Жеті елді бағындырған Адихан

Қарағанды қаласындағы NIS түлегі Адихан Түйшиев жеті шетелдік ЖОО-дан шақырту алды. Жас жігіт болашағын IT-технологиямен байланыстырып отыр. Сапалы білім алуды көздеген ол мектепті тәмамдаған соң шетелдік бірнеше университетке емтихан тапсырып бақ сынап көрген екен.

– Америкадан, Сингапурдан, Венгриядан, Германиядан және басқа елдерден тегін оқуға шақырту келді. Мен Германиядағы Jacobs University Bremen-ді таңдадым, өйткені бұл жоғары оқу орны менің барлық шығынымды өтеуге келісті. Оған қоса халықаралық деңгейдегі университет. Демек, онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер оқиды. Университетте сабақтар ағылшын тілінде өтеді, – дейді Адихан Түйшиев.

Болашақ студент нақты ғылымдарды да, IT-бағытты да жетік меңгерген. Ол – көптеген облыстық және республикалық олимпиадалардың, конкурстардың жүлдегері. Сондай-ақ спортпен шұғылданып, көп уақытын білімге арнайды. «Алтын белгі» иегері ҰБТ-дан да жоғары балл (137/140) жинаған.

– Білім берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Маған үйреткендері өте көп. Сонымен қатар дарынды балалар үшін барлық жағдай жасалған NIS-те оқығаныма қуаныштымын. Біздің мектепте оқушыларды шабыттандыратын және ынталандыратын ерекше энергетика бар, – дейді түлек.

Адихан Германиядағы оқуын аяқтаған соң туған елге келіп жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»