Ел Президентінің қолынан офицер шенін алған офицер әскери бөлімге тағайындалды
20-22 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланынының “Орталық” өңірлік қолбасшылығында 30 жас офицермен оқу-әдістемелік жиын өтті. Оқу жиынының бірінші күнінен бастап жас сардарларға әскери істің қыр-сыры үйретіліп, қызметтік жауынгерлік тапсырмаларды орындау тәсілдері практикалық түрде жеткізілді.
— Сіздерге, яғни қызметке жаңадан тағайындалған офицерлерге командирлік қабілеттеріңізді көрсетуге әрі шыңдауға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Қарамағыңыздағы сарбаздарды үйретіп, оларды Отан қорғаны етіп тәрбиелейтін — өздеріңіз. Сіздерге үш күн көлемінде өңірге берілген қызмет түрі мен бөлімнің жауапты істері көрсетілді. Ата-ана, Ұлттық ұлан Академиясы оқытушы құрамының үмітін ақтап, өз істеріңнің маманы бола беріңіздер. Сәйкесінше, шен де, лауазым да беріледі. Іске сәт! — деді өңірлік қолбасшылық қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шекарбеков жас офицерлерге командирлік сөзін арнап. Жас офицерлердің ішінде 2022 жылдың оқу озаты, «Алтын белгі» иегері Данила Горбуль де бар. Айта кетейік, ол осы жылы жоғарғы әскери оқу орнын озат аяқтап, алғашқы офицерлік «лейтенант» шенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған болатын.
— Бізге үлкен үміт артылып отыр, себебі біз сарбаздарды Отан қорғауға үйретіп, алдыңғы шепте жеке үлгі болуымыз керек. Әрбірімізге Отан алдында адал қызмет етуге тілектеспін, — деді лейтенант Данила Горбуль әріптестеріне.
22 маусым күні қорытынды жиналыста қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Қанат Беляков өз сөзінде «Әрбір сардар үшін ел Конституциясының, заңдары мен әскери жарғының талаптарын сақтау — қасиетті борыш, оны бұзуға ешкімнің қақысы жоқ» деп атап өтті.
Қорыта айтқанда, офицерлерге қызмет ету орны мен лауазымдарға тағайындалу турады бұйрық жеткізілді.
ҚР «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.