Ойыншық таңдауда ойлану керек

Қазір — ақшаң болса аспандағыны да алатын заман. Оның үстіне, баласы сұраса, барын салар ата-аналар ойыншық бағасына бас ауырта бермейді. Көз жауын алар қызылды-жасылды ойыншық таңдағанда опық жегізер деп ойланбайтынымыз — шындық. Өкінішке орай, сол ойыншық атаулының көп бөлігі көршілес Қытай, Ресей елдерінен әкелінеді.

Ежелгі ойыншықтар ағаштан, саздан, сүйектен және металдан жасалса, бүгінгісі былқылдаған резеңкеден немесе бегісіз ұлпадан, түрлі пластмассадан жасалады. Қайсыбір ойыншық қолға қолайлы болғанымен, дыбысы жағымсыз. «Дисней», «Kaili» және «Неваляшка» ойыншықтары, мамық қонжықтар, жұмсақ жануарлар бейнесіндегі ойыншықтардың даусы тым қатты. Ал бала денсаулығы үшін дыбыстың деңгейден жоғары болуы есту аппаратын зақымдап, жүйке ауруларына әкеп соғады. Ойыншықтан от шығарын білетін Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қауіпсіздікті мониторингілеу шеңберінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізе отырып, сауда объектілерінде балалар ойыншықтарының және балаларға арналған өнімдердің сынамаларын іріктеп отырады. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Мысалы, бір ғана 2021 жылдың өзінде балалар ойыншықтарының іріктелген және зерттелген 248 сынамасының 122-сі немесе 49,2%-ы стандартқа сәйкес келмейтіні анықталды. Белгілі болғандай, стандартқа сай келмейтін ойыншықтар Қытай, Ресей немесе тағы да басқа белгісіз елдерден әкелінген. Талаптарға сай емес ойыншықтардың негізгі бөлігінде таңбалау талабы (96%) бұзылса, енді біразы органолептикалық көрсеткішке (2,5%) және санитариялық-химиялық көрсеткішке (1,5%) сай келмейді.

” Қытай шығарған «LOL» қуыршағында акрилонитрил, ксилол, ацетальдегид, стиролдың нормадан артық екені анықталған. Сондай-ақ машина, балалар кернейі, «Toys» жиынтығы, жасыл-қызыл түсті сылдырмақ ойыншықтарының жиектері өткір.

Ересектер баланың бір сәттік қуанышы үшін жылтыраған қытай ойыншықтарын әперуге құштар. Бірақ оның негізі химиялық қалдықтардан жасалатындықтан, баланың миын зақымдап, көру қабілетін төмендетіп, кемтарлыққа ұшырататынынан көп жағдайда хабарсыз. Бояуы тым қанық, алыстан менмұндалап тұратын ойыншықтардан сақтанған жөн. Себебі бояу құрамында фенол, формальдегид, қорғасын элементтері бар. Бұл заттар адамның жүйке жүйесіне, көз бен тыныс алу мүшелеріне кері әсер етеді.

Жеңіл өнеркәсіп өзімізде өркендемегендіктен, киімді де жаттан киеміз. Бұл орайда ойыншық сапасы ойландырарлық болғанда, киім сапасы да көңіл бөлерліктей. Өткен 2021 жылы Қарағанды облысының санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде балаларға арналған өнімнің 138 сынамасына, оның ішінде адам терісімен жанасатын бұйымдарға бірнеше сараптама жүргізілді.

” Нəтижесінде сəйкес келмейтін 118 сынама (85,5%) анықталды. Сəйкес келмейтін 118 сынаманың 92,4%-ы немесе 109-ы таңбалау талабына сай болмаса, 7,6%- ы физикалық-гигиеналық талапқа сай емес.

Балалар қалпақшасында (Қырғызстан) және жаңа туған нәрестеге арналған жиынтықта (Түркия, Өзбекстан) мата түйісіндегі тігістер ішкі жағына қаратылған, балалар шұлықтарында (Түркия) дайындау кезінде табиғи емес материалдар қолданылған, ақ көйлекте және «Glamoour Fashion» (Қытай) шалбарында гигроскопиялық көрсеткіштер төмендетілген.

Департамент тарапынан анықталған нормалық талаптар бұзылуының барлық фактісі бойынша кәсіпкерлік субъектілерге міндетті түсіндіру жұмысы жүргізіліп, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындау жөнінде нұсқама берілді.

Мамандар балаларға арналған өнімдер мен балалар ойыншықтарын мамандандырылған дүкендерден сатып алу керегін ескертеді. Сондай- -ақ сатушыдан сәйкестік сертификатын сұрауға, өнім туралы ақпараттың болуына, сыртқы түріне, өткір әрі жат иістердің, даусының қатты болмауына, өнім шығарылған материалдың сапасына және т.б. жайтқа назар аударуға шақырады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»