«Рухани жаңғыру» – жаһандық мәнге ие жоба

«Арқа өнер мектебінің» жетекшісі, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесінің басшысы, Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы, «Айтыс ақындары мен жыршы- термешілердің халықаралық одағы» Қарағанды облысы филиалының басшысы Айтбай Ботпайұлы Жұмағұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Қарағанды облысында іске асырылған жобалар туралы әңгімеледі.

— Айтбай мырза, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2021 жылға жоспарланған қандай іс-шаралар болды?

— 2021 жылға арналған іс-шаралардың облыстық жоспарына 167 ісжоба енді. Олар 3 бағыт пен 17 арнайы жобаны толық қамтиды және бағдарламаның бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы қағидаттарына жауап береді.

1-бағыт 62 жобадан тұрады;

2-бағыт 51 жобадан тұрады;

3-бағыт 43 жобадан тұрады;

Бағдарламаны ақпараттық қолдау 11 іс-шарадан тұрады.

Бағдарламаны іске асыру бойынша облыстық жоспарды қала, аудан әкімдіктері, өңірлік басқармалар, жоғары оқу орындары, өңірлік жобалық кеңсе және үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырады, облыстың барлық аумағын қамтиды.

— Түсінікті. Бұдан бөлек айтулы күндер мен мерейтойлар қалай аталып өтілді?

— Жоспарға ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына және белгілі тұлғаларымыздың мерейтойларына орайластырылған шаралар енді.

Атап айтқанда, «Жұлдызды аллеяның» ашылуы, «World Skills» чемпионаты, «Сарыарқа жастары» студенттер мен ауыл жастарының форумы, Ақтоғай ауданы киелі жерлерінің Smartкартасын әзірлеу, дәстүрлі «Бұқарекең жырлайды» байқауы, «Ұлтқа қызмет» жобасы, «Жошы хан» тарихи- мәдени кешенінің ашылуы, Қ. Аманжоловтың 110 жылдығына арналған «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!» атты облыстық жас ақындар айтысы, ҚХА облыстық «Қазақстан Республикасы — Тәуелсіз Ел» атты Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ғылыми конференция, Ә. Бөкейхан, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаевтың мерейтойына арналған «Алаш аңсаған азаттық» атты дөңгелек үстел, мемлекет қайраткері Ж. Тәшенов атындағы жүлде және т. б. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі еліміздің дамуы мен көркеюіне үлес қосып жүрген қарағандылық 50-ге жуық азаматты марапаттады.

— Айтбай мырза, енді 2021 жылда атқарылған іс-шараларға кеңірек тоқталып, қорытынды нәтижелеріңізбен бөліссеңіз.

— Әрине. 2020 жылмен салыстырғанда көрсеткіштер әлдеқайда жоғары.

Ағымдағы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша, қала, аудандар, облыстық басқармалар мен жоғары оқу орындары 649 іс-шара/жобаны, 2-тоқсанда 721 іс-шара/жобаны жүзеге асырды.

  • Бәсекеге қабілетті, санасы ашық жас ұрпақ тәрбиесінде үлкен маңызға ие бірқатар шара өтті. Бұқар жырау ауданындағы «Руханият» қосымша білім беру орталығында жаңадан технопарк ашылды. Онда заманауи үлгімен жабдықталған робототехника, медиастудия, дизайнерлік оқу, қолөнер сыныбы ел игілігіне берілді.
  • Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Жаңа гуманитарлық білім: 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында қазақ тіліне аударылған оқулықтардың таныстырылымы өтті.

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің географияcы» арнайы жобасы шеңберінде:

  • Қарқаралы, Ұлытау жайында бейнероликтер жарыққа шықты.
  • Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өңірлік жобалық кеңсе мен Облыстық мәдениет басқармасымен бірлесе «Талды» тарихи- мәдени кешеніне мектеп оқушыларының экскурсиясы ұйымдастырылды.
  • Павлодар облысы Баянауыл ауданының қасиетті жерлеріне саяхат ұйымдастырылды. Мәшһүр Жүсір Көпейұлы, Торайғыр, Мұса Шорманның кесенелері мен қонысы, «Ақ келін» тарихи- мемориалды кешені, Баянауыл ұлттық табиғи парк табиғаты, Торайғыр сақ қорғандары археологиялық ескерткіші жайында бейнеролик жарыққа шықты.

«Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы шеңберінде:

Ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында «Ер қанаты — ат» ұлттық спорт түрлерінің көрсетілімі;

Ұжымдар арасында Наурыз мейрамына орай өткен «Ұлттық киімдер челленджі»;

«Армысың, әз- Наурыз» облыстық жас ақындар айтысы;

Облыстық аламан бәйге;

Өңіріміздің әр түкпірінен 150-ден аса отбасы қатысқан «Менің атам, менің әжем» байқауы;

Республикамыздың белгілі жыршылары мен термешілерінің орындауындағы Д. Әлімбайұлының «Кенесары», «Қажымұқан» дастандары бар.

«Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі» арнайы жобасы аясында:

Тілдерді дамыту ресурстық орталығымен бірлесіп жаңа әліпбиді түсіндіру бағытында лекция өтті;

Сонымен қатар онлайн дәрістер циклі жарыққа шықты.

ҚР Президенті Қ. Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «…Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды», — деп айтқан болатын. Алаш идеясы — ұлттың алтын қазығы. Осы ұстанымды негізге ала отырып, Алаш арыстарының асыл мұрасын, нақыл сөздерін насихаттау мақсатында:

  • «Алаш афоризмдері» халыққа ұсынылды;
  • Ә. Ермековтің 130 жылдығына арналған конференция өтті;
  • Ә. Бөкейхан, Ж. Ақбаев, Ә. Ермековтің мерейтойларына орай «Алаш аңсаған азаттық» республикалық дөңгелек үстелі өтті.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы шеңберінде:

  • Тәттімбет академиялық оркестрі Түркия еліне жол тартып, бай мәдениетіміз бен өнерімізді дәріптеп қайтты.

Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау мақсатында әнұранымыздың 15 жылдығына арналған «Менің елім» дөңгелек үстелі Қарағанды университетімен бірлесіп өтті, «Менің туым» челленджі облыс аумағында кең көлемде өтті.

«Нұр әсем» сән үйінің демеушілік қолдауымен «Үлкенге құрмет» жобасы өңіріміздің ардагерлері мен қарттарына деген зор құрмет мақсатында бастау алды. Алдағы жоспарда аталған жоба дәстүрге айналмақ.

Қарағандылықтар өздері тұрып жатқан, күнделікті өтіп жүрген көшелерінің атауларын, оның тарихын біле ме екен деген сауалмен өңірлік жобалық кеңсенің түсірілім тобы шықты қала көшелеріне.

500-ден аса мектеп оқушысы қатысқан ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған зияткерлік сайыс өңірлік жобалық кеңсенің бастамасымен өтті.

— Өте жақсы! Өткен жылы жерлесіміз , ақын Қ. Аманжоловтың туылғанына 110 жыл толды. Бұл мерейтой аясында өңірімізде қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?

— Белгілі тұлғаларымыздың мерейтойына арналған іс-шаралар өңірімізде кеңінен аталып өтті. Қ. Аманжоловтың 110 жылдығына орай бірқатар іс-шара жүзеге асты:

  • «Қасым туған Қарағанды» арнайы айдарымен іс-шаралар кешені (бейнероликтер циклі, экспедиция, поэзия кеші, айтыс т. б.);
  • Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» республикалық мүшәйра өтті;
  • Қарағандылықтар Қасым ақынның 110 жылдығына орай 110 қайың отырғызды.

«Қасым үйі» ашылды. Бұл шара халқымыздың ұлы ақыны Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Енді дауылпаз ақынның өмірі мен шығармашылық еңбегі туралы осы Қасым үйінде арнайы ашылған мұражайдан мол дерек алуға болады. Онда қаламгердің сирек қолжазбалары мен кітаптары, жеке заттары және фотосуреттерінің экспозициясы ұсынылған. Тағылымды шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Маралтай Райымбекұлы, жазушы Ғалым Жайлыбай сынды бірқатар зиялы қауым өкілі қатысты.

Біздің өңір іс-шаралар мен жобаларды өткізіп қана қоймай, жетістіктерге де қол жеткізуде. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы аясында 2021 жылы 200-ден астам үміткерден өтініш келіп түскен. Қуанышымызға орай, біздің өңірден 6 жеңімпаз анықталды. Олар: кенші, акробатикалық спорттан халықаралық спорт шебері Диль Даниель, дәрігер, волонтер Дарын Әбілжанов, ұшқыш қызымыз Ботай Ардана, кәсіпкер Пак Виктория, әнші, виртуоз музыкант Әбілдин Арыстан және театрымыздың талантты әртісі Дина Заитова.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалар мен іс-шаралар бірнеше жыл көлемінде іске асып келеді. Жұмыстың қарқынды әрі нәтижелі болуына, біріншіден, мемлекет пен халықтың қолдауы әсер еткені сөзсіз. Одан бөлек көмек көрсетуге ниетті демеушілер бар ма?

— Бағдарлама аясында іске асып жатқан шараларға облысымыздың меценаттары да белсенді қатысып, өз үлестерін қосуда.

Мысалы, «Туған жер» арнайы жобасы аясында Қарқаралы ауданының тумасы Н. Қалтаев отбасы тектес балалар үйлерін ашып, ойын алаңдарын салып, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтуда көмек көрсетіп отыр.

— Айтбай мырза, енді жылды қорытындылап, нақты нәтижелерді атап кетсеңіз.

— Жалпы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, өңіріміз бірқатар жетістікке қол жеткізді.

Жыл басында Президентіміз Қ. Тоқаев «Қайырымды істер марафонын» бастап берген еді. Марафон қорытындысы Павлодар қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрінің қатысуымен өтті. «Қайырымды істер марафоны» бойынша «Ең қайырымды өңір» номинациясында 3-орынға жайғассақ, «Ең қайырымды ЖОО» номинациясын академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жеңіп алды.

Сонымен қатар бұл шарада «Жомарт жүрек» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Біздің өңірден «Туған өлке» номинациясында Нұрлан Қалтаев үздік болса, «Жыл меценаты» Сапар Ибкеев және «Жыл тұлғасы» Бақтыбай Жүнісов деп танылды.

«Үздік жобалар жинағына» Қарағанды облысынан «Жетістік формуласы» және «Менің атам, менің әжем» жобалары енді.

Бұл — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан өңірлерінде іске асырылатын ең үздік жобалар жинағы.

Бағдарлама аясында өтіп жатқан іс-шаралар мен жобалар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді.

Биылғы 2022 жылға арналған «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жоспарына 50-ге жуық іс-шара мен жобалар енді.

Олардың қатарында өткен жылда үздік болған «Менің атам, менің әжем» отбасылық байқауы, «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы аясында іс-шаралар кешені, халық ауыз әдебиеті мен ұлттық ойындар жарысы, облыстың мектеп оқушыларына арналған өңірдің киелі жерлеріне экскурсиялар мен зияткерлік сайыстар, «Жомарт жүрек» байқауы, туған ауылының дамуына үлес қосып отырған азаматтар жөнінде «АZAMAT» жобасы, пікір- сайыстық турнирлер мен бейнероликтер түсірілімі бар.

Сонымен қатар А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Алаш мұрасы — Ұлт мұраты» республикалық конференциясы, «Ахмет жолы» Қарқаралыға бағытталған экспедиция, әлеуметтік желілерде арнайы «Ахметтің ақ жолы» айдары, «Ахмет оқулары» байқауы жоспарланып отыр

Оған қоса Қарағанды облысы қасиетті жерлерінің смарт- картасын әзірлеу жоспарда бар. Осы және өзге де жоспарланған шаралар мен жобалар қаржыландыруды талап етеді.

— Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»