Сапасыз жол жөндеуді қажет етеді
Сәуір айының ортасынан кеншілер шаһарында автожолдарда жаппай мониторинг жүргізіле бастайды. Алайда қала жолдарының жай-күйіне қатысты шағымдар қазірдің өзінде үдей түсті. Ойдым-ойдым көшелер мен ондағы көлшіктер — тәжірибелі жүргізушілердің өзіне үлкен сынақ.
Жыл сайын еріген қар суымен бірге асфальт беті қоса ағып кетеді. Бюджеттен бірнеше миллиард теңге де әр жылы осы уақытша жол төсеміне жұмсалады. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осы мәселенің шешімін табу үшін кеңес өткізіп, жауапты тұлғалардың басын қосты.
— Біздегі ортақ жол желісі — 920 шақырым. Оның 104,1 шақырымына кепілдік қызмет көрсетіліп отыр. Барлығы 62 учаскеге кепілдік берілген. Бүгінгі күні көктемгі тексеру жұмыстары басталғанға дейін алдын ала 10 учаскеде ақау бар екені анықталды, — деп мәлім етті Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы м. а. Рүстем Қожақапанов. Оның сөзінше, жүргізушілер ең көп шағымданатын жолдар тізімі автопарктермен бірлесе отырып жасалған. Оған Қазыбек би ауданында 10, Әлихан Бөкейхан ауданында 11 нысан енген. Мердігерлерге асфальтты қалпына келтіру тапсырылды. Жұмыс ауа райы қолайлы болған кезде басталуы керек. Ал бұған дейін уақытша шаралар қабылданады, яғни шұңқырлар таспен жабылады. Қалада қар тазалау және шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ермағанбет Бөлекпаев бұл жұмысқа мүмкіндігінше бүкіл күшті жұмылдыруды, сондай-ақ нөсер ағынын уақытылы тазалауды тапсырды.
Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстиннің айтуынша, жөндеу бригадалары Бұқар жырау, Назарбаев, Әбдіров, Республика даңғылдарында, сондай- -ақ Ғарышкерлер, Гоголь, Бұқпа, Б. Момышұлы көшелерінде және 15-магистральда пайда болған шұңқырларды уақытша тегістеу жұмыстарын жүргізуде.
Әкімдіктің мәліметінше, олар бес мердігерлік ұйыммен шарт жасасқан. Мамандандырылған 157 техника, механикаландырылған 15 кіші техника, 150 жұмысшы екі ауысымда жұмыс істеуде
Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі уақытша шаралар Ә. Бөкейхан атындағы ауданда да қарқынды жүргізілуде.
— Жол шұңқырларын толтыру үшін жол фрезасын қолданамыз, — деді Ә. Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасары Сатпек Абдакаликов. — Кей жерде шұңқырлар толтырылған. Мұндай жұмыстар барлық секторда жүргізілетін болады.
Әкім орынбасарының айтуынша, қысқы және жазғы жолдарды күтіп ұстау жұмыстары бес мердігерлік ұйымға жүктелген.
Мамыр айында Қарағандыда ауқымды жөндеу науқаны басталады. Рүстем Қожақапановтың айтуынша, биыл жолдарды орташа жөндеуге 2,492 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 24 көшеде 26,17 шақырымдық жол жөндеу жоспарланған.
Жөндеу жұмыстарына 400 миллион теңге қарастырылған. Аталмыш сома 66 мың шаршы метрді ретке келтіруге, 26 шақырым жердегі шұңқырларды арнайы ерітіндімен толтыруға жеткілікті. Ермағанбет Бөлекпаев аймақ басшылығы облыстық бюджеттен жөндеуге қосымша қаражат бөлуге уәде бергенін атап өтті.
— Бүгінгі таңда Бөкетов көшесі бойынша қаланың автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жөнінде сегіз жоба әзірленді: Мұқанов көшесінен Үштөбе кентіне дейінгі автожол, Лига көшесі бойынша «Майқұдық — Жаңа Қарағанды» теміржол желісі арқылы жол өтпесін салу және Үлкен Михайловка станциясы ауданында теміржол арқылы жаяу жүргіншілер өтпесін салу, — деді Рүстем Қожақапанов. — Сондай-ақ Ғарышкерлер көшесі бойындағы автомобиль жолын қайта жаңарту, Асфальт — Четск — Волочаев көшелері, Пичугин — Пригородный көшелері бойындағы автожолдарды күрделі жөндеу жоспарланған. Сәулет және Көлік цехы көшелерінің қиылысында да айтарлықтай өзгерістер болады. К. Маркс — Магнитогорск көшесі және 7-магистраль бойынша өтетін объектілер де аяқталады. «Жол активтері сапасы орталығы» ЖШС-мен келісімшарт жасағанымызды атап өткен жөн: онда барлық жол материалы сынаққа жіберіледі. Мұндай жұмыс маусым бойы жүргізіледі. Бұл — нысан пайдалануға берілгенге дейін сәйкес келмейтін материалдарды уақытында ауыстыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Жол активтері сапасы орталығының өкілдері мердігерлерге битумнан қаржы үнемдемеуді және міндетті түрде түрлі қоспалар пайдалануды ұсынды.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»