Туберкулезге қарсы қарқынды ықпал

Қарағанды облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті ағымдағы жылдың 24 ақпаны мен 24 наурызы аралығында облыста Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған «Туберкулезге қарсы күреске ықпал жасаңыздар. Өмірді құтқарыңыздар!» ұранымен туберкулездің алдын алу бойынша айлық өткізіліп жатқаны туралы хабарлайды.

Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні 1882 жылы неміс микробиологі Роберт Кох туберкулез қоздырғышының ашылғанын жариялаған күні, яғни 24 наурызда жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен аталып өтіледі.

Туберкулез — өте қауіпті ауру, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, күн сайын аталған аурудан бүкіл әлемде мыңдаған адам қайтыс болады. Әлем халқының үштен бірі туберкулез бактериясын жұқтырады. Бірақ жұқтырған адамдардың аз ғана бөлігі туберкулезбен ауырады. Иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда аурудың пайда болу қаупі жоғары. АИТВ- -инфекциясы бар адамдарда белсенді туберкулездің даму ықтималдығы жоғары. Туберкулезбен сырқаттану және одан болатын өлім-жітімнің жоғары көрсеткіші көбінесе күрес шараларының бұзылуынан немесе ауруды елемеу салдарынан орын алады.

Туберкулездің алдын алу айлығын өткізудегі мақсат — бүкіл әлемде туберкулездің салдары, облыстағы жағдай туралы халықтың хабардар болуын және алғашқы медициналық- санитарлық көмек дәрігерлерінің туберкулезді ерте диагностикалауға, туберкулездің алдын алуға және оған қарсы күреске, медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңыздылығына назар аударту, емдеу тиімділігіне сақтығын арттыру мүмкіндігі.

Айлық шеңберінде алғашқы медициналық- санитарлық көмек көрсету және облыстың туберкулезге қарсы мекемелерінде Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысында белгіленген санитариялық- дезинфекциялық тәртіпті, фтизиатрлардың кеңесін сақтай отырып, халыққа профилактикалық тексеру жүргізу үшін флюорографиялық қондырғылардың жұмысы ұйымдастырылатын болады.

2022 жылғы айлықтың ұраны — «Туберкулезге қарсы күреске ықпал жасаңыздар. Өмірді құтқарыңыздар!» Бұл ұран туберкулезге қарсы күрестің бірлескен шараларының қажеттілігін, туберкулезді емдеу және оның алдын алу үшін тиісті ресурстарды саяси қолдау және жаһандық туберкулез індетін тоқтату жөніндегі күш-жігерді жандандыру қажеттігін атап көрсетеді.

Қарағанды облысында 2021 жылы туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші төмендегені байқалды. 2020 жылмен салыстырғанда туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 0,9 %-ға төмендеді: 2021 жылы 450 жағдай тіркелсе, 2020 жылы 477 жағдай тіркелген. Сонымен қоса 2021 жылы туберкулезден 41 науқас қайтыс болғанын айта кету қажет.

Қарағанды облысында туберкулез жөніндегі эпидемиологиялық жағдай осы проблемаға қоғам назары артуына орай айтарлықтай жақсаруы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер өңір тұрғындарына флюорографиялық тексеруден белсенді түрде өтіп, жаман әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануды ұсынады.

А. А. ЕЛЕУСІЗОВА,

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің бөлім басшысы