Құрылыс саласындағы мәселелер талқыланды

Қалалық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясында депутаттар Қарағандыда жаңа нысандардың құрылысын талқыға салды. Отырысқа мәслихат депутаттарынан бөлек қала, аудан әкімдіктерінің, Облыстық тексеру комиссиясының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе Қарағанды әкімдігінің 2021–2025 жылдарға арналған қаланы дамыту бағдарламасының орындалуы жайлы есебі болды. Жиынды Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айнұр Апакашева 2021 жылдың қорытындысымен бастады.

— Көрсетілген нәтижелерге сәйкес, аталмыш бағдарлама аясында 11 жоба мен 16 мақсатты индикатор орындалды. Жоспарланған 132 іс-шараның 107-сі атқарылды. Жалпы, қаланы дамыту бағдарламасының орындалу пайызы 76,2-ні құрайды, — деді спикер.

Бөлім басшысының айтуынша, өткен жылға бөлінген бюджет қаражатының үлесі 38,9 %-ды құраған. Сондай-ақ 2021 жылғы 26 ақпандағы № 99 Үкімет қаулысына сәйкес, қала мен аудандарды дамыту бағдарламалары облыстың жалпы даму жоспарының құрамына кірген. Бұдан басқа, сарапшы атап өткендей, өткен жылы бюджеттік саясатты іске асыру кезінде бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, міндеттер мен жоспарларды уақытылы орындауға, сондайақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге ден қойылған.

— Табыс деңгейі сақталды. Жарналар мен басқа да төлемдер бойынша жоспар 4,9%-ға, яғни 2 млрд. 857 млн. теңгеге асыра орындалды. Қалалық бюджетке салымдар базасын кеңейтуге, жоспарға сәйкес, қосымша 1 млрд. 800 млн. теңге түсім қабылданды. Осыған байланысты бюджеттің кіріс бөлігін кеңейту жұмыстары жалғасуда, — деп сөзін жалғады Айнұр Апакашева.

Бөлім басшысы өткен жылы бюджетегі шығыс көлемі 25,5%-ға артып, 92 млрд. 655 млн. теңгені құрағанын атап өтті. Бұл ретте шығыс көлемі бойынша орындау 91 млрд. 731 млн. теңгені құрады.

— Бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелерін орындау бойынша көрсеткіштер тиісінше 93,4% және 89,6%. Жалпы, 2021 жылы бюджеттік бағдарламалардың орындалу тиімділігі 94,3%-ды құрады, — дейді сарапшы.

Сонымен қатар әлеуметтік салаға 9 млрд. 193 млн. теңге жұмсалған. Бұл қаржыға үш бағдарлама орындалды: 153 адамға тұрғын үй сертификатын беру; санаторлық- курорттық емделуге 2 624 адам және 138 еріп жүруші жіберілді; «Молодежный» МҮ жөндеу жұмыстары, хайуанаттар бағы мен «Мәңгілік алау» мемориалының аумағын абаттандыру, жастар спортын дамыту.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 25 миллиардқа жуық бюджет қаражаты тиесілі. Қаржы елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға, «Халықтық қатысу бюджетінің» 7 жобасына, 18 футбол алаңын және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған тренажерлармен жабдықталған 103 балалар ойын алаңын орнатуға жұмсалды.

— Бюджетті дамыту бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 43 инвестициялық жоба орындалды: 6 нысан пайдалануға берілді; инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жалғасуда; бюджеттен 12 млрд. теңге көлемінде трансферттер пайдаланылған стратегиялық жобалар жалғасуда; 7 жоба бойынша жобалық- сметалық құжаттама әзірленді және мемлекеттік сараптаманың 10 нәтижесі алынды, — деп толықтырды Апакашева

Сөз соңында Қаржы бөлімінің басшысы көлік инфрақұрылымын дамытуға тоқталды. Айтуынша, атқарылған жұмыстардың 60%-ы облыстық бюджеттен берілетін трансферттерден тұрады. Бұл салаға шамамен 17 млрд. 778 млн. теңге жұмсалды және Жол картасына орай үш нысан пайдалануға берілді: Волочаевский көшесі, 14-шағынаудандағы автостанция жолынан «Шығыс айналма жолы» автожолына дейін және Сұрыптау секторындағы айналма жол. Күрделі жөндеу Карл Маркс және Магнитогорск көшелері, сондай-ақ 7-магистраль бойынша жүргізілді. Автомобиль жолдарының 14 учаскесі орташа жөндеуден өтті. 7 қала маңындағы және 47 қалаішілік жолаушылар тасымалы маршруттары бойынша 4,3 млрд. теңге көлемінде субсидиялау жүргізілді.

Айта кету керек, қаланың басты құжаты соңғы екі ай ішінде бірнеше рет қаралған. Депутаттар бюджеттің атқарылуын бірнеше рет талқылап, тіпті осы мәселе бойынша қалалық қоғамдық кеңестің құптауын алды.

Жиын қала әкімінің орынбасары Тайхан Қалмахановтың Қарағанды аумағындағы нысандардың құрылыс барысы туралы баяндамасымен жалғасты. Әкім орынбасары қазіргі уақытта қалада тұрғын үй құрылысы белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.

— Бүгінгі таңда қала бойынша жеке қаражат пен инвестиция есебінен 60-тан астам нысанның құрылысы жүргізілуде. Негізінен, көпбейінді тұрғын үйлерде 800 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. Ал 2021 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 27,8 % өсіммен 412,2 мың шаршы метрді құрады, — деп бастады Қалмаханов.

Айтуынша, өткен жылы жүргізілген барлық құрылыстың 80 %-дан астамы коммерциялық тұрғын үй кешендеріне тиесілі болған. 2022 жылы 446 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның 75 %-ы коммерциялық құрылыс есебінен.

— Қалада барлық қаржы көздері есебінен тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Биылғы жылы Момышұлы көшесіндегі № 3 үйдің 2 блок-секциясын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 14-шағынауданда бес қабатты үш тұрғын үйді іске қосу жоспарланған, бұл — 180 пәтер. Осы мақсатта Белинский көшесіндегі «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 9 қабатты үйді аяқтау күтілуде. Жалпы, мемлекеттік құрылыс нысандары бойынша 348 пәтер пайдалануға берілетін болады, — деді Тайхан Қалмаханов.

Алайда, әкім орынбасарының айтуынша, кей нысанның құрылысында бірқатар мәселе баршылық. Мысалы, № 9 және № 10 «Трилистник» үйлеріне қатысты қазіргі уақытта сот талқылаулары жүргізілуде. Сондықтан олар әзірге пайдалануға берілмейді. Құрылыс уақыты созылып жатқан тағы бір нысан — «Шапағат» тұрғын үй кешенінің 3 және 4-блок-секциялары. Қазір олар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар Чапаев көшесіндегі 9 қабатты үй сот отырысына байланысты 2023 жылы ғана аяқталуы мүмкін.

— Бүгінгі таңда Құрылыс бөлімі бірқатар несиелік тұрғын үй жобасын әзірлеуде: 30-шағынаудандағы 9 қабатты үш үй (жоба сараптамадан өтуде), оңтүстік- батыс тұрғын ауданындағы ірі панельді 8 үй, 14-шағынаудандағы 5 қабатты төрт үй және Пришахтинскідегі 5 қабатты үй. Барлық төрт жоба бойынша жобалық ұйымдар анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Осы жылы аталған жобалық жұмыстарды аяқтап, оларға тиісті сараптама алуға тырысамыз, — деп атап өтті әкім орынбасары.

