Екі қожайыны бар жерлер

Қарағанды  облысына  қарасты Осакаров  ауданының  фермерлері заңды жолмен алған жер телімдерін пайдалана алмай отыр. Себебі көрші өңірден өзге қожайын  шыққан. Дәлірек  айтсақ, шекарадағы бұл 17 мың гектар участок қайсібір  жылдары  Павлодар облысының  шаруаларына да беріліпті, қолдарында тиісті құжаттары бар екен. Сонда айналдырған бір жер телімі екі бірдей адамның атына  қалайша рәсімделіп кеткенін қазір жауапты мамандардың өздері де айта алмай отыр.

Мысалы, Молодежный кентінде тұратын жас фермер Темірлан Егізеков былтыр ғана 2 мың гектар жерді жалға алып, көпжылдық шөп өсірмек болған. Алайда жоспары жүзеге аспады. Көрші облыстан екінші қожайын табылып, тез арада жерді босатуын талап еткен.

— Еліміздің кей аймағында болған қуаңшылық төрт түлік бағып, күн көріп отырған халыққа ауыр тиді. Жұрт мал азығын таппай қиналды. Осыны ескеріп, біз шұрайлы жерге көпжылдық шөп өсірмек болғанбыз. Өткен жазда жерді жыртып, дайындадық. Сол кезде механизаторларға белгісіз адамдар келіп, бұл жер біздікі, танбандарыңды жалтыратыңдар деп қоқан- лоққы көрсетіпті. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Көктемгі дала жұмыстарына кірісейік десек күдік бар, — дейді фермер Темірлан Егізеков.

Айтуларынша қазір ауданның 6 бірдей фермері осындай даулы жағдайда қалып отыр.

” 17 мың гектар жердің бірнеше қожайыны бар. Тиісті құжатты Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы жəне Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы жауапты мекемелер берген.

Бірақ Осакаров аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Береке Есіркеповтың айтуынша, Қарағанды өңірінің фермерлері ол жерлерге ұзақ жылдан бері егін егіп келеді. Осы күнге дейін ешкім келіп мазаламаған. Тек 2019 жылы еліміз бойынша бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынып, прокурорлар тексеріс жүргізуді бастағанда әлгі даулы жерлердің Павлодар облысындағы қожайындары пайда болған. Енді олар дайын жерден еншілерін алуға барын салып жатыр екен.

— Өкінішке қарай, бұл жерде бар мәселе картаның дұрыс сызылмауынын туындап отыр, — дейді Осакаров аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Береке Есіркепов.

Мәселен, олар фермерге беретін жер телімін мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша сызған кезде оны Павлодардағы әріптестері көре алмайды. Тиісінше, көрші өңірдің мамандары дәл сол участокты шаруаларға бөліп бергенін де біздің тарап білмейді. Электронды жүйенің шикілігінен қаншама адам зардап шегіп отыр.

Жалпы бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына 80 жылдан асыпты. 1952 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесінің арнайы қаулысы шыққан. Онда бұл жер телімі Қарағанды облысына тиесілі екені анық жазылған. Ол дерек мұрағат құжаттарында сақталған екен. Бірақ осы күнге дейін Павлодар облысының шекарасынан қалайша шығарылмағаны жұмбақ. Облыстың құзырына жатпайтын даулы мәселеге нүкте қоюды сұрап Осакаров ауданының мамандары ауылшаруашылығы министрлігіне сан мәрте хат жолдаған, бірақ әзірге нәтиже болмай тұр. Жұмысты ширату үшін қазір аудан шаруа қожалықтары сотқа жүгінді.

Асыл АЙБЕК,

«QH»