Өндірістік аурулардың алдын алу маңызды

Өндірістік шаң-тозаң — кәсіби зияндылықтың ең көп таралған қолайсыз факторларының бірі. Қарағанды облысының санэпидбақылау департаменті:

— Шаң-тозаң өндірістік кәсіпорындарда көптеп кездеседі. Технологиялық процестер шаңның пайда болуымен және бөлінуімен қатар жүреді. Ал оған жұмыс істейтін барлық өнеркәсіптік кәсіпорын әсер етеді, — деп бөліседі.

Өңірде өнеркәсіптік және радиациялық қауіпті объектілер бөлімінің бақылауында 1 339 өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Олардың жалпы саны — 118 707 адам, оның ішінде 30 286-сы — әйел адам. Оның 59,9 %-ы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді, әйелдердің үлесі — 14,2 %. 2022 жылдың бірінші тоқсанында өнеркәсіптік жұмыс аймағындағы объектілерде 44 ауа сынамасы зерттелді, оның ішінде шекті рұқсат етілген концентрациядан 15 сынама (3,4%) асты. Өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшыларының кәсіби аурушаңдығының өсуі де байқалады.

— Осы жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысында өнеркәсіптің барлық саласы бойынша 268 кәсіптік ауру жағдайы, оның ішінде шаңның әсерінен туындаған 84 ауру жағдайы анықталды (силикоз, бронхит, антракосиликоз, пневмокониоз). Өндіріс шаңы табиғи және жасанды, минералды және органикалық болуы мүмкін, — деп түсіндіреді Санэдпибақылау департаменті.

Әдетте бөлшектердің мөлшері неғұрлым аз болса, соғұрлым ауада қалып, терінің, бронхының және альвеоланың ең кішкентай тесіктеріне енеді. Шаң бөлшектерінің ұзақ уақыт әсерінен туындаған аурулардың негізгі түрі —пневмокониоз бен силикоз. Алайда патологиялық процестер ларингит, бронхит, пневмония, қатерлі ісік, терінің зақымдануы және тағы да басқа қауіпті дертке алып келуі мүмкін.

Бұл аурулардың алдын алудың басты жолы — жұмысшылардың денсаулығына әсер ететін еңбек жағдайларын, шаңды және басқа да зиянды факторларды мерзімді бақылау. Қызметкерлердің алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтіп отыруының да маңызы зор. Мерзімді медициналық тексерудің мақсаты — шаңның ағзаға әсерін анықтау және ауыр патологияның дамуына жол бермеу үшін бронх-өкпе жүйесінің ауруларын анықтау.

Шаңның әсерінен болатын аурулардың алдын алу мақсатында медициналық- профилактикалық және техникалық- технологиялық сипаттағы жеке және ұжымдық шараларды қамтитын іс-шаралар кешенін жүргізу қажет. Ең радикалды әдіс — жұмыс аймағы ауасының шаңмен ластану ықтималдығын толығымен жою. Оны технологиялық процесті рационализациялау, жабдықтар мен технологиялық желілерді максималды герметизациялау арқылы жүзеге асыруға болады.

Басқа тәсіл ретінде адамдарды зиянды факторлардың бөлінісімен бірге жүретін жеке технологиялық процестер мен жұмыстардан оқшаулауды айтуға болады. Мұндай әсерге механикаландыру және автоматтандыру арқылы қол жеткізуге болады. Егер бұл мүмкін болмаса, шаң пайда болған жерлерге арнайы желдеткіштер орнатып, басқа жұмыс учаскелерінен оқшаулау қажет. Қабылданған шаралардың көлеміне қарамастан, үй-жайларды мұқият жүйелі түрде тазарту да маңызды.

— Жеке профилактика шараларына жұмысшыларды арнайы киіммен, респираторлармен, өнеркәсіптік газ маскаларымен, шлеммен және көзілдірікпен жабдықтау жатады. Бұған қосымша санитарлықтехникалық насихат жүргізіліп, жұмыстың қауіпсіз әдістері жайлы оқыту қажет. Өндірісте санитарлық- тұрмыстық үй-жайлар кешенін қалыптастыру маңызды. Егер зиянды әсерлерден аулақ болу мүмкін болмаса, маңызды шара — жұмыс пен демалыстың ерекше режимін белгілеу (қысқартылған жұмыс күні, қосымша демалыс және басқа да осындай шаралар), — деп бөліседі Қарағанды облысының санэпидбақылау департаменті.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»