Бұл істі батырлық деп санамады…

Ағымдағы жылдың 30 маусым күні сағат 16.10 шамаларында Пришахтинск-Сортировка станциясына апарар жол үстінде келе жатқан жеңіл көлік техникалық ақаудың әсерінен өртене бастайды. Сол кезде дәл осы бағытта келе жатқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілері аға сержант Еркебұлан Жүнісов пен ефрейтор Мақсат Калямов тоқтап бірден көмек көрсетуге кіріседі.

— Жамандық ойға келмейді ғой, еш уайымсыз жүріп келе жатқанбыз. Кенет көлігіміздің алдыңғы жағынан лапылдап от шыға бастады. Қатты қорқып кеттік. Қанша көлік өтіп жатқанмен, ешкім де тоқтамады. Тек әскерилер тоқтап, жанымызды арашалап қалды. Балаларға ризамыз, екі қарт адамды құтқарып қалғанына. Үйлерінде ата-аналарының және командирлерінің дұрыс тәрбие бергені деп білеміз. Адал қызметтері үшін жауынгерлерге шынайы алғыс білдіреміз, — деді педагогикалық еңбек ардагері Соловьева Галина Анатольевна.
Алайда әскери қызметшілер тарапынан аталған жәйт бойынша әскери бөлім басшылығына еш баянат өтпеген. Оқиғаны аман қалған азаматшаның (Соловьева Галина Анатольевна, 8 708 710 90 46) Инстаграм желісіндегі “sortirovka.ast” парақшасына жолдаған алғыс хатын көргендер арқылы білдік. Не себепті баяндалмауының себебін сұрағанымызда:
— Бұл істе өзімізді батыр деп санап тұрған жоқпыз, көмек қолын созу азаматтық борышымыз ғой, соны орындадық, — деп аға сержант Еркебұлан Жүнісов қарапайым ғана жауап берді.

ҚР Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі