Соңғы екі жыл оңайға соқпады…

Бірер күн бұрын Орта Азия халықтары үшін жаңа, барыс жылы кірді. Өткен сиыр жылы қарағандылықтар үшін несімен есте қалды? Қандай өзгерістер орын алды? Келер жылға жоспар қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның бұрынғы әкімі Мейрам Кожуховпен сұхбаттастық.

— 2021 жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен есте қалғаны анық. Ал, Әлихан Бөкейхан ауданында жыл қалай өтті?

— Өткен жылы біздің қызметіміз Республика Президентінің «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар — ел игілігінің берік іргетасы» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды. Бұл денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін, өңірлік саясатты, еңбек нарығын, саяси жаңғырту мен адам құқықтарын қорғауды жетілдіруге бағытталған пандемиядан кейінгі кезеңде еліміздің одан әрі дамуы болып табылады. Сондайақ, 2021 жылы аудан аумағында бірқатар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көптен күткен тарихи оқиға — Әлихан Бөкейханның құрметіне аудан атауы өзгертілді.

— Халықтың әлеуметтік осал топтарына қандай көмек көрсетілді?

— Аудан халқының әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында ауданның ерікті және қайырымдылық ұйымдарымен, кәсіпкерлерімен, қоғамдық және діни бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп, 2021 жылы аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді. Барлығы 39 қайырымдылық іс-шарасы өтт, халықтың аз қамтылған топтарына 360 азық-түлік себеттері таратылды. Әлихан Бөкейхан ауданында тұратын жеті Ұлы Отан соғысының ардагері мен 24 тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен арнайы құттықтадық. Мамыр айында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ғимаратында Ұлы Отан соғысының ардагері Н. Н. Сорокинаға арналған ескерткіш тақта ашылды. «Мектепке жол» акциясы аясында көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 46 балаға оқу құралдары табысталды. Жаңа жыл мерекесіне үш жүзден астам көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы құттықтадық. Алты және одан да көп балалы аналарды марапаттау бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. 2021 жылы көп балалы аналарға 31 мемлекеттік наградалар табыс етілді («Алтын алқа» және «Күміс алқа»).

— Білім беру және дженсаулық сақтау салаларында қандай өзгеріс орын алды?

— Ауданда 39 білім беру мекемесі, 40 мектепке дейінгі мекеме, 5 кәсіптік- техникалық колледж бар. 2021 жылы бес білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Пришахтинскте Перинаталдық орталық та күрделі жөндеуден өтті. № 4 емханаға арнайы медициналық құрал- жабдықтар сатып алынды. Ауданы 1 300 шаршы метрден асатын жедел жәрдем қосалқы станциясының құрылысы аяқталды. Енді 11 мобильді топ жылына 50 мың шақыртуға дейін қызмет көрсете алады. Қазіргі уақытта Пришахтинск және Сұрыптау тұрғындарына қызмет көрсететін қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға жақын.

— Аудандағы кәсіпкерлік қалай дамуда?

— Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «QazCarbon» ЖШС кокс пештерін, шойын, болат және ферроқорытпа шығаратын зауыты ашылды. Жаңа кәсіпорында әлемдік технологиялар қолданылып, соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылды. Облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуында шағын және орта бизнестің алатын орны ерекше. Осылайша, Майқұдықта «Мечта» тұрмыстық техникасын сататын жаңа сауда үйі, «Хани» кондитерлік кофеханасы, «Байқоңыр паркі» балалар ойын-сауық орталығы ашылды. Биыл «Восток-5» шағын ауданында «Корзина» супермаркеті ашылды.

— Көше-жол желісін дамыту қалай іске асырылуда?

— 2021 жылы 14 шағын ауданның автовокзалынан республикалық маңызы бар 5,4 км шығыс айналма автожолына дейін және ұзындығы 6 км Сұрыптау секторының айналма жолын салу жобаларын іске асыру аяқталды. Осы жылы жалпы ұзындығы 10,8 км К. Маркс — Магнитогорская көшесіндегі автокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бабушкин көшесі (Лиговская көшесінен Лихачев көшесіне дейін — 1,2 км), 21 және 23 шағынаудандар автостанциясының автокөлік жолы (0,25 км), 17 және 49 маршруттар арасындағы автокөлік жолы (1,4 км) орташа жөндеумен қамтылды. Биыл Архитектурная көшесіндегі жол өтпесін күрделі жөндеу, 14 көшені, оның ішінде Пришахтинск және ЖБИ көшелерін орташа жөндеу бойынша жаңа жобаларды іске асыруды бастаймыз.

— Жыл сайын абаттандыру және көгалдандыру, шағын сәулет нысандарын жаңарту, ауданды безендіру, сыртқы жарықтандыруды қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылады. Өткен жылы да бұл жұмыстар жалғасын тапқан болар? Қандай өзгеріс орын алды?

— «Халықтық қатысу бюджеті» жобасы аясында ауданда 7 абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Атап айтқанда Л. Чайкина көшесінде «Менің ауламдағы бақытты балалық шақ», Ударная көшесі мен Оренбургская көшесінің қиылысында «Бала қуанышы — ата-ананың тыныштығы», Павленко көшесінде «Жайлы аула», Жұмысшылар кентінде «Қарағанды ЭКСПО» және «Балаларға арналған спорт», 19 шағынауданда «Бақытты балалық шағым» футбол алаңын абаттандыру, Жұмысшылар кентінде «Таза қала» аумағын тазалау жұмыстары жүргізілді. «Елдімекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы бойынша 11 футбол алаңы жаңартылды. Елу аулада балалар ойын алаңдары орнатылды. Өткен жылы зираттарға кіреберіс жолдарды тазалау және санитарлық тазалау жұмыстарына алғаш рет бюджет есебінен 15 млн.теңге бөлінді. «Жөндеуқалпына келтіру жұмыстары» бағдарламасы аясында травматикалық шағын сәулет нысандарын бөлшектеу, қоршауларды қалпына келтіру, асфальт жабындарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Елді-мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы бойынша Мурманская көшесінің бойындағы орамішілік жолда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер- ұстаздарға арналған Әскери Даңқ Обелискі және ЖБИ кенті Цементная көшесіндегі Әскери Даңқ Обелискі қайта жаңартылды. А. Пархоменконың бюстін тиісті қалыпқа келтіру бойынша жұмыс жүргізілді.

— Ауданды санитарлық тазалау да әкімдіктің басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе қаншалықты бақылауда?

— 2021 жылы «Елді-мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша білім беру объектілері, спорт және сауықтыру мекемелері, денсаулық сақтау объектілері, шипажайлар, мәдениет мекемелері, әкімшілік ғимараттар, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен қоқыс жинау камералары кеміргіштерге қарсы дератизациялық түрде өңдеуден өтті. Өңделген аумақ көлемі — 1 606 549,6 шаршы метр. Иесіз су қоймаларында және таяз суларда, қорғалатын объектілердің аумақтарында масаның және шыбын- шіркейдің басқа да компоненттеріне қарсы дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. Көктемгі- күзгі кезеңде аулдаларды жасыл желекпен қамту жұмыстары жүргізілді. 2000-нан астам қарағай, қайың, терек, алма және шетен көшеттері отырғызылды. Жолдарды қысқы және жазғы тазалау жұмыстары алты секторға бөлінген. Барлық секторларда орамішілік аумақтарды санитарлық тазалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы Пришахтинск секторында — 9 590 текше метр, Узенка (ЖБИ) — 4 380 текше метр, Майқұдықта — 105 620 текше метр, Сұрыптауда — 5 820 текше метр қоқыс шығарылды. Аудан әкімінің аппараты күн сайын арнайы техника мен жол жұмысшыларының шығуы бойынша мониторинг жүргізеді, сондай-ақ аудан аумағында автокөлік жолдарының тұрақты тазалануын бақылау жүзеге асырылады.

— 2021–2030 жылдарға арналған «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде аудан әкімі аппаратымен «Елді мекендерде көшелерді жарықтандыру» бюджеттік бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарлама туралы толғырақ айтып өтсеңіз.

— «Елді-мекендердің көшелерін жарықтандыру» бағдарламасы бойынша аула аумақтарындағы 284 жарықтандыру тіректерін және автокөлік жолдарының бойындағы 5 мыңнан (5 133) астам жарықтандыру тіректерін күтіп- ұстау, қалпына келтіру, ауыстыру, жуу жұмыстары жүргізілуде. Тұрақты негізде аудан әкімі аппараты мердігерлік ұйыммен және әкімшілік полициямен бірлесе отырып, сыртқы жарықтандыру желілерінің жұмысындағы кемшіліктерді жою үшін оларды аралап шығады, сондай-ақ диспетчерлік қызметтер арқылы және тұрғындардың өтініштері бойынша өтініштер қабылданады.

— Өткен жылы қалада меншік иелерінің бірлестігі құрыла бастады. Осы мәселеге тоқтала кетсеңіз.

— Халықтың әл-ауқатының маңызды шарты негізгі коммуналдық қызметтерді жылумен, жарықпен, сумен үздіксіз қамтамасыз ету болып табылады. Әлихан Бөкейхан ауданында 1059 көпқабатты тұрғын үй, 12251 жеке сектор үйлері, жылу желілерінің ұзындығы 391 км, су құбыры желілерінің ұзындығы 481,7 км, кәріз желілерінің ұзындығы 310,2 км құрайды. Аудан аумағында 16 әлеуметтік- мәдени нысанды жылумен қамтамасыз ететін 11 жергілікті қазандық пен 5 АСО бар. Ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін 15 пәтер иелері кооперативі, 9 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа заңнамаға сәйкес аудан әкімі аппаратында кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысаны — меншік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік құру мәселесі бойынша тұрғындармен кездесулер өткізілуде. 2021 жылы 395 жиын өткізіліп, 975 меншік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік құрылды.

