Ұлытау облысы: бүгіні мен болашағы

Қазақстан картасында ресми жаңа үш облыс пайда болды. Оның бірі — Ұлытау. Халық саны 200 мыңнан сәл асатын жас облыстың құрамына 3 қала мен 2 аудан еніп отыр. Аталған облыс пен орталығы Жезқазған қаласының даму жоспары қалай?

1997 жылдың 3 мамыры. Дәл осы күні бұрынғы Жезқазған облысы ресми Қарағанды облысының құрамына кірді. Ал енді осы аймақта Ұлытау облысы құрылды. Бұл осы өңір тұрғындарының көптен күткен арманы еді.

Расына келсек, Жезқазған — ерекше қала, соған сай тұрғындарының да бір ерекшелігі байқалады. Ұлытау облыс орталығы болады деп 16 наурыз күні айтылғаннан кейін мұнда инфрақұрылымдық, жол жөндеу мәселелері жөнінде жұмыстар қызу басталып кеткен. Тұрғындардың көзіне ерекше түсіп тұрғаны — Тәуелсіздік монументі. 2015 жылы салынған монумент біраз уақыт жөнделмей тоз-тозы шыққан. Соңғы бірнеше айда қызу жөнделіп жатқанын анық байқауға болады.

Жергілікті халық та өзгерістен оң нәтиже күтеді. Бірі: «Бұрынғыдай ауруханалар дұрысталады, ешкім Қарағандыға қарай сабылмайды пойызбен. Теміржол, автобус жақсы жүретін шығар», — десе, енді бірі: «Әке-шешеміздің айтуы бойынша, ең таза, ең көркем қала болған дейді. Енді инфрақұрылым, құрылыс жағынан жанданады деп ойлаймын. Ең бастысы — сол ғой», — деп пікір білдірді.

Қарағанды облысының құрамында болған 25 жыл өңірдің әдебиеті мен мәдениетіне де өз әсерін тигізді. Ақын-жазушылар «ортадан шеттетіліп қалдық» дейді. Ал қолынан іс келетін жастар басқа қалаларға кетіп қалған.

— Қаланың өзінде жүдеу процесі болды. Біз мына сары даладағы оқшауланып тұрған қала болып қалдық. Қанша қала мәртебесі болса да, облыста болып жатқан үлкен оқиғалардан кейде бейхабар болып қалатын тұстарымыз бар. Мәдени ісшараларға белсене араласу мүмкіндіктері болмай жатады, — дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев.

Қазір Ұлытау облысынан 12 мәслихат депутаты жасақталды. Ал мәслихат хатшысы болып Бауыржан Шыңғысов сайланды. Ол тек бюджетті бекітуге емес, болашақ әкіммен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Себебі жас облыста проблема да аз емес екенін мойындау керегін айтады ол.

— Қазіргі уақытта ең басты проблема — Жезқазған қаласы тұрғындарын таза ауызсумен қамту. Екінші мәселесі — экология мәселесі. Қазір 4 министрліктен комиссия келіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. СКЛ облыс басшылары осы Жезқазған төңірегіне инвесторлар шақырып, жалғыз «Қазақмысқа» қарамай, басқа да өндіріс ашса, ол да — қосымша салық, қосымша жұмыс орны, — дейді мәслихат хатшысы.

Қазір мемлекеттік органдарды орналастыру жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған. Жоспарға сай, облыс әкімдігі бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратына қоныстанып, алдағы 3 жылда жаңа ғимаратқа көшеді. Биыл жо

балық- сметалық құжат жасақталса, алдағы 3 жылда жоспар жүзеге асады. Қазір облыс орталығына ағылып жатқандарға да жаңа үйлер салынады. Мемлекеттік органдарды орналастыру жөніндегі комиссия төрағасы Нұржан Орынбаев:

— Жезқазған қаласының батыс тұрғын үй аумағында жаңа қалалық әкімшілік орналасатын болады. Онда 7 ғимарат салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ Жезқазғанға көшіп барып тұратын мемлекеттік қызметкерлерге 162 мың шаршы метр тұрғын үй салу керек. Сондай-ақ 31 млрд. теңге сомасында инженерлік инфрақұрылым тарту керек болады, — деді.

Осылайша тұрғын үй құрылысына шамамен 50 млрд. теңге, әкімшілік ғимараттарға 13,7 млрд. теңге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 31 млрд. теңге қаржы керек. Қазір қанша бюджет қызметкері баратыны белгісіз, себебі штат лимиті Үкімет қаулысына сай жасақталатын болады.

Расул МҰХАММЕД, «QH»