Арқа батырлары
Қарағанды қаласында Каханов Мырзакәрім Адашұлы деген ақсақал тұрады. Мамандығы мал дәрігері болғандықтан, көп жылдар ветеринария саласында аудандық, облыстық деңгейде қызметте болған, қазір зейнеткер, маусым айында 72 жасқа толады. Мырзакәрім аға — Олжабай батырдың бесінші ұрпағы, академик Әлкей Марғұлан Хақанұлының немере інісі. Әлкей Марғұланның өмірі мен өнегесін зерттеуші, ғалым Марван Арынқызы Хамитованың 2021 жылдың аяғына қарай шыққан «Әлкей Марғұлан және мәдени мұра» кітабында Мырзакәрім ағаның құнды тарихи материалдары жарияланған.
Жуырда сәті түсіп Баян Нұртаеваның жұмыс орнында үшеуіміз жолығып, жақын таныстырдым. Кетерде Баян Сейтбекқызы бізге «Арқа батырлары» деген кітап сыйға тарту етті. «Арқа батырлары» кітабында Олжабай батырдың мүсіні ғана бар екен. Молодежный кентінің маңында Шідерті деген ауыл болған, Олжабай Толыбайұлы сол жерде 1741 жылы 20 мың шүршіттің сарбазына қарсы шығып жеңіп шыққан. Қазірге дейін ол жер Шүршітқырған аталады.
Олжабай батырдың жерленген жері — Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарасты Олжабай батыр ауылындағы қорым (бұрынғы Благодатный ауылы). Ауылға 2004 жылы Олжабай батыр есімі берілді, Олжабай батыр атындағы қор төрағасы — Аймұханбет Қожабеков, орынбасары — Жұмабек Беков. Алдын ала айта кету керек, Ж.Бековтің еңбегі өте зор болды. Мемориалды комплекстің жобасын атақты суретші, мүсінші, дизайнер Бота Машрапов жасады «тегін, қосқан үлесім» деп. 2017 жылдың күзінде орнатылды. Тастың жерден биіктігі 6 метр, 5 метр қазып бетондап орнатылған. Өкінішке орай, Бота Машрапов 2019 жылдың шілде айында 67 жасында дүниеден озып кетті.
Мемориалды комплекстің ашылуын 2020 жылға жоспарлағанбыз, дүниежүзін шарпыған індеттің кесірінен кейінге шегеруге тура келді. 2021 жылы 21 тамызда Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарының қатысуымен салтанатты ашылуы жоспарланды. 20 тамызда Ерейментауда Олжабай батыр тақырыбында ғылыми конференция өткізу жоспарда болған. Алматыдан салтанатты ашылуға Әлкей Марғұланның қызы Дәнел апамыз, белгілі қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов және академик Ш.Шокиннің балалары келетін болды. Алдымен Қарағандыға Мырзакәрім ағаның үйіне келіп тоқтап, ертеңінде Ерейментауға бәріміз бірге баратын болдық. Мырзакәрім аға Олжабай батыр шаңырағы деп киіз үй тігіп, біздер, Қарағанды қаласының бір топ азаматы, сол шаңырақта қонақтарды қарсы алмақ болдық. Осындай жоспармен облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке хат жолдап едік, бірден қолдау таптық, көп рақмет! Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновке, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік директоры Талғат Идрисовке алғысымыз шексіз, мәдени ісшаралар өткізуге этнографиялық ансамбль мен әншілерді дайындап қойды. Бірақ, бірақ індет өзінікін жасады. 10 күн қалғанда Ақмола облысында эпидемиялық жағдай ушығып, салтанатты ашылуды тоқтатып тастады. Қыркүйектің 25-і күніне рұқсат берді «қатысушылар саны 100 кісіден аспауы керек» деп. Әр өңірден аздап-аздап кісілер қатысты. Он санға ұран болған Олжабай батырдың мемориалдық комплексі толығымен аяқталды, айта кету керек, халықтың қаржысына салынды. Бүгінгі күні мемориалды комплекс мемлекет қарауына алынды.
Сәкен Сәбиденұлы Келдібаев,
зейнеткер