Салауатты өмір салтын ұстанайық!

Қарағанды облысының билігі халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырады және іс-шаралар кешені үздіксіз ұйымдастырылуда. Алайда «жұмыс тиімділігі жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ барлық мүдделі ведомстволардың белсенді қатысуымен ғана мүмкін болады» деп есептейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев. Ол бұл туралы 4 сәуірде өткен аппараттық жиналыста айтты. Сонымен қатар қарағандылықтардың жаман әрі зиян әдеттерге деген қызығушылығы әлі де бәсеңдемегенін алға тартты.

Гамаль Сайлауұлы өз баяндамасын салауатты өмір салтын ұстанудың оң тұстарын атап өтуден бастап, салауатты өмір салты әлеуметтік маңызды ауруларды азайтуға ықпал ететінін айтты.

— Сонымен қатар қолайсыз экологиялық жағдай да, мінез- құлық негізіне ие тәуекел факторлары да, темекі шегу, алкоголь, уытты және психобелсенді заттарды пайдалану, денені тұрақты жаттықтыруға қызығушылық болмауы да денсаулықтың бұзылу себептеріне жатады, — деп жалғастырды Гамаль Тоқсамбаев. — Салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру мәселелері әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау туралы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында көрініс тапты. Ол ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимылды көздейді. Облыста кең тараған салауатты өмір салты қызметі жұмыс істейді. Қызмет барысы тақырыптық іс-шараларды үйлестіруге, ұйымдастыруға және өткізуге арналған. Қызметті басқарма жанындағы «Салауатты өмір салты» бөлімі басқарады. Өңірде жалпы 61 кабинет болса, 40 «дені сау бала» кабинеті жұмыс істейді.

2006 жылдан бастап облыс емханаларында денсаулық сақтау проблемалары бойынша кешенді медициналық- әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін жасөспірімдер мен жастарға арналған 10 денсаулық орталығы ашылды. Аталған барлық бөлімше компьютерлік техникамен, сондай-ақ дәрістік және көрнекі материалдармен жабдықталған, — деп бөлісті Гамаль Сайлауұлы.

— Бұқаралық іс-шараларды біз де халық арасында салауатты өмір салтын ілгерілету бағытындағы пәрменді шараға жатқызамыз. Бұл ісшараларға бүкіл отбасы, соның ішінде жастар қатысады, — деді спикер. — Алайда жұмыстың шынайы тиімділігі жергілікті жерлердегі атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ барлық мүдделі ведомстволардың белсенді қатысуымен ғана мүмкін болады. Олар: білім, мәдениет, жастар саясаты, дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ ішкі саясат басқармалары.

Жеңіс Қасымбек те бұл мәселе бойынша өз ойын ортаға салды:

— Балалардың спорт түрлеріне көбірек қол жеткізуі үшін қаржыландыруды көбейтіп, спорт секцияларының санын арттыру маңызды. Сол кезде ғана дені сау ересектерді тәрбиелеу мүмкіндігі туады. Қаржыландыру мәселесі биыл шешілетін болады, сондықтан қажеттілік өсіп келеді, — дейді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек ақпараттық жұмысты кешенді түрде ұйымдастыруды тапсырды. Аймақ басшысы жастарды әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыруға кеңес берді.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»