Қарағанды облысында биыл 13 ауыл мен кент әкімі сайланады
Қарағанды облысында 13 әкімнің лауазымына 40 кандидат тіркелген. Қазір олар үгіт жүргізіп жатыр. Сайлау 10 сәуірде сегіз ауылдық ауданда, сондай-ақ Жезқазған қаласының Кеңгір кентінде және аудандық маңызы бар Абай қаласында өтеді.
Сайлау алдындағы науқан барысы туралы облыс әкімдігінде аппараттық кеңесте айтылды. «2021 жылдан бастап аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдар мен кенттердің әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Өткен жылы Қарағанды облысында 89 ауыл әкімі сайланды. Біз бүгін олардың белсенді және сындарлы жұмысын көріп отырмыз. Олар өңірлердің дамуына жаңа серпін берді. Қазір сайлау науқаны 13 округте жүріп жатыр. Ауылдық округтер, ауылдар мен кенттер, сондай-ақ аудандық маңызы бар Абай қаласының әкімдерін сайлау өтеді», — деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мәдина Апиеваның ақпараты бойынша, әкім лауазымына 45 кандидат ұсынылып, оның 40-ы тіркелді. «Сайлауға 10 аумақтық, 43 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Сайлау комиссияларының 325 мүшесі жұмылдырылады. Сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары жүргізілуде», — деді Мәдина Апиева.
Жеңіс Қасымбек аудандар мен Жезқазған қаласының әкімдеріне дауыс беру пункттерінде қажетті материалдық-техникалық және санитарлық жағдайларды қамтамасыз етуді тапсырды. Полиция сайлау учаскелерін күзетуі және қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалауы тиіс. Оныншы сәуірде келесі әкімдерді сайлау өтеді:
- Жезқазған қаласының Кеңгір кенті;
- Абай қаласы;
- Абай ауданының Есенкелді және Құрма ауылдық округтері;
- Ақтоғай ауданының Шабанбай ауылдық округі;
- Бұқар жырау ауданы Көкпекті ауылдық округінің Ақтөре ауылы;
- Жаңаарқа ауданының Талдыбұлақ ауылдық округі; Қарқаралы ауданының Темірші ауылдық округі;
- Нұра ауданының Құланөтпес ауылы;
- Осакаров ауданының Қарағайлы және Пионер ауылдық округтері;
- Ұлытау ауданының Қарсақбай кенті. Әкімнің баспасөз қызметі