— Тұрғын-үй демекші, көпқабатты үйлерде лифт мәселесі де жоқ емес. Ауданда бұл мәселе қалай шешілуде?

— «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша лифт жабдықтарын орнату жұмыстары жалғасуда. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап 22 үйде қайтарымды негізде 49 лифт орнатылды. 18 шағынаудан, 4 үй мекен-жайы бойынша 1 лифтіні қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңғырту орталығына құжаттар тапсырылды және жеті үйдің (7 лифт) тұрғындары лифт жабдығын орнату кезектігін күтуде.

— Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет көрсету де электронды бағытқа ауысып жатыр. Ауданда мемлекеттік қызмет алу үшін қандай жағдай жасалған?

— Маңызды міндет — халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Аудан әкімінің аппараты азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтің 8 түрін көрсетеді, көктемгі- күзгі кезеңде азаматтарды әскери қызметке шақыру бойынша 2 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, жасыл желектерді кесуге рұқсат беру бойынша 1 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Есептік кезеңде азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша 20 мыңнан астам (21856) мемлекеттік қызмет, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 11 мың қызмет, «Электрондық үкімет» порталы арқылы 7 мың қызмет, қағаз түрінде 3310 қызмет көрсетілген. Көктемгі және күзгі кезеңде «Әскерге шақыртуды кейінге қалдыру» және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша 458 қызмет көрсетілді, «Жасыл екпелерді кесуге рұқсат беру» электрондық форматта 1 қызмет көрсетілді.

— Өзіңіз атап өткендей, халықпен кері байланыс орнату үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Ал, олардың өтініштері мен талап- арыздары қалай қаралуда?

— Мемлекеттік органдардың қызметінде халықтың проблемалары туралы ақпараттың болуы және онымен тиісінше кері байланыс маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, апта сайын Instagram парақшасында «Әкім сағаты» өткізіледі. 2021 жылы 40-тан астам тікелей эфир өткізіліп, тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап тапты. Әлеуметтік желілер арқылы абаттандыру, ТКШ және әлеуметтік сала мәселелері бойынша барлығы 1354 өтініш келіп түсті. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Адал көмек» жобасы аясында тікелей эфирлер өткізіледі, онда барлық жүгінген азаматтарға заңгерлік кеңестер беріледі. Азаматтардың өтініштерімен жұмыс мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимылының аса маңызды нысаны болып қала береді. Жаңа әкімшілік рәсімдік- процестік кодекстің қолданысқа енгізілуіне байланысты азаматтардың өтініштерін қарау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін өткен жылдың ортасынан бастап барлық өтініштер «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Қазіргі таңда барлығы 329 өтініш тіркелген. Сондай-ақ, өтініштер қабылдайтын сайт және «senim 109» диспетчерлік қызметі жұмыс істейді.

— Барыс жылынан не күтіледі? Жоспар қандай?

— 2022 жыл балалар жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы олардың әл-ауқаты Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі екенін атап өтті. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы, бақытты балалық шағы — біздің ұлттық міндетіміз. Осыған байланысты, «Елді-мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған элементтер орнатылған 35 балалар ойын алаңы абаттандырылады. Сондай-ақ, «Халықтық қатысу бюджеті» жобасы аясында 5 футбол алаңы мен 1 шағын футбол алаңы орнатылады. Ағымдағы жылы 12 аула аумақтарын абаттандыру бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда. «Жөндеу- қалпына келтіру жұмыстары» бағдарламасы аясында 157,5 мың теңге сомасында бюджеттік қаражат бөлінді. «Елді-мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы бойынша аула аумақтарына және кварталішілік кірме жолдарға кіру жолдарын асфальттауға 70 мың теңге сомасында қаржыландыру бөлінді. «Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданындағы бақшаларды күтіп ұстау» бағдарламасы бойынша 100 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, осы бағдарлама аясында скверлер мен шағын алаңдардың аумақтарына жасыл желектерді және одан әрі күтіпбаптаумен біржылдық гүлдерді отырғызу жоспарлануда. Қорытындылай келе, өткен екі жыл барлығымыз үшін қиын болғанын атап өткім келеді. Бұған індет ықпал етті, соның салдарынан көптеген отандастарымыз ауыр дертке шалдықты, көптеген жақын адамдарымызды жоғалттық. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша «жасыл аймақта» тұр, карантиндік шаралар әлсіреді, бизнес дами бастады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

— Сұхбатыңызға рақмет!

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»