РАМАЗАН – 2022
Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Қасиетті ораза айы 30 күнге жалғасады. 2 мамыр — Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн — Қадір түні.
Рамазан айы уақытының белгіленуі, пітір садақа мөлшері, ораза айында екпе алу және тағы басқа өзекті сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтилері Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында жауап берді.
- Бас мүфти Рамазан айының басталатын күнін неліктен көрші елдермен кеңесіп белгілейтінін түсіндірді
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми- зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ал 2 мамыр — Ораза айт күні. Осы жылы ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн — қасиетті Қадір түні», — деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Рамазан айының басталатын күнін көрші елдермен кеңесіп белгілеу себебін атап өтті.
«Кейде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан «Рамазан айының басталатын күнін Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесу арқылы белгілеу қандай қажеттіліктен туды?» деген сауалдар қойылып жатады. Осы ретте айта кететін жайт — өздеріңізге белгілі, осыған дейін Орта Азия елдері арасында діни мерекелерді атап өтуде айырмашылық болатын. Оның өзіндік дәлелге сүйенген ғылыми әрі діни себептері бар еді. Алайда ауылы аралас жатқан бауырлас елдер оразаны екі күнде бастап, Айт мерекесін екі күнде атап өткен жағдай бірнеше рет қайталанды.
Біз Өзбекстан, Қырғызстан еліне барған жұмыс сапарымызда осы мәселені жан-жақты талқылап, ортақ пәтуа қабылдауға уағдаластық. Келісім негізінде екі жақты меморандум қабылданды. Бүгінде Орта Азия елдерінің шариғат және пәтуа саласы бойынша арнайы кеңесі құрылып, ортақ мәселелерді өзара келісіп, кеңесіп шешім қабылдайтын болдық», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
- Пітір садақасын қай кезге дейін беруге болады?
«Биылғы пітір садақасының мөлшері жөнінде айтқым келеді. Пітір садақаның мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Оның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасымен есептеледі. Ұнның бағасы Діни басқарманың өңірдегі, қала, облыс өкілдіктерінің берген мәліметтері негізінде анықталғанын қаперге салғымыз келеді», — деп атап өтті наиб мүфти Ершат қажы Оңғар.
Сонымен қатар наиб мүфти пітір садақасын беру мерзіміне тоқталды.
«Пітір садақасын ораза айы кіргеннен, яғни биыл 2 сәуірден бастап бере берсе болады. Оны 30 күн ораза аяқталғанға, Айт намазы басталғанға дейін беруге уақыт бар», — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары.
- Елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін діни ақпарат беру орталығы іске қосылды
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, шариғат бойынша балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау — парыз.
«Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғатымыз рұқсат береді», — деп атап өтті Бас мүфти.
Бұдан бөлек Наурызбай қажы Тағанұлы тәулік бойы жұмыс істейтін Діни ақпарат беру орталығының ашылғанын хабарлады: «Егер оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да бір сұрақтарыңыз болса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Діни ақпарат беру орталығы ашылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беретін орталықтың нөмірі: 33–30–30. Орталыққа Нұр- Сұлтан қаласының кодын теру арқылы телефон шалуға болады. Дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде сұрақтарға жауап береді».
- Қандай жағдайда ораза бұзылмайды?
«Жалпы халық тарапынан «оразаны қандай нәрселер бұзбайды?» деген сұрақ жиі қойылады. Осыған қысқаша тоқталып кетсек. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек. Құлаққа су кіру, темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды.
Қан алдыру немесе сүлік салдыру; көзге, құлаққа дәрі тамызу; мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ тіс пастасы ішке кетіп қалса, ораза бұзылады. Ең абзалы — таң намазы кірмей тұрып тіс жуу. Ал тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау — шарт, — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ершат қажы Оңғар.
Сондай-ақ, оның айтуынша, ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтану керек.
- Ораза кезінде екпе салдыруға бола ма?
«Екпенің құрамында қоректік заты болмаса, емдік қасиеті бар инелерді салдыруға болады. Ол оразаны бұзбайды. Демек, вакцина қабылдау оразаны бұзбайды», — деп атап өтті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ наиб мүфти оразаның қай жағдайларда бұзылатынына тоқталды. Оның айтуынша, төмендегі жағдайлар оразаны бұзады:
- Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
- Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
- Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес»;
- Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар кез келген затты біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;
- Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет («каффарат» деп Рамазан айының оразасын себепсізден- себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмеген жағдайда алпыс кедейді тамақтандырып тойғызуды айтады).
- Мешітте жамағатпен намаз оқу кезінде бетперде тағу міндеттеле ме?
«Қазіргі таңда эпидемиологиялық шарттарға жеңілдіктер жасалып жатыр. Сондықтан тарауық кезінде бетперде тағу-тақпау әрбір мешітке келуші жамағаттың өз еркінде. Мешіттегі намаздарда арақашықтық белгілі бір мөлшерде емес, қалыпты жағдайда болады деп жоспарлануда», — деді Ершат қажы Оңғар.
Сонымен қатар биыл елімізде жарапазан жырын жатқа айтушылар арасында сайыс өткізіледі. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.
«Жарапазан — қасиетті Рамазан айының келгенін хабарлайтын, халықты ізгілікке үндейтін жыр. Жарапазан айту — дәстүрімізде бар жақсы үрдістің, жақсы ғұрыптың бірі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында жарапазан жырын жатқа айтушылар арасында арнайы сайыстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тағы да басымдық беретін бағытының бірі — дін мен дәстүр бағыты. Әрқашан біз діни мерекелерімізді дәстүріміздегі мерекелермен сабақтастыра отырып елімізге кеңінен насихаттап келеміз. Өйткені біздің салт-дәстүріміз тұнып тұрған ислам діні екенін де көреміз», — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.
Сондай-ақ Бас мүфти кәсіпкерлерді ораза айында мүмкіндігінше азық-түлік бағасын төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды.
«Өздеріңізге белгілі, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан дүниеміздің өзегіне айналған рухани тәрбие негізі, ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолы — ихсан ілімін жан-жақты насихаттап келеді. «Ихсан» сөзі «жақсылық жасау» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы «кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау» дегенге саяды. 30 күнгі ораза — ихсан ілімін насихаттаудың, ихсан дәрежесіне жетудің таптырмас мүмкіндік маусымы», — деп атап өтті.
Сонымен қатар Рамазан айында игі істер жасауға шақырды.
«Біз қашан да өзгелерге қайырымдылық жасап, айналамызға шуағымызды төгіп, шарапатымызды тигізіп, адамның алғысын алып өсіп-өнген елміз. Халқымызда «қайырымдылық жасасаң — қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі — қайырымдылық. Діни басқарма жанындағы Зекет және қайырымдылық қоры қасиетті айда «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазаннан тәбәрік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырады. Осы ретте еліміздегі барша мұсылман жамағатын қайырымдылық акцияларына белсенді түрде үлес қосуға шақырамын», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»