Ораза – мейірімділік айы

ҚМДБ-ның Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде қасиетті Рамазан айына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Рамазан айының артықшылығы, мұсылман қауымының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді.

Бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы өз сөзінде: «Рамазан — он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдар атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан — Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Биыл исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті ай сәуірдің екінші жұлдызында басталады, ал бірінші сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күнге ұласады. Ұлық Ораза айт мейрамы екінші мамырда аталып өтіледі. Рамазан айында 83 жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар. Биылғы Қадір түні — сәуірдің 27-сінен 28-іне қараған түн», — деп атап өтті.

Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрылып, шетелден арнайы қарилар шақыртылды. Жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық берілмек. Биыл пітір садақасы жан басына 500 теңге болып бекітілді. Ал биылғы фидия мөлшері оразаның әр күні үшін 3 000 теңге деп бекітілді. Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Бір міскіннің тамағын берсін», — деген.

Исламның бес шартының үшіншісі — Рамазан айында ораза ұстау. Бұл айда ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартамыз. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі». Ендеше қасиетті айдағы ораза ұстаудың да шариғаттық тәртіп, талабын ұстау — шарт.

Оразаның парыз болуының шарттары — мыналар:

1) Мұсылман болу;

2) Ақыл-есі дұрыс болу;

3) Балиғатқа жеткен болу.

Балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау — парыз. Бұл — Алла Тағаланың әмірі.

 

Оразаның пайдасы

Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады. Жүрегімізді жаман сезім мен ойлардан тазартып, өзгеге қиянат жасаудан сақтайды. Ораза көзді харамға қараудан, тілді жалған және жаман сөз айтудан, құлақты харам нәрселерді тыңдаудан, асқазанды харам нәрселер жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан тоқтатады.

Оразаның парыз болуының хикметі — мұсылманның Алла алдындағы ғибадат міндеттерін орындауы және жамандықтардан сақтануы. Өмірінде аштықтың не екенін білмеген ауқатты адам кедейлер көрген аштық пен қиыншылықты жеткілікті түсіне алмайды. Бірақ ол адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін түсініп, кедейлердің қиыншылықтарын әлдеқайда жақсы сезініп, оларға деген мейірімшапағат сезімдері оянады. Нәтижесінде кедейлерге қол ұшын беріп, қиыншылықтарын бөліседі. Адам қолында бар нығметтердің қадірін қолынан шығып кеткенде ғана біледі. Бірақ болар іс болған соң оның еш пайдасы тимейді. Ораза ұстау арқылы адам нығметтердің қадірін жақсы түсінетін болады. Ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады. Бұл жайында пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ораза ұстаңдар, дендерің сау болады».

Жылдың он екі айында ас қорытудан шаршап, бөгіп қалған денедегі ас қорыту мүшелері оразаның арқасында демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан организмге пайдалы екенін анықтаған. Дегенмен Рамазан айындағы ораза — диета, яғни денсаулықты қалпына келтіру үшін емес, құлшылық үшін. Осыны басты назарда ұстауыңыз керек.

 

Сәресі мен ауызашардың артықшылығы

Сәресіге тұрып тамақ жеу — мұстахаб. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сәресіде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында береке бар», — деген. Сәресі ораза ұстауға күш береді. Дұғалар қабыл болатын уақыттардың бірі — сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып дұға етіп, Алла Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрауы керек. Оразасын ұстап, ауызашар уақытына жеткен адам үлкен бақытқа және қуанышқа кенеледі. Қиямет күні ұстаған оразасының сыйын алу үшін Алланың алдына барған кезде одан да үлкен қуанышқа қол жеткізеді. Осыған байланысты пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаған адам үшін екі қуаныш бар: бірі — ауыз ашқан кез, екіншісі — Аллаға қауышқан кез», — дейді. Бұған қоса пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ауызашар уақытындағы дұғалардың кері қайтарылмайтынын, Алла тарапынан қабыл болатынын айтқан.

Әр пенде қасиетті айда өз нәпсісін тыйып, жаман нәрседен, яғни ғайбат сөйлеуден, ауыр күнә жасаудан, жала жабудан аулақ болып, жақсы нәрселерге, яғни өзін сабырлыққа, шыдамдылыққа, тақуалыққа тәрбиелейтіндіктен, Рамазан — сынақ айы. Ал сол сынақтан сынбай өткен жан Алланың сүйікті құлы болып саналады.