Қазақтың «Жезкиігі»

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдени қызметкері, әйгілі сазгер-әнші, «қазақтың жезкиігі» атанып кеткен Жақсыкелді Сейіловтің жеке заттары Жезқазғандағы тарихи- археологиялық музейіне тапсырылды. Құнды жәдігерлерді осы күнге дейін замандастары көздің қарашығындай сақтап келген. Алматыдан арнайы жеткен қоғам қайраткері Мәди Артығалиев музей қорына сазгердің күйсандығын, ал ардагер журналист Әли Тойжігітов дипломатын өткізді. Салтанатты шараға Жақсыкелді Сейіловтің туған- туыстары, достары, әріптестері, жерлестері жиналып, ескі күндерден естелік айтты.

Сонау 1970 жылдары жарық жұлдыздай жарқ етіп шығып, қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген әйгілі «Қаракөз» ансамблін білмейтін адам кемде-кем. Ал оның негізін қалаған Жақсыкелді Сейілов еді. Өнер ұжымы, негізінен, сазгердің авторлық әндерін орындап, тыңдарманның қошеметіне бөленді. Жақсыкелді Сейіловтің жүрегін жарып шыққан сазды әуендері әлі күнге айтылып келеді. «Ана туралы баллада», «Неге солай?», «Әке туралы ой», «Кездесу», «Жезкиік» — жастың да, жасамыстың да жадында жатталып қалған шығарма.

— Ол — өте сезімтал жан. Мына жарық дүниені қос жанарымен емес, көкірек көзімен көретін сыршыл сазгер еді. Тұла бойын шабыт кернеген уақытта қара баянын құлаштай керіп, әуелете ән салушы еді. Біз ұйып тыңдайтын едік, — дейді өнердегі әріптесі Мәди Артығалиев

Ал қара дипломатты Қазақстанның құрметті журналисі Әли Тойжігітов 42 жыл сақтап келген.

— Ол кезде дипломат деген таптырмайтын. Ақшаңа да сатып ала алмайсың. Тек басшылардың қолында жүретін. Содан кейін Жақсыкелді Сейілов ұстаушы еді. Ноталарын салып жүретін. Бірде үйінде болғанда қызығып қолыма ұстап көрдім. Оны Жақсыкелді көрмесе де сезіп қойды. Сөйтіп, мәрттік танытып маған сыйлап жіберген еді, — дейді Әли Тойжігітов.

Биыл өнер саңлағының өмірден озғанына 25 жыл. Осыған орай музейде арнайы экспозиция ашылатын болды. Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров көпшілік алдында уәдесін берді. Сондай-ақ осы жазда Жезқазғанда Жақсыкелді Сейіловтің әндерін орындаудан республикалық байқау екінші рет ұйымдастырылмақ. «Енді өнер қайраткерінің есімін жез қаладағы бір көшеге немесе мәдени нысанға берсе, әділдік болар еді», — дейді сазгердің шығармашылығын зерттеп жүрген журналист Әшмұхан Жәмпейісов.

Асыл АЙБЕК,
«QH»