Е. Тоғжанов Халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-та «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының» кешенді жоспарын іске асыру бойынша кеңес өтті.
Кеңес жұмысына орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, ҰӘҚ және оның портфельдік компанияларының өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Ералы Тоғжанов «Самұрық-Қазына» қоры ұлттық экономиканың жүйе қалыптастыратын құрылымы бола отырып, осы бағдарламаны әзірлеуге тікелей қатысқанын атап өтті. Онда қазақстандықтардың еңбек қызметінен түсетін табысына тікелей әсер ететін шаралар көзделген.
Бірінші кезекте, жаңа жұмыс орындарын құрудың және кәсіпорындардың өндірістік персоналының, бюджет саласының, квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан астам қызметкерінің жалақысын арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Қор басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев өз баяндамасында «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші екенін алға тартты. Осылайша, бағдарлама аясында мемлекеттен қолдау алатын кәсіпорындарға нақты міндеттемелер белгілеу кезінде 2,8 млн қызметкердің жалақысын арттыру көзделген.
Бағдарлама, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға және жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз етуге, экономиканы әртараптандыруға, ҰӘҚ-пен тауарлар мен қызметтер өндіруге арналған оффтейк-келісімшарттар жасасу есебінен шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Бұл жаңа өнеркәсіп өндірістерін құрудың арқасында ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ саласын жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Премьер-Министрдің орынбасары халықтың табысын арттыруға айтарлықтай әсер ететін келесі жүйелі шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті:
— Сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа өндірістерді іске қосу;
— Мұнай-газ саласының 37 отандық тауар өндірушілерінің (құбырлар, сорғылар, ыдыстар, бөтелке өнімдері, геотекстильдер, тоңазытқыштар мен кондиционерлер) аралас өндірістерін құру бойынша 4 зауытты іске қосу;
— Жер қойнауын пайдаланушы 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын және орта бизнес белдеулерін ұйымдастыру, бұл кәсіпкерліктен түсетін кірістерді ұлғайтуға және тауарды өткізу нарығын кепілді түрде алуға, сондай-ақ өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Е. Тоғжанов өз назарын аударған тағы бір маңызды бағыт – фармацевтика, биотехнология, IT-технология және мұнай-химия салаларында жаңа индустриялар құру арқылы өңдеу өнеркәсібін жаңғырту. Бұл отандық тауарларды өндіру және кейіннен экспортқа шығу есебінен импортқа тәуелділікті еңсеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, өңдеу өнеркәсібінде 125 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 713 жоба іске асырылады.
Кеңес соңында Ералы Тоғжанов «Самұрық-Қазына» қоры басшылығы мен мемлекеттік органдар алдына аталған бағдарламаны табысты іске асыру жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.
⚡COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК