Тарихи танымға негізделген кеш
18 мамыр — халықаралық музей күні. Осыған орай Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ашық есік күні өтті. Бұл шараға қатысқан әскери саланың мамандары тарихтан сыр тарқатқан туындыларды тамашалап, мерекелік кеш қонағы болды.
Қарағанды гарнизоны, әскери полиция бөлімінің мамандары мен облыстық тарихи- өлкетану музейінің қызметкерлері «Музей күнін» атап өтті. Халықаралық музей күніне арналған көрменің атауы «Виват музей» деп аталған. Бұл шараны әскери қызметкерлер мен мәдениет саласының өкілдері бірлесіп атқарды. Өз кезегінде мұражай директоры Бибігүл Сағынтайқызы Құдабаева шара турасында былай деп өз пікірін білдірді:
— Көрермендер үшін облыстық бейнелеу өнері музейінің мамандары ел сұранысындағы туындыларды көрсетуді жөн көрді. Бұл ерекше картиналар алтын қордан алынған үздік туындылар. Қарағанды гарнизоны, әскери полиция бөлімінің мамандары бүгінгі кеште өз белсенділіктерін танытты. Бір жылдан астам уақыт көрмеге карантин салдарынан келушілер қатары сиреп, музей іші сүреңсізденіп кеткен еді.Музей күнінде мұражай ішіне әр берген өнерпаз ұжымға алғыс білдіреміз.
Аталмыш кеште түрлі музыкалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты Камила Нұрланқызы Аринова ән шырқап, Темірлан Ерболатов күй тартты.
— Бейнелеу өнері музейінің Халықаралық музей күніне арналған ерекше көрме кеші әскерилерге әдемі әсер сыйлады.Әскери полиция бөлімінің мамандарымен мұражай қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдастырған бұл кеші әскерилердің мәдениетке өте мән беретінін көрсетті, — дейді Қарағанды гарнизоны әскери полиция бөлімінің аға лейтенанты Ғазиз Нұрқанов.