Қалалық мәслихат депутаттары бас қосты
Қарағанды әкімдігінде қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Депутаттар құрылыс мәселелерін талқыға салды.
Кеңеске Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуат Бектемісов қатысты. Бөлім басшысы Қарағандының бас жоспары бекітілген сәттен бастап әзірленген жобалар туралы презентация ұсынып, алдағы кезеңге қатысты жоспарларымен бөлісті.
— Қарағанды қаласының бас жоспары ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген. Қаланың жалпы жер көлемі 50 мың гектарға жуық. Бас жоспар шеңберінде қазіргі уақытта қалада бекітілген 26 құрылыс жобасы іске асырылуда. 23-і — егжей- тегжейлі жоспарлау жобасы және үшеуі — құрылыс жобасы, — деп атап өтті спикер.
Қуат Бектемісов шаһарда мектеп, балабақша, тұрғын үй ғимараттары, спорттық және өнеркәсіптік аймақтар, өндірістік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар құрылысы жоспарланған аудандардың 20-ға жуық егжей- тегжейлі жоспарлау жобасы жайлы баяндады. Мысалы, ауданы 985 гектарды құрайтын Майқұдық ауданының егжей- тегжейлі жоспарлау жобасында 11 жалпы білім беретін және 15 мектепке дейінгі мекеме, сондай-ақ аралас қабатты тұрғын үйлер қарастырылған. Ал қаланың солтүстік өнеркәсіптік аймағындағы 1200 гектар аумақ, негізінен, өндірістік нысандарға арналған.
2021 жылы бюджеттен 48 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, толық игерілді. Жұмысты жалғастыру шеңберінде сол жылы «Жаңа ауданның» егжей- тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Бас жоспарға сәйкес, тұрғын үй ауданы — қаланың оңтүстік- шығыс жоспарлау ауданының құрамдас бөлігі. Кедергісіз даму және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілері 2021 жылы 16 егжей- тегжейлі жоспарлау жобасына өзгеріс енгізді. 250 жер учаскесі бойынша өзгертулер енгізу мүмкіндігі қаралды. Бұдан басқа 2021 жылы егжей- тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, үшінші кезектегі Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан шахта және екінші кезектегі Узенка жоспарлау ауданы, — деп толықтырды Қуат Бектемісов.
Басшының айтуынша, 2022 жылы қаланың оңтүстік- батыс тұрғын ауданының егжей- тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізу жұмыстары басталады. Жоба 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл ретте биылғы жылға бюджеттен 101 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аталмыш қаржыға Узенка ауданының егжей- тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу, үшінші кезектегі шахталық жоспарлау ауданы мен оңтүстік- батыс тұрғын ауданының егжей- тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізу жүргізіледі.
— Біз 15 жылдан бері бас жоспармен жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт аралығында егжей- тегжейлі жоспарлау жүріп, тиісінше қаржы бөлінуде. Алайда қаладағы құрылыс жағдайы мәз емес, — деп ойын білдірді депутат Борис Зорин.
Ал Қуат Бектемісов бас жоспар Сәулет және қала құрылысы бөлімінің негізгі құжаты екенін алға тартты.
— Бас жоспар 15 жыл бұрын жасалған. Бірақ бүгінде бір нәрсені өзгерту не түзету мүмкін емес. Жоспар әлі күнге дейін жартылай жүзеге асырылған жоқ. Сіз жалпылама айтып тұрсаңыз, әрине, кеңестік дәуірде салынған құрылыс нысандарының жағдайы көңіл қуантарлықтай емес. Қазір соңғы 5 жылдықта құрылыс қарқынды дамып келеді. Инвесторлар саны да артуда. Солтүстік- шығыста өнеркәсіпке арналған алаңдар да бар. Сондай-ақ игерілмеген аумақтар да жетерлік, — деп түсіндірді Сәулет бөлімінің басшысы
Бөлім басшысының айтуынша, өткен жылдан бастап қалада тұрғын үй құрылысына мониторинг жүргізіле бастаған. Себебі бұл мәселе төңірегінде келіп түскен шағымдар мен түсініспеушіліктер көп болған. Тіпті көп нысан рұқсат құжатынсыз салынған. Осыған байланысты билік заңсыз құрылысты анықтау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар тұрғын үй кешенін анықтады.
— Осы сынды шаралар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Дәл қазіргі уақытта 59 тұрғын үй кешені салынып жатыр деп сеніммен айта аламын. Оның ішінде 11 нысан бойынша прокуратурамен бірге МСҚБ органдарына рұқсат беру құжатының сәйкестігін тексеру үшін сұрау жібердік, — деп атап өтті Бектемісов.
Мәслихат депутаттары бірлескен отырыс қорытындысы жөнінде қаулы шығарылып, қала әкімдігіне жіберіледі деп шешім қабылдады. Олар Қарағандының даму болашағы жарқын екеніне сенім білдірді. Сонымен қатар Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысынан қаланың негізгі құрылысын егжей- тегжейлі жоспарлау жобасының толық презентациясын дайындауды сұрады. Мәслихат депутаттары келесі кездесуді осы саладағы ғалымдар, профессорлар, Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткізу қажеттігін айтып тарқасты
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»