Бруцеллёз

Сарып ауруы (бруцеллёз) — Brucella тұқымдас бактериялардың қоздыруымен жедел және созылмалы түрде өтетін инфекциялық-аллергиялық ауру, зооноздар тобына жатады. Аурудың жедел түрі токсико-бактериемиялық инфекция ретінде, ал созылмалы түрі полиморфты клиникалық көріністерімен сипатталып, көбінесе тірек-қимыл, орталық және перифериялық жүйке жүйелерін, жыныс мүшелерін және басқа ішкі ағзаларды зақымдаумен, хрониосепсис тәрізді ұзаққа созылуымен және рецидивті ағымымен өтеді.

Бруцелла бацилласы табиғи ортаға өте төзімді, топырақта, қида, жемде, суда 4 айға дейін өмір сүреді және осы уақытта өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толық сақтайды. Тек жоғары температураға төзімсіз, 90-100 градуста қайнатқанда ғана өледі.

Адамдарға бруцеллез ауру малдарды күткенде, жемдегенде, қора тазалағанда жұғады. Шаң-тозаң арқылы тыныс жолдарына, әсіресе қолдағы уақ жарықтар арқылы теріге енген, ерін, көз кілегей қабықтарына түскен бациллалар ауруды шапшаң қоздырады.

Ауру малдың еті мен сүтін дұрыс қайнатпай пайдалану аса қауіпті. Бруцелла бацилласы ауру малдың сүті, дәреті, сілекейімен, терімен бөлініп сыртқы қоршаған ортаны ластайды, сондықтан малдың жүнін қырыққан уақытта немесе оны жинап басқа да түрлі өңдеу жұмыстарын жүргізген уақытта да жұға береді.

Әсіресе наурыз, сәуір айларындағы төл науқанында ауру малдар іш тастайды немесе әлсіз ауру малдар өздігінен төлдей алмай, адамның көмегін қажет етеді. Осындайда мал мен адамның тікелей қатынасы — аурудың жұғуына қолайлы жағдай.

Бруцеллезден іш тастаған мал төлінің (түсіктің) кеудесінде, ішінде сұйық көп болады, түгі жетілмеген, кілегей қабықтары қанталап тұрады.

Организмге түскен бруцелла бацилласы 6-10 күн ішінде қан ағзасы арқылы лимфа түйіндеріне кіріп 10-15 күнде көбейеді, 20-30 күннен кейін қанға тарап, нерв жүйесін, буындар, бұлшық еттерді, эндокриндік жыныс бездерін зақымдайды.

Бір айдан кейін дене қызуы көтеріліп, кешке қарай безгек пайда болады. Бұл кезде науқас қалтырап, тершеңдік, шаршаңқылық, әлсіздік сезіліп, сүйек, буын және бұлшық еттері ауыра бастайды.

Бруцеллез адамнан емес, тек малдан жұғатын болғандықтан жеке бас гигиенасымен қатар мал шаруашылығына қатысты санитариялық-ветеринарлық профилактикалық комплексті шараларды да қатаң сақтау, ветеринарлық қызмет белгілеген профилактикалық шараларды уақытында орындап отыру — басты шарт.

Қожалығында малы бар әрбір адам өз малдарының есебін дұрыс беріп, малдарын ветеринарлық қызмет белгілеген кестеге сай ектіріп отыруы қажет.

Сатылып алынатын және сатылымға шығарылатын малдың, тіпті еті мен сүті саудаланатын малдың да денсаулығы туралы мал дәрігерінің анықтамасы болуы тиіс.

Мал төлдету кезінде қолға резинка қолғап, клеенкадан жеңқап, фартук, аяққа етік киген жөн. Төлдеп жатқан малға балаларды араластырмаған дұрыс, себебі олар ересектерге қарағанда ауруды өте тез қабылдайды.

Отардағы малдың жаппай іш тастауы байқалса, дереу мал дәрігерлеріне хабарлау қажет. Бақташылар мен төлшілер төл науқанынан соң бір айдан кейін міндетті түрде медициналық бақылаудан өтуі керек.

Жануарлар бруцеллезімен күресу келесі шараларға бағытталған:

а) жануарлар бруцеллезінің алдын алу;

б) бруцеллездің эпизоотиялық ошақтарын жою;

в) бруцеллезді адамдарға жұқтырмау.

Бруцеллезге қарсы шаралар ұйымдастыру-шаруашылық, ветеринариялық-санитариялық және арнайы жұмыстарды қарастырады.

Бруцеллез мал немесе арасында осы аурумен ауырған мал болған табын не отар ұсталған қора, аула, жайылым және т.б. аумақтар бруцеллездің індет ошағы саналады. Сондай-ақ организмінен (шарана суы, шу және жыныс жолдарының т.б. сұйықтығынан) бруцеллалар белсенді бөлініп жатқан мал уақытша оқшауланған қоралар мен шектеулі аумақ та індет ошағына жатады.

Бруцеллезге бейім жануарларды сатып алғанда оларды 30 күн бойы басқа малдардан оқшау ұстайды және 2 рет бруцеллезге диагностикалық зерттеу жүргізіп, 2 рет теріс нәтиже алғаннан кейін барып қана басқа жануарлармен бірге ұстауға рұқсат етіледі. Егер зерттеу бруцеллезге оң нәтиже көрсетсе, ондай жануарларды оқшаулайды және диагнозын анықтайды. Бруцеллез анықталған жағдайда, ауру малды оның жанында болған малдармен қоса етке союға тапсырады.

Жануарларды басқа адамдарға сатуға және басқа жаққа әкетуге олардың сау екені дәлелденгеннен кейін, яғни паспортында тиісті белгілер болған жағдайда ғана рұқсат. Бұл шарт бруцеллез ауруының алдын алу үшін қажет.

Тұрғындар бруцеллез ауруының таралуын және ол аурудың салдарын түсіне отырып, ветеринариялық ісшараларға көңіл бөліп, ауылшаруашылық жануарларын дер кезінде тексеруден өткізіп отыруы керек.

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы