ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТЕР МАРАФОНЫ
Өңірде аз қамтылған тұрғындарға тегін азық-түлік жиынтығын тарату бойынша акциялар әлі де жалғасуда. Бұл жолы 287 қарағандылық отбасы 50 кг көлеміндегі азық-түлікпен қамтылды.
Ұйымдастырушылар «Ел тірегі – Елбасы» ұлттық науқаны аясында өткізіліп жатқан қайырымды істер марафонын Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады. Осы ай ішінде «Халық» қоғамдық қоры мен AYALA қайырымдылық ұйымы облыста тұратын 1250 отбасына азық-түлік себетін береді. Өткен аптада 287 отбасы алып үлгерді. Олардың барлығы дерлік — АӘК алушылар. Яғни, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар.
50 кг азық-түліктің ішіне ұн, күріш, қарақұмық, макарон, қант, шай, өсімдік майы, тоқаштар және тәттілер кіреді.
Қайырымды істер марафоны аясында әлеуметтік көмек алғандардың бірі — Гаухар Аманжолова. Ол — төрт қыздың анасы. Үлкені — 17 жаста болса, кішісі — үште.
— Азық-түлік аса қымбаттап жатқан осындай қиын уақытта ұйымдастырылған бұл акция – менің отбасым үшін үлкен көмек болды. Біз сияқты көпбалалы отбасыларға мемлекет және қайырымдылықпен айналысатын мейірімді жандар үнемі қолдау көрсетіп, демеу беріп отырады,- дейді ол.
Аталмыш акцияны Қарағанды қаласындағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы өткізді. Бұл орталық аз ғана уақыттың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына айтарлықтай көмек көрсетіп, игі істерімен танылып келеді.
Орталық басшысы Ләззат Қожахметованың айтуынша, бұл шара алғаш рет өткізіліп отырған жоқ:
— Өткен жылы пандемияның ушыққан уақытында 1500 отбасыға көмек көрсетілді. Биыл осы мазмұндағы акция үшінші рет өткізіліп отыр. Басқа қоғамдық қорлармен бірлесе отырып, осындай акциялар легін жалғастырамыз. Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы барлық көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге тырысамыз, — деп атап өтті ол.
Ал Қарағанды бойынша 4 360 көп балалы отбасы бар. Мұқтаж жандардың тізімін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі береді.
— Әр жолы біз мүмкіндігінше көп адамды қамтуға тырысамыз, бірақ жүйеленген қатаң тәртіпті сақтаймыз. Себебі, егер мұқтаждардың бірі меценаттардан үнемі көмек алса, ал екіншісі ешқашан көмек алып көрмеген болса, әділетсіздік болады. Сонымен қатар, әлеуметтік осал отбасылар, әдетте, үлкен және кедейлік шегінен төмен өмір сүретінін түсіну керек. Олардың жағдайы өте қиын, — деп атап өтті Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Лариса Харитонович. Өңірдің қызыл аймақта екенін ескере отырып, азық-түлік жиынтығын алушылар акцияға кезекпен шақырылды.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»