Дін мен дәстүр
Жастарды рухани- адамгершілікке тәрбиелеу — өзекті мәселе, өйткені қазіргі әлемде жастар өздеріне әсер ететін көптеген оң және теріс сипаттағы ақпарат көздерінің ортасында дамиды. Қарағанды облысының бас имамы Бекқожа Өмірзақ қажы жастарды рухани- адамгершілікке тәрбиелеу және қоғамда зайырлы мемлекеттің құндылықтары мен қағидаттарына деген құрмет қалыптастыру туралы әңгімелейді.
— Армысыз, Өмірзақ қажы, менің ойымша, өскелең ұрпақты рухани- адамгершілікке тәрбиелеу жұмысы аясында имандылықтың басты «тәрбиешілері» ретінде отбасы, білім мекемелері мен діни бірлестіктердің ынтымақтастығы өте маңызды. Бұл мәселе жөнінде не айтасыз?
— Қай заманда, қай қоғамда болсын ұрпақ тәрбиесі ең маңызды рөл атқарған. Себебі ұлттың бүгіні де, болашағы да рухани құндылықтарға сусындаған тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазіргі жас ұрпаққа рухани тәрбие беру — заманның өткір талабы, бұл — ақиқат. Жалпы, адамгершiлiк тәрбие дегеніміз — қоғамның әрбір мүшесін үнемi толғандырып отыратын күрделi мәселенiң бiрi. Осы тұрғыда жастардың мінезқұлқына, ой-өрісінің кемелденуіне, дене және ақыл-ой қабілетін дамытуға, еңбекке баулуға ерекше мән беруге тиіспіз. Әрбір халықтың өзіне тән ұлттық дәстүрі, тәрбие бастаулары бар. Яғни ұлттық коды бар деген сөз. Сол ұлттық салт-дәстүріміз тәрбиемен біте қайнасқан. Соны таза күйінде ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу — үлкен міндет. Егер осы алтын қазыналарымызды, адамгершілікке негізделген мәдениетімізді атадан балаға мұра ететін болсақ, жастарымыздың келешегінен зор үміт күтеміз. Адамзатты ұлы тұлға деп қарайтын болсақ, адамгершілік — оның жоғары, саналы, адамдық қасиеті.
Жастардың қоғамдағы моральдық норманы өз бойына тәртіптілік пен мінез- құлық тәжірибесі арқылы қалыптастыруы, сонымен қатар Отанға, халқына, еңбекке, қоғамдық іс-әрекетке деген жауапкершілік сезімінің болуы — үлкен жетістік
— Өмірзақ қажы, сіз «тәрбиелеу» деген сөзді қалай түсінесіз?
Тәрбие дегенде бірінші кезекте ойға келетін ұғымдар — адамгершілік, тазалық, жеке тұлғаның қоршаған ортамен үйлесімді қарым- қатынасы және мәдениет пен жауапкершілік. Әрбір адам өз мінез- құлық сипаттарын, дүниетанымын, руханиадамгершілік қасиеттерін, қоршаған ортамен қарым- қатынасындағы үйлесімділікті, өз ойтаным, іскерлік дағдыларын, мүмкіндіктері мен қабілеттерін танып, олардың деңгейін білу, бағалау, салыстыру, түзеу және одан әрі дамыту үшін әрекет етуге бағыттауы керек.
Біртуар тұлғамыз Мағжан Жұмабаев: «…Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші тәрбиеленуші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті», — деген. Адамгершіліктің ең биік шыңы — өзін-өзі тану, ол мұсылман үшін өзін жаратқан Алла Тағалаға иман келтірумен, иманның бір бөлігі саналатын ізгі қасиеттерді меңгерумен тығыз байланысты. Бабалардың рухани мұрасын жастар бойына қалыптастыру арқылы біз болашақтың іргетасын бекемдейміз.
— Ал біз жастарды қалай тәрбиелеуіміз керек?
