Қарағанды облысында мектеп медицинасына 1,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді
2022 жылы Қарағанды облысының емханаларына мектептер мен балабақшаларда медициналық көмек ұйымдастыруға 1 млрд 601 млн теңге бөлу жоспарланған. Оқу және тәрбие мекемелері бекітілген емханалар балалар денсаулығын сақтау және нығайту, олардың арасында сырқаттану деңгейін азайту бағытында шаралар жоспарлайды әрі өткізеді, профилактикалық екпе мен тексерулер кестесін жасайды, диспансерлеуге уақытылы бақылау жүргізеді.
Пришахтинскідегі «Гиппократ» емханасына 8 мектеп кіреді. Әрбір медпункт заманға сай жабдықталған және медбике жұмыс істейді. Медбике жыл бойы профилактикалық екпе және қауіп тобындағы балаларға диагностика жоспарлайды әрі жүргізеді, мектеп оқушыларын тереңдетілген медициналық тексеруден өткізу жұмысын ұйымдастырады. Сондай-ақ педагогикалық ұжымға, мектеп қызметкерлеріне және ас блогының қызметкерлеріне жұмысқа рұқсат алу үшін санитарлық кітапшаларды бақылау да медбике міндетінде.
— Мектептердегі барлық медицина қызметкері маман сертификатына ие, «Білім беру объектілері мейірбикесінің шұғыл көмек курсымен жұмысы» мамандығы бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқудан өтті, сондай-ақ жыл сайын профилактикалық екпе жүргізуге және манту реакциясының сынамасын қоюға рұқсат берумен аттестаттау өткізіледі, — дейді емхана басшысы Индира Мадиярова.
Оқу жылының басынан бері «Гиппократ» емханасының мамандары бір жарым мыңға жуық оқушыны тексерді, 88 бала невропатологтің толық тексеруіне жіберілді, 242 бала эндокринологтің ұсынымы бойынша тексеруден өтуі тиіс.
Медициналық сақтандыру қорының
Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша