Ардагерлер бас қосты
Облыстық тарихи- өлкетану музейінде 10 ақпанда Қала күні құрметіне Қарағанды қаласының ардагерлері жас ұрпақ өкілдерімен кездесіп, естеліктерімен бөлісті. Кездесуді музей қызметкерлері мен қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов кездесуді ашып, арнайы шақырылған қонақтарды таныстырды. Михаил Петраков 1934 жылы туған екен, яғни ол қаланың құрдасы болып шықты. Қарт шахтер еселі еңбегі мен алған білімінің арқасында қатардағы кеншіден «Қарағандыкөмір» бірлестігі сияқты алып өндірістің бас директорының көмекшісі дәрежесіне жетеді. Ал оның замандасы Владимир Литвинов еңбек жолын кенші болып бастап, энергетика саласына ауысады. Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі құрметті атағына ие болады. Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Анатолий Бакеев те еселі еңбегі арқасында облыстық тұтынушылар одағында лауазымды қызмет атқарған. Ардагерлер қаланың 50–70 жылдардағы келбеті туралы қызықты естеліктер айтты. Ескі қаладағы Қазақ драма театрының бір кездегі келбетті ғимаратын, трамвай желісін, шахтерлер мекенінің символы болған террикондарды және т. б. тарихи оқиғаларды еске алысты.
Кездесуде облыстық архив қызметкері Ольга Беркун заманауи техникалық құралдар арқылы ескі фотосуреттерді көрсете отырып қала тарихынан сыр шертті. Ал облыс журналистикасының тарихын зерттеп жүрген ардагер журналист Аман Жанғожин қаланың алғашқы газеттері туралы тың деректер келтірді. Қарағандының тұңғыш көшпелі газеттері 1931 жылы «В поход за уголь» және «За уголь Караганды» деген атпен шығып тұрыпты. Алғашқысын ақпан айында ақмолалық журналистер шығарса, екіншісін шілде- тамыз айларында мәскеулік қаламгерлер жариялап отырған.
Кездесуге қатысқан жастар ардагерлердің ғибратты естеліктерінен зор әсер алды.
Өз тілшімізден