Кенеден қалай сақтануға болады?
Күн жылына салысымен бар табиғат жандана бастайды. Соның ішінде адам өміріне қауіпті өрмекші тектес кішкентай кенелерге де жан бітеді. Кене қауіпті бірқатар ауруды ұзақ сақтап, жануарлардан адамға тасымалдауға бейімделгендіктен адам мен үй хайуанаттарын ауруға шалдықтырады. Олар топырақта, орман төсемінде, әр түрлі ұяда, індерде, өсімдіктерде, тұщы суларда, теңіздерде тіршілік етеді. Республиканың барлық өңірінде кененің бірнеше түрі кең тараған.
Адам үшін өте қауіпті жәндік — қышыма кене. Оның мөлшері 0,2-0,5 миллиметрден аспайды, сондықтан ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана анық көрінеді. Қышыма кене адамның терісіне еніп, денені қышытады, себебі оның түлеген кездегі қабыршақтары мен бөлінді заттары денеге сіңеді.
Дәрігерлердің айтуынша, кененің шағуы адам өміріне қауіп төндірмейді. Алайда кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қауіпті. Оның салдарынан адам кене энцефалиті, КонгоҚырым геморрагиялық безгек, боррелиоз, риккетсиоз, туляремия және тағы басқа ауруларды жұқтыруы мүмкін.
Олардың ең қауіптісі — энцефалит пен боррелиоз. Бұл аурулар жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін, тіпті адамды мүгедек етіп, жанын алатын кездер де болған.
Кене шаққан кездегі басты белгілер
Кене шаққан кезде адамның басы қатты ауырып, дене қызуы 37-39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Тіпті дене қалтырап, тері бөртіп қызаруы да мүмкін. Сондай-ақ бұлшық ет ауырыпб адамның тыныс алуы қиындайды. Адамның тамаққа деген тәбеті жоғалып, жиі шаршайды.
Кене шақса не істеу керек?
Бірінші кезекте жәндікті денеден алып тастау қажет. Егер жақын жерде медбөлімше болмаса, кенені өзіңіз алып көріңіз. Кенені абайлап бұрап алу қажет. Шағып алған жерге май немесе вазелин жағудың қажеті жоқ, мұндай ем-дом керісінше әсер етеді. Әсілінде, кенені алатын арнайы құралыңыз болғаны жақсы, болмаса паразитті жіптен жасалған ілмекпен, не саусақтарыңызбен алған жөн. Ең бастысы — кенені тұмсығына жақын ұстаңыз, оны баспаңыз және жұлып алуға тырыспаңыз, әйтпесе тұмсығы теріге жабысып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда қысқыш пайдалану дұрыс емес. Кенені суырып алған соң санэпидемстанция зертханасына барып, жәндікті анализге тапсырыңыз. Анализ нәтижесі бойынша дәрігер сізге ем жазып береді. Бактериялық жұқпалар, соның ішінде боррелиоз антибиотиктермен емделеді. Ал энцефалит жағдайы сәл күрделірек. Мұндайда сізге энцефалитке қарсы сарысу дәрісін егеді, кене шаққан соң төрт күн бойы ем алуыңыз қажет
Егер кененің басы толық шықпай, теріде қара дақ түрінде қалып қойса, бірден дәрігерге бару керек. Қауіпті жәндікті теріден алған соң оның орнын йодпен немесе спиртпен зарарсыздандырған жөн. Сондай-ақ қолды мұқият жуып, оны йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кене қан сорған кезде, оның жұқпалы вирустары денеде қалып қою мүмкін.
Денеден алынған кенені жағып жіберген дұрыс. Қайнап тұрған суға салуға да болады. Осыдан соң адам 3 апта бойы денсаулығына мұқият болуы тиіс. Аурудың белгілері анықталған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік), бірден дәрігерге тексерілу қажет.
Кене шаққанда не істеуге болмайды?
Дәрігерлер кене шаққан кезде 3 әрекетті жасамау керегін ескертеді:
- терідегі кенені сықпау керек. Себебі кенеде қауіпті вирустар бар. Ол қолдың ашық жаралары немесе тыртықтар арқылы адам ағзасына енуі мүмкін;
- теріге жабысқан кенені жұлмау керек. Өйткені оны жұлған кезде жәндіктің басы теріде қалып қояды. Салдарынан жәндіктің улы сөлі адам ағзасына тарайды;
- кенені тіспен жұлуға да болмайды. Себебі мұндайда қоздырғыш жұқтыру қаупі жоғары.
Кенеден қалай қорғануға болады?
Кенелер қалың шөптің, бұталардың, құлаған ағаштардың арасын мекендейді. Олар ағаштан түседі деген пікір бар, бірақ бұл дұрыс емес. Әдетте олар жерден денеге тез көтеріледі. Сондықтан табиғат аясына шыққанда жабық аяқкиім және денеңізге қонымды киім киіңіз. Шалбар балағын шұлық ішіне, ал жейде немесе футболка етегін шалбар ішіне салыңыз, баскиім киіңіз. Көбіне кенелер терінің бүгілген аймақтарын (мойын, қолтық, тізе асты), сонымен қатар шаш аймағын шағуға құмар. Серуеннен кейін осы жерлерді мұқият тексеріңіз. Кенелерден қорғайтын крем мен спрейлерді пайдаланыңыз. Денсаулығыңызға қатты алаңдасаңыз, кене энцефалитіне қарсы екпе жасатуыңызға болады. Әдетте жоспарлы вакцинация қыс мезгілінің басында жасалады.
Айта кетейік, кене энцефалиті бір адамнан екінші адамға жұқпайды, онымен ауырған адам қоғамға қауіпті емес.
Балмаханова Қ.С., Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы