Жәдігерлер шеруі
Облыстық тарихи- өлкетану музейі 90 жылдыққа орай танымдық, тарихи тың жобаны қолға алды. Жаңа жоба аясында ай сайын тақырыптық жәдігерлер жұрт назарына ұсынылатын болады. «Жәдігерлер шеруі» қазірдің өзінде жұрт қызығушылығын туындатты.
Тақырыптық коллекциялар ұсынылатын ерекше көрмеде көптің назарына өлкенің бай тарихи- мәдени мұрасы ұсынылатын болады. Өткен дәуірлерден сақталған сирек кездесетін жауһар дүниелермен суретке түсуге де болады. «Жәдігерлер шеруі» арқылы бұл жолы әскери құрал- жабдықтар таныстырылды. Экспозицияда суық қарудың тоғыз түрі ұсынылған. Көненің көзіне айналған көркем мұралар ерекшеліктерге толы. Мұнда темір дәуірінен келе жатқан ақинақ қылышы мен қазақтың алдаспан қанжарлары қойылған. Онымен қоса бұл көрмеден жапондықтардың катана қылышын да кездестіруге болады. Тағы бір ерекше көне бұйымның бірі янычар қылышы. Сүйектен сабы сомдалып, күміспен көмкерілген қылыш жүзінен қанның ДНК-лары табылған. Осындай құнды мұраларды көрген көрме қонақтарының қызығушылығы ерекше. Жыл аяғына дейін жалғасатын жоба аясында мұражай түрлі көрмелер ұйымдастырып, жоспарланған тақырыпқа сай коллекциялар ұсынбақ
«Жәдігерлер шеруі» шеңберінде наурызда көрме қонақтары тұрмыстық заттармен таныса алады: сырмақтар, текеметтер, «Зингер» тігін машиналары, 1900 жылы шыққан самаурындар. Сәуір айы ғарышқа арналған. Мамыр айында көрме соғыс жылдарындағы хаттардан, күнделіктерден, армия жабдықтарынан, марапаттардан тұрады. Маусым айында мұражай қонақтары ХХ ғасырдың 40–80 жылдарындағы ойыншықтар коллекциясын көреді. Шілде айында — музыкалық аспаптар. Тамыз айында — облыс аумағынан табылған археологиялық артефактілер. Қыркүйек айында — сирек кітаптар, Құран, дастандар және т. б. Қазан айында көрмеде Қарағандының ұзақ өмір сүрген әйелі Сахан Досова туралы материалдар қамтылады. Ежелгі монеталар көрмесі қараша айында болады. Желтоқсан айында «Сүйікті мұражайға сыйлық» акциясы бойынша жыл бойы жиналған экспонаттар көрмесі жылды аяқтайды.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»