Спортқа 40 жаста келіп әлем чемпионы атанды

Тағдырдың ауыр сынағына морт сынбай, керісінше, жігерін жани түскен қайратты жандарды көргенде өмірге деген құштарлығың артады. Теміртау қаласында тұратын Әлия Сүйлейменова 40 жасқа келгенде спортпен шұғылдануды бастап, аз уақытта әлем чемпионы атанған.

Ол таэквондоға тек хобби деп қарамайды, төсекке таңылып жатқанда аяққа тұрғызған. Қазір Әлия Сүйлейменова — Әлем кубогының иегері, Азия чемпионы, әлемнің және Еуропаның екі дүркін жеңімпазы, таэквондодан қара белбеу иегері, дәрежесі бірінші дан. Осындай үлкен жетістікке ол небары 9 жылда жеткен. Ал әуелде спортқа мәжбүрліктен келіпті. Ішкі істер саласында еңбек етіп жүргенде қатты сырқаттанып, 40 жасында омыртқасына күрделі операция жасайды. Осылайша сүйікті жұмысынан біржола кетуге тура келеді. Дәрігерлер тіпті «жүрмей қалуыңыз мүмкін» деген қорқынышты үкім шығарады. Мұны естіген Әлия бірден ес жиып, өзін қолға алып, спортпен шұғылдана бастайды.

— Басында қорқыныш болды. «Арбаға таңылып қалсам не істеймін?» деген үрей маза бермеді. Операциядан кейін дәрігерлер «барлығы өзіңізге байланысты, спортпен шұғылданыңыз» деп кеңес берді. Бірақ күш түсіруге болмайтынын ескертті, — дейді Әлия

Содан бері Әлия спорттан қол үзген емес. Оның кәсіби спортқа келуіне қызы Даянаның ықпалы зор. Ол да таэквондомен жастайынан шұғылданатын. Сөйтіп, анасының алғашқы жаттықтырушысы болады. Ал алғыр шәкірт екі жылдан соң әлемдік жарыста Қазақстанның абыройын асқақтатып чемпион атанады.

— Ол ең алғаш жаттыға бастағанда көмектесуімді сұрады. Өзім білетін айлатәсілдерді үйреттім. Кейін анам спортпен кәсіби тұрғыда айналыса бастады. Нәтижесі керемет. 9 жылда қаншама әлемдік жарыста топ жарды. Анам — өте мықты адам, жігерлі, еңбекқор, — дейді Даяна Сүйлейменова.

Қазір Әлияның денсаулығы жақсы. Адвокат болып жұмыс істейді. Қолы қалт еткенде сурет салып, қуыршақ жасағанды ұнатады екен. Қызы екеуі бірігіп таэквондо мектебін ашып, жас балаларды жаттықтырып жүр.

Асыл АЙБЕК,

«QH»