан бері жұмыс істеп тұрған қор бар. Президент оның жұмысын жандандыруды тапсырды. Бұл қалай жүзеге асады? Не істеу керек? Дәл осыған қатысты да сарапшылардың пайымы сан түрлі. Мәселен, Арман Бейсембаев МӘМС қорын түбегейлі таратып, оның қызметін жекеменшік компанияларға таратып беруді ұсынады. Ал жиналған ақшаның ашық жұмсалуы мен есептілігін мемлекет қамтамасыз ету керек деп санайды.
– Білдей бір қор құру қаншалықты қажет болды? Мұның үстіне, медицина қызметкерлерінің өзі алаяқтыққа бара бастады. Ер адамға жатыры төмен түсіп кеткен деген диагноз да қойған жағдай бар. Ал жекеменшік компанияларда мұндай алаяқтық ауқымы үлкен бола қоймас еді. Жүйе ашық болуы үшін төлем жасаушыларға жеке кабинет ашып, жария есеп жүргізуге, сол арқылы ақшасының қалай жұмсалғанына, көрсетілген қызметтерді қадағалауға мүмкіндік беруге болады. Жұмыс берушілер сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасай алады. Осыдан кейін жұмысшы медициналық қызмет алған соң анықтама тапсырып, ал сақтандыру компаниясы шығындарын жабар еді, – деді экономист.
Ал келесі сарапшы Жәнібек Айғазиннің пайымынша, қолда бар қорды қайта құрудың немесе таратудың қажеті жоқ. Тек саланы цифрландыруға ден қою керек.
– Келесі кезең – цифрландыру. Оны таяуда Президент те айтқан болатын. Дәл осы жайт мәселенің шешімі бола алады. Естеріңізде болса, денсаулық электронды паспортын енгізу мәселесі көтерілген еді. Мұны аурудың, оталардың барлық тарихы қолжетімді болуы үшін жасау керек. Түптеп келгенде, бұл – ұлттың саулығы. Profile ең алдымен өзі жайлы білу үшін қажет. Ол әрбір емханаға, клиникаға, оның ішінде жекеменшік ұйымдарға да қолжетімді болуы тиіс. Соның арқасында қымбат дәрілік заттарды сатып алуды жоспарлау жеңілдей түседі, – деді ол.
Түйін
Былтыр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 751 млрд теңге көлемінде жарна мен аударым түскен екен. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық мол қаражат. Әрине, қаражат жиналып қана қоймай, емделушілердің қажеттілігіне қарай жұмсалған. Яғни, статистикалық мәліметтер бойынша, былтыр МӘМС аясында амбулаторлық деңгейде 290 млн консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 4,7 млн пациент стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде емделген, сондай-ақ 3 млн науқас күндізгі стационарларда емделді. Демек, қор жұмыс істеп тұр. Ендеше көптің көңіліндегіні дөп басу үшін қордың жұмысын қайта жетілдіруді оның қолжетімділігі мен ашықтығынан бастаған жөн болар.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