Кеншілер талабы орындалсын
Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек кеншілердің бастамашыл тобымен кездесті. Жиында «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін келісім комиссиясы қабылдаған «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы ұжымдарының талаптарын орындау барысы талқыланды. Енді бұл процесc облыс әкімінің жеке бақылауында болады.
Бүгінгі таңда компания белгіленген 12 талаптың барлығын дерлік орындады. Тек персоналдың нормативтік саны, техникалық жабдық аудитін ескере отырып, инвестициялық бағдарламаны жаңартуға қатысты бірнеше жұмыс әлі орындалмады.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Әлішер Әбенов көлік паркін жаңарту туралы баяндама жасады. Айтуынша, бес жаңа автобус сатылып алынған, жақын арада тағы жетеуі жаңарады. Компания жалпы саны 56 жаңа автобус сатып алуға уәде берді.
Сондай-ақ кездесу барысында кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға салынды. Естеріңізге сала кетейік, оны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен бір миллиард теңге бөлінген. Барынша көп адамды қамту үшін бағдарламаны Отбасы банкі де қосымша қаржыландырады. Банктің Қарағандыдағы филиалының директоры Бауыржан Жуаспай кәсіподақ өкілдері 67 адамнан тұратын алғашқы тізімді бергенін мәлімдеді.
Кеңесте моноқалаларды дамыту мәселелері де сөз болды.
Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтоновтың айтуынша, биыл қалада бес қабатты үй салу жоспарлануда. Жаңа пәтерлердің бір бөлігі кеншілер отбасына берілмек. Абай Құнанбаев орталық даңғылын жөндеу жұмыстары басталады. Қалалық мәдениет және демалыс саябағын абаттандыру аяқталу кезеңінде. Кеншілердің өтініші бойынша Шахтинск қаласында заманауи хоккей корты салынуы тиіс.
Ал Саран және Абай ауданының әкімдері тұрғын үй салу жоспарларымен бөлісті. Саран қаласының басшысы Ержан Темірханов газдандыру мәселесіне тоқталып, көгілдір отын құбырларын өткізуді Ақтас кентінен бастағысы келетінін айтты.
Абай ауданында «Абай» шахтасының жолын жөндеу жұмыстары аяқталады. Кеншілер Вольный кентінде дәріхананың жоқтығына шағымданып, «Абай — Вольный — Қызыл» бағыты бойынша автобус рейстерінің санын көбейтуді сұрады. Аудан әкімі Бауыржан Асановтың айтуынша, аталған мәселелер жақын арада шешімін табады.
2021 жылдың қараша айынан бастап біз ай сайын облыс әкімімен, компания басшылығымен кездесеміз. Мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі кеншілер ұжымдарын толғандыратын барлық мәселені қарастырамыз. Соның нәтижесінде бірқатар істің басы шешілді, — дейді «Тентек» шахтасының тау-кен шебері Нұрболат Әбдірахманов.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс тобы барлық мәселе толық шешілгенше жұмыс істейтінін атап өтті.
— Кеншілер ұжымдары талаптарының орындалуы әлі де бақылауда болады. Жауапты қызметкерлерден уақытылы әрі нәтижелі жұмыс істеуін сұраймын. Бір айдан кейін осындай форматта тағы бас қосатын боламыз, — деді өңір басшысы..
Өз тілшімізден