Қызылорда-Жезқазған автожолы жаңартылады

Биыл Қарағанды облысында 1 400 шақырымға жуық жол жөнделеді. Республикалық маңыздағы 637 шақырым, облыстық маңыздағы 464 шақырым, қала мен аудандарда 235 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Қарағанды- Балқаш және БалқашБурылбайтал автожолдарының учаскелерін қайта жаңарту жалғастырылады. Жаңа жолмен көліктер қазірдің өзінде жүріп жатыр, бірақ кей жерде айналма жолдар да қалды.

Тағы бір көптен күткен жоба — ұзындығы 208 шақырым болатын Қызылорда- Жезқазған автожолын қайта жаңарту. Мердігерлер таңдау конкурсы жарияланды. Бұл жол жауын кезінде мибатпаққа айналып, көлік қозғалысын тым қиындатып жіберетін. Қыста да қатынас жиі үзіліп қалады. Жол бойында кэмпинг, елді мекендер мүлде жоқ. Жалғыз- жарым шығып кеткен жолаушылар үшін өте қауіпті жол.

«Құрметті жолшы», жол құрылысы саласының ардагері Жүнісов Алматай Жұмағалиұлы осы жолдың маңыздылығын, екі облыс арасындағы қатынасты жеңілдететінін алға тартады.

— Ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе — «Қызылорда- Жезқазған» бағытындағы тасжолының жағдайы. Қазір бұл бағытта мамандар тарапынан техникалық- экономикалық негіздеме мен жобалық- зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бұл автожолдың маңызы өте зор. Себебі екі облыс та «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізіне қосылып, одан әрі көліктер Шымкент және Самараға қарай жүреді. Жоба қолға алсынса, 2,5 мың адамға арналған жұмыс орны да ашылады, — дейді Алматай Жүнісов.

Осы жылы облыста жалпы ұзындығы 464 шақырым болатын 29 жол салу жоспарланған. Туристер үшін де жақсы жаңалық бар. Биыл Жошы хан мен Домбауыл кесенелеріне жол салынады.

Қайта қалпына келтіру жұмыстарымен ұзындығы 131 шақырым болатын жеті жол учаскесі қамтылды. Бұл ретте былтыр басталған жобалар аяқталады. Бұқар жырау ауданында Новодолинка- Шахан- Молодецкий, Нұрада Нұра- Шахтер автожолы, Жартас- Долинка, Қарағандыда Үштөбе- Құрылыс, Осакаровка- Молодежный автожолдарында жұмыс жалғасады. Жаңаарқа ауданында Қаражал- Атасу жолы жаңартылады. Сондай-ақ Ұзындығы 313 шақырым автожолдың 20 учаскесінде орташа жөндеу көзделген.

Нұра мен Осакаровка арасындағы проблемалы жол да жөнделеді. Оның жалпы ұзындығы 83 шақырым. Екі жылда 63 шақырымы жасалды, 20-сы қалды, бұл — ең проблемалы аймақ. Оны қайта жаңартуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Мұндағы басты мәселе — асфальт астындағы жарамсыз топырақты ауыстыру. Содан кейін асфальтбетон жабынының үш қабаты төселеді. Жоба 2023 жылы толығымен аяқталады.

Барыс жылында «Ауыл — Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша сегіз ауылдық елді мекендегі жолдарды жөндеу жоспарланған. Абай ауданында Тасзаимка ауылы және Южный кенті, Нұра ауданында Егінді және Байтуған ауылдары, Бұқар жырау ауданында Ботақара аудан орталығы, Шет ауданында Ақжал кенті, Ұлытау ауданында Қарсақбай теміржол станциясына дейінгі жол жөнделеді. Қарқаралы ауданында Бүркітті станциясына кіреберіс жол ашылады.

Осы сынды атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, нәтиже көптің көңілінен шықпайды. Сын көп. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы директоры Айбол Бидайбеков аймақ жолдарының үнемі бақылауда болатынына тоқталып өтті.

— Бұрын әр облыста жол зертханалары болған еді. Бірақ олардың құзыреті шектеулі болды. Сондықтан 2019 жылдың басында Үкімет Қаулысымен осы зертханалардың базасында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы құрылды. Жолдың сапасы құрылыс жұмыстары басталған сәттен жіті назарда болады. Арнайы құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертханамыз бар. Мамандарымыз құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге барып, қолданыстағы материалдардың сынамасын алады және талапқа сай болуын тексереді. Егер қандай да бір олқылықтар болса, хаттама толтырып, ескерту жасайды. Тағы бір айта кетерлігі — бұрын облыстық жол зертханалары тек республикалық жолдарды бақылаумен ғана шектелетін еді. Ал бізге облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың сапасын қадағалауға мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ ол жұмыстарды қаржыландыру тапсырыс берушінің, яғни жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде, — дейді Айбол Бидайбеков.

Айбол Бидайбековтің айтуынша, жол сапасына көлік салмағы да тікелей ықпал етеді. Бекітілген ереже бойынша, бір білікке түсетін салмағы 13 тоннадан асатын көліктер үлкен жолға шықпауы керек.

— Алда көктем келе жатыр. Мұндай кездері тіпті салмағы 8 тоннадан астам көліктердің өзі жолды бұзып жіберуі мүмкін. Ал қазір біздің жолдарда кен орындарынан көмір тасыған 30– 40 тонналық жүк көліктері еркін жүріп жатыр. Осыдан келіп жолдың қызмет ету уақыты қысқарып, сапасы төмендейді, — деп түйіндеді орталық директоры.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»