«Өмір сүргім келеді…»

Қарағандыда қоғам қайраткері, тіл жанашыры, композитор Бақытқали Мұхамедқалиұлы Мұсабековті еске алуға арналған кеш өтті. Ұлт мүддесін талай қорғап, небір дүлей күштің бетін қайтарған, қиналғанда қамал болған, сөз өнерін меңгерген, қазақтың би-шешен, ақын-жырауларының қызыл тілі жез таңдайынан төгіліп, бізге жеткен шығармаларын шебер мақамдаушы оратор, журналист- публицист, әнші-сазгердің дүниеден өткеніне де бір жылға жуықтады.

Жер бетінде жасаған ғұмырында өз ортасының руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Бақытқали Мұсабековті еске алу кеші «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» ҚБ президенті Гүлнар Құрбанбаеваның бастамасымен қолға алынған. Бұл идеяны мәдениет майталманы Рымбала Омарбекова да қолдап, «Қарағанды қаласының академиялық музыкалық- комедия театрының» сахнасында композитордың шығармашылығы қайта жаңғырды.

Кештің алғашқы бөлімі ұлтымызға тән асыл қасиеттер өн бойынан табылатын қоғам қайраткерінің ғылым саласындағы еңбек жолына арналды.

— Жасынан фольклор әлемі қызықтырған ол жадында тұнған ұлағат- ғақлияны сөз қадірін ұғар кез келген аудиторияда мақпал тембрлі үнімен мәнерлеп насихаттай жүретін. А л өзінің шығармашылық кешінде сегіз қырлы, бір сырлы Мұсабеков сонау ықылым замандарда-ақ адами адал қарекетпен ғұмыр кешіп, ұрпақ өсірудің, ел мен жерді сақтаудың моралін, заңдық этикасын ұсынған грек философы Демосфеннің, римдік Сенеканың, қытайлық Құң-фу-цзы, француздық Дидроның, арабтық Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна) сөздерінен бөлек, даналық әпсана қалдырған Ұлы Дала философтары Майқы би мен Аяз бидің, Асанқайғы бабаның, Әз Жәнібектің қарадан шыққан кеңесшісі Жиренше шешеннің, тоқсан тарау толғайтын Ақтанберлі, Шалкиіз, Қазтуған жыраулардың, Қараменде- Жанғұттының, Сырым мен Мөңкенің, Қазақтың бағына біткен Әнет бабаң, Төле, Бұқар, Қазыбек билердің, қараңғыда қалғыған елін күннің өткір сәулесіндей сөзімен оятқан кемеңгер Абайдың мұрасын тыңдарманға гауһар, лағыл, маржандай шашқаны жадымызда, — дейді Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев. — Қарағанды өңірінде қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде қолданысқа енуіне атсалысып қана қоймай, сол кездегі Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Жамбыл Ақылбаевпен бірге Қарағандыдағы жер-қазба карталарын ана тілімізге аударған ардақты азамат. Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын да қолға алып, дәріптеген бірден-бір жан — Бақытқали Мұсабеков.

Бірінші бөлімде сахна төріне Құдайберген Бексұлтанов, Гүлнарайым Қаңтарбекова, Ерлан Құсайын сынды азаматтар шығып, қоғам қайраткері туралы естеліктерімен бөлісті.

Жылы жүзді, ыстық ықыласты Бақытқали Мұхамедқалиұлын еске алу кешінде сахна төрі де тіл жанашырының кең пейіліндей қонақжай- бөлме стилінде әрленді. Ардақты азамат бірқатар креативті жобасымен, оның ішінде қазақтың ежелгі салтдәстүрлеріне негізделген шешендік өнер мектебі және композиторлық дарынымен белгілі болды. Кештің екінші бөлімі сегіз қырлы, бір сырлы жанның осы бір сазгерлігіне арналды. Белгілі қоғам қайраткері, Қарағанды облысының құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызы және Облыстық композиторлар одағының төрағасы Марат Сутюшев аталмыш бөлімнің құрметті қонақтары ретінде сахнаға көтерілді. Сонымен қатар Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік әншілері композитордың әуезді әндерімен жиналған жұрттың құлақ құрышын қандырды.

— Бәкең бала жасынан музыкаға үйір болды. Баянда, үрмелі аспаптарда, фортепианода ойнауды игерді, оқу жылдарында политехникалық институттың оркестрінде ойнады. Тұңғыш әуенін 1974 жылы жазды. Абайдың «Өзгеге, көңілім, тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың?» жолдары оны шығармашылыққа итермеледі. Ол кейінірек осы жолдарды музыкаға салып, одан белгілі ән туындады. Ал «Ақсұнқардай баулыған» тұңғыш әнін Бақытқали әкесіне арнады. Анасына, туған Қарқаралысына, Қарағанды қаласына арналған әндер жазды, — деп толықтырды Серік Санаубаев.

Кештің үшінші бөлімінде кәсіптік техникалық білім беру жүйесінің үздігі, «Тіл жанашыры» төсбелгісі иегерінің оқу-ағартушылық қызметі жайында айтылды. Бақытқали Мұхамедқалиұлы «Шешендік өнер әліппесі», «Мақсатқа жету технологиясы», «Көшбасшылыққа үйренеміз» және «Тиімділігі жоғары адамдардың жеті дағдысы», «Шешендік өнердің он сабағы» кітаптарының авторы ретінде таныстырылып, еңбектері сатылымға қойылып, нақыл сөздері көрініс тапқан көрме өтті.

Кеш Бақытқали Мұсабековтің «Өмір сүргім келеді» кітабын негізге ала отырып ұйымдастырылған. Аталмыш кітапқа алғы сөз жазған Жазушылар одағының мүшесі Абзал Бөкен Алматыдан арнайы ыстық лебізін жеткізді.

Ұлтымызға тән асыл қасиеттер өн бойынан табылатын қоғам қайраткерін еске алу кешінде белгілі әнші, композитор Марат Бекішов «Құстар қайтып барады» әнін шырқап, артқы фонда Бақытқали Мұсабековтің бейнесі жарқ еткен жұлдызға айналып, көп жұлдыздың қатарынан орын тапты.

Бақытқали Мұхамедқалиұлының жарқын бейнесі көп жұлдыздың арасында ғана емес, әрқайсысымыздың жүрегімізде шығармашылық тұлға, дана ұстаз және өмірін Отанына қалтқысыз қызмет етуге арнаған шынайы патриот ретінде мәңгілік сақталады!

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»