Хайуанаттар бағында үш қонжық өмірге келді

Қарағандыдағы хайуанаттар бағында жуырда ғана қалың ұйқыдан оянған қос қоңыр аю үш бірдей қонжықты дүниеге әкелді. Маймақтар соңғы рет 5 жыл бұрын төлдеген екен. Биыл олардың тұратын жері жаңартылып, торы кеңейтілген, бассейн салынған. Осының барлығы аюлардың уақытылы күйлеуіне әсер еткенін айтты зообақ маманы Серік Рысбек. Қазір қонжықтардың күйі жақсы, тез шираған. Тек Маша есімді маймақ балаларын қызғанып, келушілерге көрсетпей, торда тығып ұстайды екен. Ал Бэтти есімді екінші аюдың алғашқы төлдеуі. Сондықтан болар, көпшілік алдында қонжығымен емін-еркін ойнап жүр. Бір қызығы, қонжықтардың жынысы әзірге белгісіз. Бірақ соған қарамастан хайуанаттар бағы әлеуметтік желі арқылы қонжықтардың есімін таңдауға байқау жариялады. Айта кетейік, қазір мұнда жан-жануардың 181 түрі бар. Шамамен 870 аң-құс мекендейді. Зообақ әкімшілігі енді зебрадан төл алу үшін аналығын іздеп жүр.

Асыл АЙБЕК,

«QH»