Мектеп автобустары пайдалануға беріледі
Қарағанды облысының Саран қаласындағы «QazTehna» зауыты биылғы жылдың қыркүйек айына дейін 300-ге жуық мектеп автобусын шығарып, пайдалануға бермек.
Құрастырылған көліктің барлығы ішкі нарыққа жөнелтіледі. Бүгінде зауыт жолаушылар тасымалына арналған ондаған жаңа модельдегі автобус құрастырып жатыр. Сайман- бөлшектер мен көліктің терезесі, қала берді дөңгелегі де жеке-жеке жеткізіледі. Кейін осында құрастырылып, боялып, толық техникалық байқаудан өткізіледі. Артынша «Қазақстанда жасалған» маркалы автобустар ішкі нарықта тозығы жеткен автобустарды алмастырады. Соның ең басты бағыты — мектеп автобустары.
— Біздің мектеп автобустарымыз барлық талаптарға сай. Онда қауіпсіздік талаптарының барлығы қатаң сақталған. Яғни шанақтың каркасы өте мықты, замануи қауіпсіздік белдіктері және арнайы орындықтар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы көтергіші бар. Зауытта 400 адам қызмет етеді. Олардың барлығын серіктестік өз қаржысына оқытып, білімін жетілдірген. Осыған қарамастан, әлі де болсын тәжірибелі мамандар қажет, — дейді «QazTechnа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Арғұлан Майконов.
Зауытта оқыту сыныптары ашылған. Орталық тікелей мамандарды қайта даярлауға жауапты. Бүгінгі күні 8 мамандық бойынша қызметкерлерді қайта оқытуға мүмкіндік бар. Жұмысшылар жұмыс барысынан алыстамастан жоғары білім алып шыға алады. Ол үшін облыстағы 2 университетпен келісімшарт жасалған. Зауыттың жылдық қуаты әзірге 1 200 автобус, алда бұл межені екі есеге дейін арттыру жоспары бар. Себебі ТМД көлемінде теңдесі жоқ зауыттың өніміне шетелдіктер де қызығушылық танытып, экспортқа шығаруды сұрап отыр.
Өңірдегі алғашқы мектеп автобусын ел президенті Қасым- Жомарт Тоқаев 2020 жылы ашылған Қарағанды қаласының № 104 жаңа мектепгимназиясына сыйға тартқан болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 5 мамырында Қарағанды облысының әкімдігі мен инвестициялық консорциум арасында автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт құру туралы келісімге қол қойылған.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»