Ораза — жанның азығы, тәннің шипасы

Ай патшасы — Рамазан келіп, ауыз бекіткенімізге де бірер апта болды. Өңірдегі кей тұрғынның ораза тұтқанына жарты ғасырдан асса, енді бірі осы жылы алғаш ауыз бекітті. Осыған орай Қарағанды облысының Бас имамы Өмірзақ Қажы Бекқожадан ораза парызына қатысты бірқатар сұраққа жауап алғанды жөн көрдік.

— Бір қуаныштысы — тәуелсіздік алған халқымыз қазір рухани байлыққа, талай жыл тасада қалған дінімізге, көңіл бөле бастады. Оның бір айғағы — жылына бір мәрте келетін Рамазан айында ораза тұтып иманға бет бұрушылар саны жылдан-жылға көбеюде. Әңгімені жалпы оразаның парызынан бастағанымыз жөн болар…

— Ораза — мұсылмандар үшін ұлық парыз. Ислам дінінің негізгі бес парызының бірі. Бірінші парыздан, яғни иман келтіргеннен кейін намаз, ораза, зекет және қажылық парыз болады. Құранда «Бақара» сүресінің 183-аятында Алла Тағаланың оразаны пенделеріне парыз еткені жазылған. «Әй, иман келтіргендер! Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай, ораза парыз қылынды», — делінген. Сол себепті ораза ұстау — әр мұсылманның парызы. Рамазан айы — тек ораза ұстау, ашығу айы ғана емес, Алланың бізге жіберген сыйы. Жаратушы осы қасиетті құлшылықты бізге тарту етті. Неге «қасиетті құлшылық» дейсіз ғой? Алла Тағала пенделерін жаратқан кезде олардың тек жаннаттық болғанын қалады. Сондықтан жаннатқа лайықты амалдарды бұйырады. Күнәларымыз үшін кешірім сұрап, дұрыс жолға түсуіміз үшін қасиетті Рамазан айын нәсіп етті. Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) мінберге бір саты жоғары көтерілгенде «Әмин» деген екен. Екінші басқанда тағы да «Әмин» депті. Үшіншіде тағы айтыпты. Мінберден түскеннен кейін, сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, бүгін сізден бұған дейін көрмеген қимыл көрдік. Не екенін түсіндірмес пе екенсіз?» — деп сұрапты. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәбірейіл (ғ.с.) періште келіп: «Рамазанға жете тұра ораза ұстап күнәдан тазармаған адам оңбасын», — деді. Мен «Әмин» дедім. Екінші сатыға шыққанымда: «Сенің атыңды ести тұра, салауат айтпаған адам оңбасын», — деді. Мен «Әмин» дедім. Үшінші сатыға шыққанымда: «Әкешешесі қартайғанда, соларды бағып ризалығын ала алмаған адам оңбасын», — деді. Мен тағы да «Әмин» дедім», — деп түсіндіріпті. Бұл айда әр мұсылманның сауабы еселеніп жазылады. Сол себепті Алла Тағала адам баласының тәубе қылғанын қалап, осындай ізгі амалдарды нәсіп еткен.

— Ораза ашығу үшін ұстала ма, әлде оның басқа да бір себебі бар ма?

— Бұл жөнінде медицина ғылымы көптеген дәлел жүргізген. Жасыратыны жоқ, бүгінде ашығу арқылы адамды емдеу әдісі тәжірибеге енгізілуде. Бірақ оразаның мақсаты — ашығу емес, яғни денсаулық пайдасын көздемейді. Мұндағы көзделетіні — Алланың разылығы. Демек, бізді Жаратқан Иенің әміріне бой ұсыну арқылы, сондай-ақ Оның әмірін екі етпестен, яғни Алла Тағала бекіткен ереже мен қағидаға сай, Алланың разылығын көздеп қана ораза ұстау. Бұл тұрғысында хадис-құдсида: «Барлық жақсылықтың қарымы періште арқылы беріледі. Ал Рамазанның қарымын жеке Өзім беремін», — делінген. Сол себептен бұл жерде мейірімі шексіз Алламен ортадағы сыр болған соң біз оразаны тек қана Алланың разылығы үшін ұстаймыз. Әрине, Алла разы болса, мұнан қоғамға, адам денсаулығына, сонымен қатар жеке басқа келетін пайда орасан зор. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Алла пендесіне не нәрсені парыз қылған болса, онда адам үшін де, қоғам үшін де өте игілікті әрі көптеген нығмет бар деген сөз.

— Оразада пітір садақасы назарға алынады. Оның биыл белгіленген мөлшері қандай?

