Қала әкімі мереке қарсаңында балаларға ерекше сыйлық дайындады
Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүлдіршіндерге ерекше сыйлық дайындалғанын атап өтті. Кеше Орталық саябақта балаларға арналған жаңартылған теміржол іске қосылды.
Еңкейген қариядан еңбектеген сәбиге дейін қызықтайтын аттракционды әкімдік Хогвартс- экспресс стилінде әрлеген. Платформа мен композицияның көрінісі толығымен өзгертілген. Ескі пойыз қозғалтқышы 40 жылдан кейін жаңасына ауыстырылып, араға 20 жыл уақыт салынып балаларға теміржол кәсіптерінің негіздерін тегін оқыту қайта басталмақ. Бүгінде 25 бала арнайы оқудан өтіп жатыр. Жақын арада балалар теміржолын қайта құруға атсалысқан Саябақтар басқармасының барлық қызметкері марапатталады.
— Отыз жылдан астам уақыт бойы сүйікті ісімен айналысып келе жатқан теміржол жүргізушісі Виктор Луценко, саябақта 1986 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан суретші Марина Зворыгина, машинист Сергей Михайлов, машинистің көмекшісі Владимир Шишкин, дизайнер Владлен Ришкус және өз жұмысына адал басқа да мамандарға алғыс білдіремін. Жан жылуларыңызды ерекше жанқиярлықпен сыйлай отырып кішкентай қарағандылықтардың серуенін ертегіге айналдырғандарыңыз үшін көп рақмет! — деді қала әкімі.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»