— Ең алдымен, үлкендер үлгі-өнеге көрсетіп, сол арқылы өзіне, мінез- құлқына, өміріне жауапты жастардың қатарын көбейтуге ықпал етуі тиіс. Жеке-дара үлгі-өнеге көрсете білу өте маңызды. Тәлімгер ересек адам өнегелі істі көп ақыл айту арқылы емес, өзінің мінез- құлқы арқылы көрсете алады. Біздің жастар көреген, көргенін тез қабылдайды. Халқымыздың «көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген текті сөзі бар. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Әрбір отбасында ізгілік пен имандылық құндылықтары қалыптасса, еліміз рухани тұрғыдан дамитын болады. Отбасындағы ата-ананың берген озық үлгідегі тәрбиесі сыртта білінеді. Мысалы, әйел адамның ерін құрметтеуі арқылы ер балада жауапкершілік, қыз балада ер адамға деген құрмет қалыптасады. Жауапкершілікке баулудың тағы бір жолы — баланың күнделікті ұсақ-түйек істерінде де көрініс табуы қажет екен. Бастаған ісін соңына дейін жеткізуін қадағалау келешек мамандық иесі болғанда да өз жемісін беріп, қоғамның ілгері дамуына үлес қосады. «Балаңды аясаң, аяма» деген қағида текке айтылмаған. Демек, әрбір жас адам — қоғамның бір мүшесі. Қоғам жеке тұлғадан құралады. Мәселе сол қоғам мүшесінің толыққанды «толық адам» болып жетілуінде.
— Өмірзақ қажы, діни сенімдегі адам және жергілікті діни бірлестіктің жетекшісі ретінде қазіргі тәрбие мен халықтық дәстүрдің өзара қатынасы туралы не айтасыз? Сіз имандылық қағидаттары мен мемлекетіміздің зайырлы негіздерін қалай байланыстырасыз?
— Мен бүгінгі таңда көп айтылып жүрген зайырлылықты әр адамның діни еркіндігі мен ой-санасының көптүрлілігін қалыптастыру және зайырлылық құндылықтары жүйесі ретінде адамның ойлау мәнері мен жүріс- тұрыстарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени құбылыстарды қамтитынын ерекше атап өткім келеді.
Ұлттық құндылықтар мен төл дәстүрімізді бағыт етіп ұстанып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүгінде «Дін мен Дәстүр» бөліміне басымдық беріп отыр. Бұның да жастарымызға өзіндік берері мол. Мысалы, «үлкен көрсең орныңнан тұруыңды ұмытпа. Дәстүріңде жоқ әдетке құнықпа» деп мәтелдеуінің өзінде жастарды әдептілік пен кішіпейілдік секілді адами құндылыққа шақыруы жатыр. Сондықтан әрбір істің бастауы адам баласының жастайынан алған тәлімімен сабақтасады. Дін мен дәстүр — жастар арасындағы рухани жаңғырудың басты негізі. Бұл — құстың биікке самғауына мүмкіндік беретін оның екі қанаты іспеттес. Қазіргі жаһандану заманында өзімізге жат, біздің болмысымызға қайшы келетін кертартпа идеологиядан сақтанудың бірден-бір жолы өз халқымыздың дініне, салт-дәстүріне адал болу деп білеміз. Шын мәнінде, Ханафи мәзһабындағы дәстүрлі исламның ұстанымдары мен талаптары халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан әдетғұрыптарымен және салт-дәстүрлерімен үндес. Мәселен, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жамандық жасамау, көршілік тату қарым- қатынастар, қонақжайлық сынды салттарымыз шариғатпен үйлесім тапқан.
Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Жастардың ең жақсысы — (ойын-күлкіге берілмей, ойлы, байсалды боп) қарттарға ұқсағандары. Ал кәрілердің ең жаманы — (жеңілтектікке салынып, нәпсінің жетегіне кетіп) жастарға ұқсағысы келгендері», — деген.
Ислам дінінің құндылықтарымен біте қайнасып, сабақтасып жатқан қазақ қоғамы ежелден әрдайым жастарға ерекше сеніммен қараған. Қазақ халқында «болар бала он бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер» деп бекер айтпаса керек. Болашақ жас өрен өзінің туған тілімен, ата-дәстүр салтымен, туған тарихымен терең тамырланғанда ғана өзінің болмысын сақтап қалады.
Ата-бабамыздан қалған игі дәстүрімізге тек құрмет көрсетіп қоймай, оны өмір салтында берік ұстану — кез келген азаматтың парызы. Сондықтан жастарды дұрыс бағытқа сілтеп, оларды шынайы отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда әрі басты мақсат болғаны жөн.
— Құрметті Өмірзақ қажы, сізге көп рақмет. Оқырмандарға қандай тілек айтасыз?
— Оқырмандар мен барша отандастарымызға береке- бірлік, еліміздің гүлденуіне, ертеңіне деген сенім, халқымыздың бірлігін тілеймін!
Д.ПОЛТАРЕНКО,
«Дін және Заман» журналы