Бұрқасында 454 көлік қаңтарылды
«Әбдекей» күні торғай тұмсығын сулайтындай қар ерімей, табиғат ана әлекке салуда. Көктем айы туса да, қыс айылын жияр емес. Алты ай қыстан қажыған Арқа жұрты көктемді асыға күтуде. Алайда соңғы тәуліктердегі ақтүтек боран қарға адым қадам жасауды қиындатып, көлік біткеннің қозғалысын құрсаулады.
29 наурызда күн райы күрт құбыларын синоптиктер болжаған. Қазгидрометтің қателеспегенін ауа райы дәлелдеп берді. Жел екпіні күшейіп, бұрқасын маңайдағы айқындықты азайтты. Құзырлы қызметтер жедел қамданып, жұртқа сақтық қылу керектігі жайында құлаққағыс жасады. Елді мекендерден шалғай шықпау кеңес етілді. Ылғалды қар көктайғақ қалыптастырып, жағдай ушықты. Сақтық шаралары қолға алынып, республикалық және облыстық маңыздағы 11 бағытқа жол жабылды. Жолда қалып, көмекке жүгінгендер де көп болды. ТЖД жедел штаб жасақтап, жолдардағы төтенше жағдайлар жайында ақпар берер жедел желі қызметі қосылды. Әлеуетті көліктер шығарылып, жолда қалғандарды құтқару шаралары жүзеге асты. Ескертуді елемей, боранға бейқамдық танытқандарды жолдан қайтару үшін Жол полициясы қызметімен бірлескен бекеттер қойылды. Осындай 14 бекетте ТЖД, ПД және жол қызметі тұрды. 29-ынан 30- ына қараған түні сағат 1-де Қарағанды облысы бойынша бекеттерде 454 көлік қаңтарылды. Оның ішінде 210 жүк көлігі, 4 қоғамдық көлік бар. 252 адам құтқарылса, оның 28-і — бала. 7 жылыту пункті жасақталып, сол жерлерге 75 адам жеткізілді.
Көзге түртсе көргісіз боран салдарынан Жаңақала елді мекенінде малшы адасқан. Құтқару қызметінің жедел іздестіру шарасы аясында осылай бағдардан жаңылған үш малшы құтқарылды.
Қыстың қоштасу сәтіндегі қиындықтары қалада да біраз мәселе туындатты. Аспалы бағдаршамдар екпінді желге қауқарсыз болып шықты. Табиғаттың тосын сыйы салдарынан темір тұлпарлар қақтығысы жиіледі. Полиция ақпарынша, санаулы сағат ішінде 10 жол-көлік оқиғасы орын алған. Аялдамаларда сарылған жұртқа сақтық жасау үшін арнайы автобустар қозғалысы ойластырылды
Бұрқасынды желдің күшті болғаны соншалық, Майқұдықтағы 13-мөлтекауданда бес қабатты 12-үйдің 500 шаршы метрлік ауқымда шатыры жұлынып, терезесі талқандалды. Көліктерге де кесірі тиген. Ал 17-мөлтекауданда ауладағы алып ағаш тамырымен қоса опырыла құлап, аяқ алып жүруге кедергі келтірген. Бұдан бөлек табиғи құбылыс бірнеше учаскеде тоқ желісін зақымдап, электр қуатының тасымалдануында бөгеттер туындады. Дегенмен қызмет көрсетуші дереу әрекет етіп, салдарын жойды. Қала әкімі де қарап қалмай, әлеуметтік парақшасында комиссиялық зерттеу жасалатынын және ақауланған дүниелер қысқа мерзімде қалпына келетінін жазды.
Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ, «QH»