— Дұрыс айтасыз. Пітір садақасы — барша мұсылманға уәжіп, яғни міндетті деп саналған. ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 500 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Сондай-ақ Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Бір міскіннің тамағын берсін», — деген. Яғни фидия бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең не кешке тамақтандыру. Оны ақшалай беруге де болады. Ал биыл мүфтият бекіткен мөлшермен есептесек, таңғы ас пен кешкі асты қоса есептегендегі құны 3000 теңгені құрайды. Енді осыны отыз күнге шақсақ — 90 000 теңге.

— Шынын айтсақ, әлі күнге дейін ораза туралы түсінік әркімде әрқалай. Әсіресе алғаш рет ораза тұтқан жанға көп кеңес керек сыңайлы. Осы ретте оразаны не бұзады, не бұзбайды?

— Бастыларына тоқталып өтсем. Әдейі ішіп-жеу, темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар ине еккізу бұзатын болса, ұмытып ішіп-жеу, әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізу, аузына келген қақырықты жұту, құлаққа су кіру, темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тоза — ңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшысы тамаққа еріксіз кірген жағдайда ораза бұзылмайды. Тістің арасында қал — ған тамақ қалдығы ноқаттан кішкене болса, оны жұту да оразаға кедергі келтірмейді. Дегенмен мына жайды ескерген жөн: байқамай ішіп-жеп қойғаны еске түскенде дереу тоқтату керек. Егер сапарға шыққан адам болса ауыз бекітпеуіне болады. Оның орнын басқа бір күні толтыруына рұқсат. Денсаулығы көтермейтін кәрі кісінің кедейді таңғы немесе кешкі асын беріп тойдыруына жол ашық. Оған мүмкіншілігі келмесе тәубе етеді. Екіқабат, сол секілді емізулі баласы бар әйел өз денсаулығына қауіппен қараса, оразадан босатылады. Тек кейін қазасын өтеу парыз болады.

— Рамазан айындағы оразаға ниет қылудың үкімі қандай және қай кезде ниет қылады? Рамазаннан алдын Ережеп, Шағбан айларынан бастап ниет етіп жатады. Бұл барша мұсылманға міндет етіле ме?

— Ораза — ғибадат, ал ғибадат дұрыс болу үшін ниет шарт етіледі. Яғни оразаға ниет ету — міндет. Көп адамның Рамазанға деген махаббаты соншалық, бұл айдан кейін де Шәуал айының алты күн оразасын ұстайды. Одан кейін де жыл бойы дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстайтын жандар көп. Ережеп айында да ораза ұстайтындар жетерлік. Аталған нәпіл оразаның барлығы ерікті түрде, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен ұсталады. Алайда бұл айларда ораза ұстау парыз етілмеген. Рамазан айында ораза ұстауға ниет етпеген жандар айналасындағы ораза ұстаушылардың құлшылығына қызығып, жүрегінде ықылас пайда болып жатса, бұл айдың кез келген күнінде оразаны бастап кетуге болады. Тек ораза ұстамаған күндерін жылдың басқа уақытында қарыз ретінде толтырады. Рамазан оразасына ниет ету шам намазынан басталып, ораза ұстайтын күннің сәске уақытына дейін рұқсат. Ниет, негізінде, жүрекпен жасалады. Яғни түнде ертең ораза ұстайтыны жайында ойлаған адам ниет еткен болып есептеледі. Ораза ұстау ниетімен сәресіге тұрған адамның бұл ойы да ниет болып есептеледі. Оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бірақ жүрегімен қоса тілмен жеткізсе, одан да жақсы. Сондықтан ораза ұстайтын адам әрі жүрегімен, әрі тілімен ниет етіп: «Ниет еттім Рамазанның ертеңгі оразасын ұстауға», — деп айтуы абзал.

— Жұртшылыққа тілегіңіз?

— Рамазан — сондай берекелі ай. Барша мұсылман қауымына Рамазан айы берекелі болсын! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Әлі ниет етпеген жандар болса, жоғарыда айтқандай, Рамазанның кез келген күнінде ниет етіп кіруге болады. Рамазанда қалған 11 айға жететіндей рухани қуат, бата алуға талпынуымыз қажет. Айтулы айдың қадір-қасиетін сезініп зор сауаппен өткізуімізді, қалған 11 айға рухани қуат алуымызды Хақ Тағала баршамызға нәсіп етсін. Халқымыздың ауызбіршілігін мықтап, берекелі қылсын. Баршамыздың жүрегімізге берік иман, бауырмалдық, қамқорлық сезімдері орнасын. Әрбір жанұяға тек шаттық тілеймін. Алла Тағала жаңа Қазақстанның алпауыт елдермен терезесі тең, керегесі кең ел болуын жазсын! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»