КЕҢ ДАЛАНЫҢ КЕРМАРАЛЫ ЖЕРСІНЕ МЕ АРҚАҒА?

Іле-Балқаш резерватында кер маралды жабайы табиғатқа шығару рәсімі өтеді. Бұл үрдіс осымен үшінші мәрте жалғасып отыр. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының арқасында жануар оңтүстік Балқаш аймағында қайта пайда болды.

– 61 бұғыны табиғатқа шығару жоспарлануда, бұл – рекордтық көрсеткіш. Шығару аймағына бақылау үшін фото тұзақтар қойылды. Бақылауды күшейту үшін 9 спутниктік жүйе пайдаланылады, – деп хабарлады орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары.

Жалпы, мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар бүкіл әлемде қолданылады. Техника көмегімен бұғының қозғалысын бақылауға болады. Құрылғылар ауыртпалықсыз орнатылады және жануарларға ешқандай зиян келтірмейді.

Кер марал Балқаш аумағында кең таралған. Алайда, өткен ғасырдың басында бұл түр жоғала бастады. Бірнеше жыл өткен соң, ол Қазақстан табиғатынан мүлдем жоғалып кетті. Бүгінгі таңда Бұқара бұғысының әлемдік саны 3500 басты ғана құрайды екен.

Тоғай бұғысы немесе кер марал Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген және халықаралық деңгейде қорғалады. Кер маралдың Балқаш ауданының жабайы табиғатына оралуы жолбарыс реинтродукциясы бағдарламасының маңызды кезеңі болып табылады, оны Ресейдің WWF ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады.

Қарағанды облысында іргесі 2011 жылы құрылған «Бұйратау» деген тірлігі қайнаған мемлекеттік қорық бар. Мекеме бастапқы кәсібін марал өсіруден бастаған. Осы шаруашылықпен дендеп айналысатын Қатонқарағайдағы, Көкшетаудағы, сондай-ақ Қарқаралыдағы ұлттық парктер әріптестеріне сүтқоректілер тобына жататын осынау жануарды сыйға тартқан. Осылайша 35 бас маралды алдарына салады. Арада алты жыл өткен соң, төл басы көбейгенде оның тең жартысын далаға шығарады. Күтімге алған жабайы жануарлардың осы күнге дейін шығыны болмаған.

Мәртебесі жоғары парктің жұмыс аясы біртіндеп кеңейе түскен. Қазір мұнда сүтқоректілердің 55 түрі бар. Албарда «Қызыл кітапқа» енген сегіз құс мекендеп жүр. Сирек құстар санатындағы сұңқылдақ аққуды осы арадан таптық. Аядай көлде жүзіп жүрген құс төресінің сұңқылдаған даусы әудем жерден құлаққа шалынады. Жайылымға бас қойған 50 құлан, 250 елік, 30 қабан керім өлкеге сән беріп тұр. Әсем көріністен Африка құрлығының фаунасына тап болғандай әсерге бөленесің. Адамның аялы алақаны аясында күтіп-баптауы келіскен бұл аңқұстар мен жайқалып өскен орманды өлкенің жағдайына алаңдауға негіз жоқ. Жемшөп қоры жеткілікті, қауіпсіз мекенде қамсыз тіршілік етуде. Тек бейқам күйдегі жануарларға браконьерлер бүлік салмаса…

«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 81 инспектор жұмыс істейді. Бір басқа бірнеше міндет жүктелген. Қорықшының, орманшының, көлік жүргізушінің шаруасын қатар атқарады. Қыстың қақаған аязында, күздің қара суығында, жаздың аптап ыстығында тәулік бойы түзде жүреді.

Расул МҰХАММЕД «QH»