Өндірістік сырқаттылықтағы өзекті мәселе
Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпарынша, Қарағанды облысындағы өндірістік шаңнан туындаған кәсіптік ауру-сырқаудың бүгінгі ахуалы көңіл көншітпейді. Кәсіпорындардағы норма бұзушылықтарды анықтау тексерісінің тиімділігі бойынша көрсеткіштің жоғары болуына, яғни 1-тоқсанда 100% құрағанына қарамастан, Қарағанды облысында өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшыларының кәсіптік аурушаңдық жағдайларының өсуі байқалып отыр. Қарағанды облысында ағымдағы жылдың 1-тоқсанында өнеркәсіптің барлық саласы бойынша кәсіби сырқаттанудың 268 жағдайы, оның ішінде шаңның әсерінен туындаған 84 жағдай (31,3%) (силикоз, бронхит, антракосиликоз, пневмокониоз) анықталған.
Қарағанды облысында өнеркәсіптік, радиациялыққауіпті объектілерді қадағалау бөлімінің бақылауында 1 339 өнеркәсіптік кәсіпорын бар, жұмыс істейтіндердің жалпы саны — 118 707 адам, оның ішінде 30 286-сы — әйел. Зиянды еңбек жағдайларында 71 186 (59,9%) адам, оның ішінде 16 882 әйел (жұмыс істейтіндердің жалпы санының 14,2%) жұмыспен қамтылған. Еңбек жағдайларын бағалау мақсатында 2022 жылдың 1-тоқсанында өнеркәсіптік объектілерде жұмыс аймағы ауасының 44 сынамасы зерттелді, оның нәтижесінде шекті нормалар көрсеткішінен артып кеткен 15 сынама (3,4%) анықталды.
Сол сынамалық көрсеткіштерде айқын аңғарылар өндірістік шаң дегеніміз — кәсіби зияндылықтың ең көп таралған қолайсыз факторларының бірі. Ол технологиялық процестер шаңы пайда болатын және шығатын өндірістік кәсіпорындарда кездеседі, бұл өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істейтін барлық адамға әсер етеді.
Шаң — ауада тоқтап, бірнеше ондаған микрометр (мкм) фракцияларына дейін баяу қозғалатын қатты бөлшектер. Өндірістік шаң табиғи және жасанды, минералды және органикалық болуы мүмкін. Шаң бөлшектерінің мөлшері, олардың пішіні, консистенциясы, электр заряды, ерігіштігі және химиялық құрамы сияқты сипаттамалар шаңды гигиеналық бағалау үшін де, денсаулыққа ықтимал қолайсыз әсерлердің сипаты мен ауырлығы тұрғысынан да маңызды рөл атқарады. Әдетте бөлшектердің мөлшері неғұрлым аз болса, соғұрлым олар ауада ұзақ уақыт қалады, терінің, бронхының және альвеоланың ең кішкентай тесіктеріне енеді. Шаң бөлшектерінің ұзақ уақыт әсерінен туындаған диагноздардың негізгі түрі — пневмокониоз бен силикоз, алайда патологиялық процестер басқа ауруларға, атап айтқанда, ларингит, бронхит, пневмония, онкологиялық аурулар, терінің зақымдануы және т.б. ауруларға әкелуі мүмкін.
Бұл аурулардың алдын алу үшін жұмысшылардың денсаулығына әсер ететін жұмыс орнындағы шаңды және басқа да зиянды факторларды мерзімді бақылау, еңбек жағдайларына мониторинг жүргізу қажет.
Шаңның әсерінен туындайтын аурулармен күресте жұмысшыларды алдын ала және мерзімді медициналық тексерістен өткізудің маңызы зор. Жұмысшыларды алдын ала медициналық тексерудің басты мақсаты — денсаулық жағдайы бұзылған адамдарды шаңның әсерінен денсаулығына зиян келтірмеу үшін осындай жұмысқа жібермеу
Мерзімді медициналық тексерудің мақсаты — белгіленген мерзімде шаңның ағзаға әсерін анықтау және бастапқы кезеңде бронх-өпке жүйесі ауруларын анықтау, осылайша ауыр патология дамуының алдын алуға болады.
Шаңның әсерінен болатын аурулардың алдын алу мақсатында медициналық-профилактикалық және техникалық-технологиялық сипаттағы жеке және ұжымдық шараларды қамтитын іс-шаралар кешенін жүргізу қажет. Ең радикалды әдіс — жұмыс аймағы ауасының шаңмен ластану мүмкіндігін толығымен жою. Мұны технологиялық процесті рационализациялау, яғни жабдықты, технологиялық желілерді және т.б. максималды герметизациялау арқылы жүзеге асыруға болады. Мысалы, дымқыл ұнтақтау, араластыру әдісін қолдану арқылы кірпіш, цемент өндіру барысында шаңның пайда болуын толығымен жоюға болады. Құмның орнына металл бөлшектерін пайдалану арқылы құюды тазарту кезінде технологиялық процесті рационализациялау шаңның пайда болуын күрт төмендетеді, ал гидроқұмтазартқышты қолдану шаңның пайда болуын толығымен жояды.
Зиянды факторлар бөлінетін жеке технологиялық процестер мен жұмыстардан адамдарды оқшаулау осы әдістердің бірі болуы мүмкін. Мұндай тиімді әдіске механикаландыру және автоматтандыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл мүмкін болмаған жағдайда, шаң пайда болған жерлерде арнайы сору желдеткішін орнату және басқа жұмыс учаскелерінен ауада шаң бөлінетін процестерді оқшаулау қажет. Қабылданатын шаралардың көлеміне қарамастан, үй-жайларды ылғалды тәсілмен мұқият жүйелі тазалаған жөн.
Жеке алдын алу шаралары — жұмысшыларды арнайы киіммен, респираторлармен, өнеркәсіптік газ маскаларымен, шлеммен және көзілдірікпен жабдықтау. Санитариялық-техникалық насихаттау жұмыстары және жұмыстың қауіпсіз әдістерін оқыту қосымша түрде жүргізілуі тиіс. Өндірісте санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар кешені болуы керек. Зиянды әсерлерден аулақ болу мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс пен демалыстың ерекше режимін (қысқартылған жұмыс күні, қосымша демалыс және т.б.) белгілеу маңызды шаралардың біріне жатады.
Өз тілшімізден