Қалмаханов құрылысты одан әрі дамыту және барлық салынып жатқан және қолданыстағы нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 20,5 км ЖЭО-3 үшінші магистралін салу жобасы әзірленгенін атап өтті. Жоба 4 іске қосу кешені мен 16 кезектен тұрады. 2021 жылы бірінші кезектегі алғашқы іске қосу кешені аяқталды, сондай-ақ Михайловка ауданындағы 1,5 мыңнан астам үйге газбен жабдықтау жүйелері тартылды.

— 2021 жылы Пришахтинскідегі Шахтерский кентінің тұрғындарын орталық жылуға қосу жобасын іске асыру басталды. Бұл ауданның тұрғындары ұзақ уақыт бойы жергілікті атқарушы және өкілді органдарға орталық жылумен жабдықтаудың болмауына байланысты шағымданып келген. Алдағы бір-екі жылда мәселе шешімін табады деп ойлаймын. Сондай-ақ Күнгей шағынауданында электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы бойынша жоба іске асырылуда. Тұрғын үй құрылысының бұрын есепке алынбаған объектілерін қамту үшін жобалау бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар облыстық білім және құрылыс басқармасы мектептерді жобалауда. Құрылыс бөлімі Триатлон паркіндегі 50-тиметр бассейнінің құрылысы бойынша жобаны әзірлеу жұмыстарын аяқтады. Сонымен қатар екі бірдей оқушылар сарайының (Майқұдық пен Пришахтинскіде) құрылысы да жоспарда бар, — деп түйіндеді Қалмаханов

Сессияны қалалық мәслихат депутаты Төлеген Әшімов қорытындылады. Депутат құрылыс мәселесі тұрақты комиссиялардың отырыстарында талқыланатын өзекті және ашық тақырып болып қала беретінін айтты.

— Қаладағы құрылыс саласында мәселелер жеткілікті. Мысалы: бюджет қаражаты бөлінген объектілердің құрылыс мерзімдерін кеңейту, — деді ол. — Облыстық балалар ауруханасының құрылысы баршаға мәлім. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы тұрақты сот талқылауларының салдарынан жоба 10 жылға жуық уақытқа созылды, бұл нысан мемлекеттік бюджетке 10 млрд. теңгеден астам шығын алып келді. Естеріңізге сала кетейін, жобаны аяқтау үшін тек 200 миллион теңге сұралды. Қаржы бөлінбеді, уақыт өте келе шығын көлемі 10 миллиард теңгеге ұлғайды.

Төлеген Әшімовтің айтуынша, іске асыру мерзімі құжаттамада белгіленген уақыттан асатын нысандардың барлығына сот тергеуін жүргізу қажет. Депутат 2012 жылдан бері құрылысы жүріп жатқан «Бесоба» тұрғын үй кешенін еске алды.

— Әлі күнге дейін аяқталмаған. Бетон конструкциялары жабысып, арматура тот басып, нысан адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде. Біз бірнеше рет құрылыс алаңын қоршау үшін мұндай нысандарды консервациялауды ұсындық. Алайда тіпті балалар да құрылыс нысанына еркін өте алады, — деп атап өтті қоғам белсендісі

Депутат Бюджет кодексінің 30-бабы нақты орындалмайтынын атап өтті. Аталмыш бапқа сәйкес, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жоспарлауға, іске асыруға және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге жауапты. Төлеген Әшімовтің айтуынша, тексеру комиссиясының бағалауы 2021 жылы қаланың Құрылыс бөлімінің тікелей нәтижелерінің көрсеткіші небәрі 37%-ды, ал бағдарламаларды іске асырудың тиімділігі 38%-ды құрағанын көрсетті.

— Бұл — барлық қала әкімшілігінің ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Біз сыбайлас жемқорлыққа, бітпейтін түзетулер мен сот процедураларына көп ақша жоғалтамыз. Жай ғана пайыздар емес, еселенген қаржыдан айырылудамыз. Сол себепті құрылыс саласын қалпына келтіру үшін депутаттардан осы факторға көбірек көңіл бөлулерін сұраймын, — деп түйіндеді Төлеген Әшімов.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»