Паллиативті көмек орталығы ашылды

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі және онкологиялық аурулары бар балаларға арналған Паллиативті көмек орталығы ашылды. Орталықта пациенттер мен ата-аналарға медициналық, әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілетін болады.

Орталық Қазақстан паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының бастамасымен және «AMANAT» партиясы депутаттарының қолдауымен есігін айқара ашты

Жаңа клиникаға алғаш келгендердің бірі — Светлана Алтынбекова. Көпбалалы ана мүгедек екі бала тәрбиелеп отыр. Ұлы Шыңғыс церебралды сал ауруына шалдыққан. Светлана Қарағандыда осындай орталықтың ашылуын ұзақ жыл бойы күткенін айтады.

— Орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары көбіне тағдыр сынағымен жалғыз күреседі. Біз секілді ата-аналарға моральдық қолдау ауадай қажет, — деді Светлана.

Ашылу күні кішкентай пациенттер үшін аниматорлар ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырды. Ал аналарға сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталып, азық-түлік себеттері берілді.

— Паллиативті медициналық көмек көрсету қауіпті ауруларға шалдыққан пациенттер мен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады. Ертерек диагностика жасау, ауру салдарын дұрыс болжау мен емдеудің, сондай-ақ физикалық, психоәлеуметтік немесе моральдық тұрғыдан қолдау және басқа да мәселелерді шеше отырып, ауруды жеңілдетуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Қазақстан балаларына паллиативтік көмек қауымдастығының директоры Әлия Қадырәлиева.

Орталық сапалы көмек көрсетуі үшін медициналық қызметкерлер мен ата-аналарға оқыту курстарын өткізуді жоспарлап отыр. Қазір арнайы пациенттер кіретін клиенттік база толтырылуда. Сонымен қатар мобильді топ құру жоспарланған.

Айта кету керек, елімізде алғашқы паллиативтік орталық Алматы облысында ашылып, біраз уақыттан бері ерекше балаларды қабылдап келеді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»